«Кравец» қоқысты қайда төгеді?

0 139

Астана қалалық Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Астана эко-полигон НС» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызметкерлері мен тәртіп сақшылары қала тазалығының сақталуын қадағалауға қатысты арнайы рейд өткізген еді. Рейд барысында көптеген заң бұзушылықтар анықталды.

ERM_7515

Әуелі дабылды «Астана эко-полигон НС» МКК-ны көтерді. Өйткені, бұл кәсіпорынмен қаладағы бірнеше ұйымдар полигонға қоқыс әкеліп төгуге байланысты келісімшарт жасасқан екен. Соның ішінде, «Кравец» ЖК-гі алты ай бойы полигонға бір тонна да қоқыс тасымаған. Мәселен, осындай келісімшарт бойынша жұмыс істейтін «Мейр-М» ЖШС жыл басынан бері полигонға 721,7 тонна қоқыс әкеліп төксе, «Irose roca» ЖШС алты айда 1885,74 тонна қоқыс кіргізіпті. Басқа серіктестіктердің де көрсеткішін осылай тізе беруге болады. Ал, «Кравец» ЖК-гі болса, бір тонна түгілі, келі тартатын қоқыс та әкелмеген. Сонда бұл жеке кәсіпкерлік қала қоқысын қайда апарып төгіп жатыр?

– Негізі қала бойынша қоқыс қабылдайтын мекеме – жалғыз біздің кәсіпорын. Оның үстіне «Кравец» ЖК бізбен келісімшарт жасасқан. Сол бойынша жеке кәсіпкерлік бірнеше ПИК-мен келісімге келе отырып, олар қызмет көрсететін көп қабатты тұрғын үйлердің қоқысын полигонға әкеліп төгуі керек. Қазір рейд барысында «Кравец» ЖК қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативтерімен кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтаймыз, – деді жол бастап келе жатқан басшымыз «Астана эко-полигон НС» МКК директорының орынбасары Болат Өскенбаев.

Шілде айының 7 күні осындай мақсатпен атқа қонған арнайы комиссия, ең алдымен, Шәмші Қалдаяқов көшесінде №1 көп қабатты үйге келіп тоқтады. Осы аумақтағы тұрғын үйлерге «Гранд-Астана сервис» ЖШС ретінде тіркелген пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді екен. Бұл үйлердің қоқысын «Кравец» ЖК жинайтын болып шықты. Тексеру барысында «Гранд-Астана сервис» ЖШС мен «Кравец» ЖК арасында жасалған келісімшартқа назар аударылды. Екеуара жасалған құжат негізінде біріншісі қоқыс жинайтын кәсіпкерлікке ай сайын 257 040 теңге төлеп отырған. Екіншісі де міндеттемеге сай көп қабатты үйлердің қоқыс жәшігіндегі қалдықтарды уақытылы алып кетеді. ПИК басшыларының айтуынша, өздері бұл кәсіпкерліктің жұмысына риза, қоқыс жәшігі уақытылы жиналмай қалған кездер мүлдем орын алмаған. Үнемі тап-таза қылып жинайды екен. Бірақ, «Кравец» ЖК-нің қоқысты қайда апарып төгетінінен бейхабар болып шықты.

– ПИК пен жеке кәсіпкерлік арасындағы келісімшартты қарап шықтық. Былай қарағанда, екі тарап та өз міндеттемелерін орындап отыр. Бірақ тағы бір жай біздің көңілімізді күпті қылып тұр. Бізбен келісімшарт жасасқан кәсіпорындар полигон аймағына қоқыс әкеліп төккенде, оның әр тоннасы үшін 2248 теңге төлеуі керек. «Кравец» ЖК-нің келісімшартын қарасақ, ол ПИК-не әр тонна қоқысты 600 теңгеге шығаруға келіскен. Сонда қалай? Кәсіпкерлік бізге төлейтін шығынды жауып, оның үстінен сәл пайда табуы үшін ПИК-пен келісімшарт жасасқанда, әр тонна қоқысты кемінде 3500 теңгеден тасымалдайтындай болып уағдаласар еді. Бізге осы арасы түсініксіз болып тұр, – деп иығын көтерді Болат Ахметқалиұлы.

Сонымен, рейд барысында «Кравец» ЖК-нің қоқысты қайда төгетіні комиссия мүшелеріне жұмбақ күйінде қалды. Дегенмен, олар бұл мәселенің анық-қанығына бірер аптада көз жеткізіп, тиісті шара қолданатындарын мәлімдеді.

Бұдан соң рейдке қатысушылар Л. Толстой көшесіндегі автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін орталықта және №4 автобус паркі аумағындағы көпшілшік асханада болды. Тазалық мәселесін ақсатып алған бұл екі нысан қожайынына тиісті шара қолданылып, айыппұл салынды.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 5 =