КӨЗ АЛДЫМДА КӨРКЕЙДІ

0 95

Астананың байырғы тұр­ғы­­ны­­мын. Елу жылдан астам уақыт­тан бері осы қалада өмір сүріп, еңбек етіп келемін. Ақмоланың тар да лас көшелерін, саман кірпіштен салынған тапал үйлері мен «Райгородок», «Элеватор» аудандарындағы батпақты әлі ұмыта қойған жоқпыз. Ол кезде қала Целиноград деп аталды. Пәтерлеріміз суық болғандықтан, қыста екі көрпе жамылып, қымтанып жататынбыз. Қатты желден жарық жиі өшіп қалатын. Көпқабатты үй­лер­­дің жоғарғы 3-4-қабаттарына су жетпеген кездер де болды. Сол тұста қалада монша, шаштараз, асхана, мәдениет орталықтары тым аз еді.

 

Бүгінгі Астанада өмір сүру әлде­қай­да жеңілірек әрі жайлырақ еке­ні­не ешкім де дау айта алмас. Қазір тұрғындарға ыстық және суық су үздік­сіз беріліп тұрады. Жарық пен жылу да тоқтаусыз. Биыл­ғы қыста қардың әдеттегіден көп жауғанын қалалықтар жақсы біледі. Соған қарамастан, тиісті меке­­­ме­­­лер­дегі жүйелі жұмыстардың нәти­­­же­­­сінде қала уақытында қардан тазар­тылып тұрды. Автобустардың қоз­ға­лы­сында да шектеу болып көр­ген­ емес. Жергілікті жұрттың жұмыс­­та­рына дер кезінде барып, үй­ле­­рі­не уақы­тында қайтулары үшін бар­лық мүм­кін­дік­тер қарастырылған.

Қазір Астанада 3547 сауда және қыз­мет көрсету нысаны жұмыс істей­ді. Олардың арасында 170 қонақ үй, 177 мейрамхана, 608 дәмхана, 25 асхана, 25 жаңа клуб, 42 супермаркет, 34 сауда орталығы, 24 базар, 1904 дүкен, 244 сән салоны, 202 шаштараз, 25 монша, сауықтыру орталығы, сонымен бірге көптеген ТЖС, аяқ киім жөндеу шеберханалары және т.б. бар.

Қаланы, мұндағы шағын аудандар­ды­ көрік­тендіру және көгал­дан­ды­ру бойын­­ша да көптеген жұмыс­­тар жүр­гізілуде. Әсіресе, маған Жел­тоқ­­­сан, Абай көшелері ара­сын­да­ғы­ орамның кешенді көрік­тен­ді­рі­луі,­ он­да­ғы гүлзарлар мен әртүрлі ағаштар, дәл ортада орналасқан «Өмір гүлі» субұрқағы ерекше ұнайды.
Сондай-ақ, Астанада қоғамдық көлік тасымалы, жол мәселесі өз шеші­­мін тапқан. Егер бұрындары ЛАЗ,­ ПАЗ автобустары болса, бүгінде біз қазіргі заман талаптарына сай жаб­дық­талған жаңа автобустармен қаты­нау­дамыз. Қоғамдық көлікпен тұрғындарды тасымалдау 58 маршрут­ бойынша жүзеге асырылып отыр. Бір­­ кез­дері 350-380 мың тұрғыны бол­ған қала­мызда қазір ресми дерек­тер­ бой­ын­ша 780 мыңға жуық, ал рес­ми­ емес мәліметтер бойынша бір­ мил­­лион­нан астам адам тұрып жатыр. Осының өзі қала бюджетіне жиі өзгерістер енгізуді талап етуде. Мәселен, денсаулық сақтау, білім сала­­ла­рында қордаланған мәселе көп.­­­ Сондай мәселелердің бірі – Аста­­­на­­ны азық-түлікпен тұрақты қам­­­та­­масыз ету. Бүгінгідей әлемдік азық-түлік дағдарысы жағдайында бұл аса маңызды мәселеге айналып отыр. Басқа облыс орталықтарына қарағанда Астананы мал және егін шаруа­шы­лығы өнімдерімен қам­та­ма­сыз­ етіп отыратын жақын аудандары жоқтың қасы. Сондықтан бүгінде азық-түліктің 72 пайызынан астамы Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, ҚХР, Бразилия және т.б. елдерден әкелінеді.

Екінші мәселе – коммуналдық қыз­мет­ төлемдерінің өсуі. Сонымен бірге қызмет көрсетудегі сапа мәдениеті. Оның деңгейі бүгінде аста­налық дәре­же­ге мүлде сай емес.­ Өт­кен жылы біздің қоғамдық бір­лес­тікке тұрғын­дар­дан 4700 өті­ніш-ескертпе келіп түскен. Солар­дың көбі кәсіпкерлер мен сату­шы­лар­дың, қызмет көр­сету­ші­лердің жұмысындағы сапасыз­дық­тарға қатыс­ты болып отыр. Бұл ретте мен осы салада еңбек етіп жүрген адам­­дар­­дың әрқайсысының өз ісі­не адал­дық танытып, өз қаласына құрмет­пен қараса деген ниет біл­дір­гім келеді. Сондықтан, біз сапалы қызмет көрсетуге көшуіміз керек деп есептеймін. Әсіресе, EXPO -2017 қарсаңында Астананы өрке­ниетті нарық қаласына, жоғары мәдениетті елордаға айналдыруға күш жұмылдырайық дер едім. Осы­ған­ орай, қала әкімдігінің жанынан­ үйлестіру кеңесін құрудың қажеттілігі туындап отыр. Кеңестің отырыс­та­рын­да қалалық мекемелер мен ұжым­дар­дың басшылары осындағы қызмет көрсетудің мәдениеті және тауар­лардың сапасы туралы баяндайтын болады. Ал, әкімдік өз тарапынан мамандығына берілген, таңдаулы кәсіп иелеріне құрмет көрсетіп отыр­са дейміз. Сонда әркім өз ісіне ұқыпты қарауға, басқалар секілді маман­­ды­ғы­ның шын шебері болуға талпынар еді.

Астананың қазіргі келбеті, күн сайын абаттана түскен көшелері мен қай­та­ланбас кейпі, Есілдің жаға­лау­ын­дағы кешкі көріністер мұнда алыс және жақын шетелдерден жиі келетін қонақтардың есінде ұзаққа сақталары ақиқат. Бас қалаға қарап, олар тұтастай Қазақстан туралы пікір қалып­тастырады. Сондықтан, бүгінгі таңда біз Астананы жиырма бірінші ғасырдың үлгілі қаласына айналдыруымыз керек.

Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ,
Астана қаласы «Әділет»
ТҚҚҚБ төрағасы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =