«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көз тартатын орынға айналады

0 48

Елорданың іргесіндегі Талдыкөл суы зиянды қалдықтардан тазартылған соң аумағы абаттандырылып, бас қалаға қарайтын осы жер болашақта шаһар тұрғындары демалатын аймаққа айналады.

elorda club каз

Кіші Талдыкөл маңына экопарк салу туралы шешімге елорда жұртшылығы оң көзқарас танытуда. Олардың бір тобы Кіші Талдыкөлде салынатын экопарк ертең-ақ қаламыздың көркіне көрік қосатынын жеткізсе, екіншілері мұндай экопарктердің салынуы қала тұрғындары үшін ғана емес, сырттан келетін туристер үшін де өте пайдалы екенін атап өтті.

Расында да, мұндай экопарк елімізде бұрын-соңды болмаған. Осыған орай, қоғам белсенділері оның тек бас қалада ғана емес, облыс орталықтарында, тіпті жағдай болып жатса, өзге де қала-аудандарда қолға алынып жатса, онда ұлттық экологиялық мүддемізге сәйкес келетінін де тілге тиек етуде.

Мамандардың мәлімдеуінше, жасанды су көздерін жасау тәжірибесі Еуропа елдерінде көп кездеседі. Ондағы табиғи және жасанды су қоймалары, атап айтсақ, тоғандар мен арықтар биоәртүрлілікті сақтау көзі. Тағы бір маңызды тұсы, мұндай экопарктер өскелең ұрпақ өкілдерінің бойында экологиялық мәдениеттің, экологиялық саясат пен экологиялық көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді екен.

DSC_1017+++

Ақерке АБЫЛАЙХАН, химия ғылымдарының докторы:

– Талдыкөл маңында экологиялық парк ашылатыны қала әкімшілігі тарапынан қабылданған өте ұтымды шешім деп ойлаймын. Қала тұрғындарына жақсы демалыс орны болса, қала баласының бойына табиғатпен үндестікті баулитын орын болады деп сенеміз. Бұл жерде ең бастысы жануарлар әлемі – фаунаға ерекше көңіл бөлінсе.

Корея мемлекетінде іссапарда болғанымда балабақша, мектеп жасындағы балалардың экологиялық паркте жануарлар әлемімен танысып, практикалық сабақ өтіп жүргенін көргенде қатты қызыққан едім.

Ал Еуропаның кез келген қаласында экологиялық парк бар. Әлі есімде, Германияда оқып жүргенде, туған жерден жырақта жүріп елді сағынғанда, осы парктерге барып табиғатпен сырласып қайтатынмын. Сондықтан бұл идеяны білім саласының маманы ғана емес, қарапайым қала тұрғыны ретінде қолдаймын.

Аслан КАНДЫГУЛОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Урбанистика орталығының маманы, сәулетші:

– Бүкіл әлемде урбанизацияның күшеюі барысында көптеген ірі қалалар табиғи аймақтармен байланысқа түседі. Бір кездері елорданың сол жағалауында су тасқыны мен батпақты жерлер көп болғаны баршаға мәлім. Елорданың экономикасы мен дамуының мұндай қарқынды өсуін ешкім болжамағанмен, қазіргі күні бас қала қарқынды даму үстінде.

Тарих көрсеткеніндей, әрбір онжылдықта халық саны екі есе өседі. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы халқының саны 1 миллион 280 мыңға жуықтаса, 2030 жылы оның саны 2 миллионнан асады. Сарапшылардың айтуынша, көші-қон мен туу көрсеткіштерін есепке ала отырып, елорданың сол жағалауында ғана тұрғындар саны 330 мыңнан 869 мыңға дейін өседі деп болжануда.

Сонымен қатар бүкіл әлемде эко-урбанизм тұжырымдамасы көпшілікке барған сайын таныла түсуде. Тұрақты урбанизм табиғи және қалалық әлемді ыңғайластыра біріктіріледі, ал қалалық инфрақұрылым қолданыстағы экожүйеге мұқият біріктірілген кезде қалалық оазистерді жасайды. Бұл ретте адамдардың туған жерінде, ауданында, ауласында күн сайын табиғатпен араласу мүмкіндігі болатыны құптарлық.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, сулы-батпақты жерлерді дамытудың тұрақты стратегиясына орай негізінде Үлкен және Кіші Талдыкөл экопарктерді құруға жарамды. Болашақта бұл табиғат бұрышы қала тұрғындарының сүйікті орнына айналуы мүмкін. Осы ретте ландшафт дизайнының принциптерін ескеру маңызды.

Жалпы экопарктер – бұл адамдар, қауымдастықтар, инфрақұрылым және қоршаған орта арасындағы қарым-қатынасты біріктіретін экожүйе. Стратегия табиғи ортаны сақтау, биоәртүрлілікті арттыру, тұрақты экология­лық шешімдерді пайдалану және серуендеуге арналған инфрақұрылымды құру сияқты тұжырымдамаларды қамтиды.

Айжан УТАРБАЕВА, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті «Экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

– Қоғам мен қала билігінің назарын қоршаған ортаның, әсіресе үлкен антропогендік жүктемені бастан кешіп жатқан мегаполистердің экологиялық жағдайына аударуды өте уақытылы көтеріліп отырған мәселе деп санаймын.

Рекреациялық аймақтарды құру – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және қалалық экожүйелердегі нәзік экология­лық тепе-теңдікті қалпына келтіру шараларының бірі.

Кіші Талдыкөл аймағының айналасында экопарк құру – елордамыздың экологиялық жағдайын жақсартудың, су экожүйесінің флора мен фаунасының бірегей түр құрамын, оның ішінде жойылып кету қаупі төнген құстар мен басқа да тұрғындардың түрлерін сақтаудың айқын мысалдарының бірі. Сондай-ақ экопаркті астаналық қала тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша демалыс орнына айналдыруға әбден болады деп есептеймін.

Бұл жобаның тағы бір артықшылығын мектеп жасына дейінгі жастан бастап, мектеп оқушылары мен студенттер арасында экологиялық тәрбие беру, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениеті мен дүниетанымын қалыптастыруға негіз ретінде пайдалануынан көруге болады. Менің ойымша, елордада жоспарланған экопарктің қалалық экожүйелердің биоәртүрлілігін сақтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндігі бар.

Раушан ДОСХОЖИНА, қала тұрғыны:

– Білуімше, елордада экопарк салу идеясы қоғамда қызу талқылануда. Тұрғындар үшін қала шетіндегі аумаққа демалыс паркінің салынуы – үлкен мерей. Қауырт жұмыстан шаршаған сәтте отбасымызбен, немерелерімізді ертіп, таза ауамен тыныстап, жасыл желек арасында серуендегенге не жетсін. Егер көл тазартылып, ондағы инфрақұрылым реттелсе, айналасы абаттандырылып, жанына жаяу жүргіншілер жолы салынатын болса, бұл қала тұрғындары үшін жақсы демалыс орнына айналары сөзсіз. Кіші Талдыкөлдің аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болса, онда елордалықтьар ғана емес, алдағы уақытта қала қонақтарының да көптеп келері анық. Бұл ретте тұрғындардың өмір сүру жайлылығын қалыптастыруды басты назарда ұстау керек. Жалпы кез келген қалада саябақтардың көптеп салынуы қала тұрғындары үшін ғана емес, сырттан келетін туристер үшін де өте пайдалы екені белгілі. Сондықтан қалалық саябақтың салынуын құптаймыз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды