КӨЗ ҚУАНТҚАН КӨБЕЛЕКТЕР

0 229

Жаз келсе, көк орай шалғында көбелек қуып ойнайтын балалықтың бақытты сәттері қол жетпестей болғалы қашан. Әсіресе, қалада туып, қалада өскен сәбилер үшін. Содан да болар, гүлзар бақтағы гүлдердің арасында әдемі көбелектерге көзіміз түсе қалса, кәдімгідей қуанамыз.

Иә, қызыл ала, ақ-сары, көгілдір көбелектер біреуге балалығын есіне түсірсе, енді біреуді жаратылыстың сұлулығындай еліктіріп, еріксіз тамсандырады.

Ағайынды Жанна мен Ернар тропикалық көбелектерді Астанаға алып келіп, батыл ойларын жүзеге асырып жүрген жандар екен. «Думан» ойын-сауық орталығында ашылғанына жыл толған «Көбелектер көрмесі» соның дәлелі.

– Бұл жұмысты бастамас бұрын, тыңғылықты дайындықтан өттік. Лондон, Канада, Ресей ботаникалық бақтарында, көбелек өсіретін фермаларда болып, тәжірибе жинадық. Астана жағдайында көбелек өсірудің мүмкіндіктерін зерттей келе, тұрақты көрмемізді аштық,– дейді Ернар.

Көбелектер (латынша – Lepidoptera) – әлемге кең тараған әрі әдемі ғажайып жәндіктің бірі. Бұл жәндіктер, ғылыми тілмен айтқанда, голометаморфоздық жолмен көбейеді. Олардың тіршілік айналымы төрт кезеңді құрайды: дернәсіл, құжынақ, қуыршақ қалпынан имаго, яғни, тірі көбелекке айналады. Жаратылыстың ғажабы мен құпиясы деп жыбырлай жылжыған құрттан көкке ұмтыла желбірей қалықтаған керемет көбелектің пайда болғанын айтуға болатын шығар. Расында, сұрықсыз нәрседен тамаша тіршілік иесі пайда болуының өзі табиғаттың ғаламат құбылысы емес пе?!

– Біздің көрмеде тропикалық көбелектердің соңғы екі циклі көз алдымызда өтеді. Яғни, өсіруге қолайлы болу үшін алғашқы екі кезеңнен өткен «қуыршақтарды» ғана алып келеміз. Олар осында келген сәтінде тамаша көбелекке айналады. Қуыршақтарды ұстайтын жердің температурасы 30 градустан төмен болмауы керек, мейлінше тропикалық климатқа жақындатып, ылғалдылық мөлшерін сақтау керек. Ол үшін арнайы құрал арқылы ауаға бу жіберіп, ылғалдандырамыз. Көбелектерді жемістің нәрімен, су араластырылған балмен қоректендіреміз. Алғашқы кездегідей емес, қазір біздің көбелектерге деген мамандардың ықыласы артты. Жоғары оқу орындарының студенттері ғылыми жұмыстарына дайын материал ретінде зерттей бастады. Мектеп оқушыларының қызығушылығы ерекше. Жаңа оқу жылынан бастап табиғаттану пәнінің сыныптан тыс сағаттарын осында өткізуді жоспарлап отырмыз. Қаладағы көбелек түрлерін жинақтаушылар да арнайы тапсырыс беріп, өздеріндегі жоғын бізден алып, жиынтығын толтырып жатады», – дейді Ернар жаңалықтың қолдау тапқанына қуанып.

Көбелек түрлерін жинақтау дегеніміз – арнайы бір әңгіме. Оны ежелден келе жатқан ермек десе болады. 18-ғасырдың өзінде-ақ, коллекционерлер өздерін «аурелианбыз» деп атаған екен. Бұл латын тілінен аударғанда «aures» «алтын» деген мағынаны білдіреді. Ал, 19-ғасырда ауқатты үйдің төрінде кептірілген көбелектердің жиынтығын іліп қою сән болыпты. Одан бері бұл іспен көптеген атақты адамдар айналысыпты, әлемге белгілі қаржыгер Уолтер Ротшильд 2 миллион 250 мың дана көбелек жинаған екен.

Әрине, энтомологиялық жиынтықтың кез келген түрі сияқты бұл да жеке және ғылыми деп бөлінеді. Жекесінде жинақтаушының мүмкіндігі мен талғамына қарай түрі мен пішіміне мән берсе, ал ғылыми жиынтық, жүйелі түрде зерттеліп, тек ғылыми ортаға ғана арналып топтастырылады.

Тірі көбелекті пәтерімізде ұстауға болады ма?! Оңай емес, оның басты қиындығы – ауа ылғалдылығының төмендігі болса керек. Құрғақ ауада тропикалық көбелектердің мұрттары мен аяқтары сынып кетеді.

Ауа құрамын арнаулы құралмен өлшеп су бүріккішпен ылғалдап ұстауға болады. Түнде қағаз қораптың түбіне ылғалды шүберек салып, жауып қою керек. Көбелектер жабық қорапта тұншықпайды.

– Ерекше тропикалық көбелектің қанатының ұзындығы 30 см болып келеді. Өте әдемі, тұрқы А-4 қағазының көлеміндей көбелек, бар болғаны, төрт-ақ күн өмір сүреді. Жалпы көбелектердің американдық түрлері бір біржарым ай, азиялық түрлері үш-төрт апта ғана өмір сүреді. Көбелек өсіру аса қымбат кәсіп дер едім. Шетелден арнайы алып келген қуыршақтардың кейбірі жол үстінде қанатын жайып, қалыпты ауаның болмауынан өліп қалады. Сонда да, әдемі көбелектерді көргісі келетін, сұлу жәндікті бір-біріне сыйлағысы келетіндер жетерлік. Сол себепті, тәуекелге барып, қыстың  суығы, жаздың аптабы демей, осы шаруашылықты дамытып отырған жайымыз бар,– дейді астаналық көбелек өсіруші Ернар Нығманов.

 

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =