Көшті қолдау – тұтастығымызды қолдау

0 37

«Astana aqshamy» газеті көтерген көкейтесті мәселелер қоғам тарапынан талқыға түсіп, кейде мемлекеттік деңгейде шешім қабылданады. Мәселен, үш жыл бұрын басылым бетінде «Қозғал, халқым, солтүстікке!» («Astana aqshamy», Т.Тілеубай, 4 қыркүйек, 2018 жыл) деген тақырыппен сараптамалық мақала жазып, халқының саны көп оңтүстіктен теріскейге қоныс аударған жұрттың басын ауыртып, балтырын сыздатқан түйткілдерді ашық айттық.Көштің түйткілдерін тарқатып едік…

Кейін, дәлірек айтқанда, 2019 жылы («Astana aqshamy», «Қозғал, қазақ, солтүстікке!», Т.Тілеубай, 19 қазан, 2019 жыл; «Солтүстікке көшу неге сылбыр?», Қ.Үсемханұлы, 16 қараша, 2019 жыл) және 2020 жылы («Astana aqshamy», «Көш үмітті ақтады ма?», Т.Тілеубай, 4 маусым, 2020 жыл; «Солтүстікке көшу үмітті ақтады ма?», Қ.Үсемханұлы, 12 желтоқсан, 2020 жыл) бұл мезгіл мәселесіне қайтып оралып, тұрғындардың солтүстіктен көшіп, ол жердің халқының қартайып бара жатқанын, «Серпін-2050» атты жобаның серпіні сезілмегенін, көшіп келген жұрттың көпшілігі жұмыссыз жүргенін, жеке меншігіне жер ала алмайтынын және т. б. сынға алдық.
Теріскейге қоныс аударған жұрттың ең басты мәселесі – баспана. Мемлекет үш жылдың ішінде 3 мыңға жуық жаңа баспана салуды жоспарлады. Бірақ үй салуда сылбырлық бары рас. Бұл жерде әр ауылдың ахуалы әртүрлі екенін де естен шығармауымыз керек. Кейбір ауылдар жақсы дамыған, ал кейбірінде мектеп, дәрігерлік бекеттер жоқ. Тірліктен титықтаған жандардың тұрақтамауы содан. Өзекті мәселелер бірден шешіле қоймайды. Бірақ бұдан көш толастамайды. Керісінше, алдағы уақытта қарқын алады.

Теріскейдің тағдыры – мемлекет назарында

Мемлекет халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіруге ерекше назар аударып отыр. Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында солтүстікке көшіп барғандарға төленетін жәрдемақы көлемін екі есеге дейін, 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайтуға Үкіметке тапсырма берді. Бұл шешім әлеуметтік ахуалы төмен жандарға үлкен қолдау болғаны анық.
Мәселен, 2016-2019 жылдар аралығында еңбек күші артық өңірлерден солтүстікке 5 мың адам көшіп барған. Жұрттың теріскейде тұруға аса құлық танытпауының бір себебі – өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалының төмендігі. Осы жағдай кейбір тұрғындардың кері көшуіне, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының көршілес Ресейге қоныс аударуына түрткі болуда. Мәселен, 2020 жылы Қазақстаннан көшкен 29100 адамның 25139-ы Ресейді таңдаған. Әсіресе, мектеп бітіретін түлектердің Ресейдің университеттеріне түсіп, сол жақта қалып қойып жатқанын талай рет жаздық. Себебі алып көршіміз шетелден қоныс аударатын азаматтарға барлық жағынан қолдау жасап отыр. Қош делік.
Соңғы кездері Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты ақпараттық соғыс күшейіп келеді. Оның белең алғанын Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларының әртүрлі арандатушылық мәлімдемелерінен байқаймыз. Алайда арандатуға еру – арам ниеттілердің шашбауын көтеру деген сөз. Бұл орайда Қазақстан басшылығының ұстанып отырған позициясы көңілге қонарлық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси көрегенділігі, дипломатия­лық байыптылығы – ең ұтымды тәсіл. Жалған ұраншылдық пен әсіреұлтшылдықтан ешқашан опа таппайтынымыз белгілі. Сол себептен ел ішіндегі ұлы көштің шашбауын көтеріп, мақсат-мүддесін әр қазаққа дұрыс түсіндіруге тиіспіз.
Ал мемлекет бұл көштің үмітті ақтауы үшін тиісті шешімдер шығарып, нақты істерді жүзеге асыруға кірісті. Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жаңартылды. Өңірді дамытуға алдағы 5 жылда 2 трлн теңге инвестиция тартылады. Бұл қаражат жаңа жобаларды іске асыруға, жұмыс орындарын құруға және облыс экономикасының жаңа құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, АӨК саласында 52 сүт фермасы, 3 мал бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, құрама жем зауыты, жылыжай кешені салынады. «Қызылжар» сауда-логистикалық хабы құрылады. Еліміздің өзге аймақтарымен байланысты жандандыру үшін әуе рейстерінің саны айына 16-дан 68-ге дейін көбейеді. Туристік әлеуетті күшейту және спортты дамыту мақсатында Имантау-Шалқар курорттық аймағында көпфункционал­ды туристік кешен, Петропавл қаласында 3 мың орындық спорт сарайы бой көтереді. Облыстық көпсалалы ауруханамен қатар, өңірде 47 медициналық нысан пайдалануға беріледі. Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға арналған 400 орындық түзету мектеп-интернаты және 16 мектеп салынады. Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша жаңа жоғары оқу орны іске қосылады.
Үкімет алдағы 5 жылда облыстағы жұмыссыздықты жүгендейміз деп жоспар құрды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында 2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда 97 мың жаңа жұмыс орындары ашылатынын мәлімдеді. Өңірде қазір жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрайтынын ескерсек, жоспар нақты орындалатын болса, халықтың еңсесі көтеріліп, ертеңгі күнге деген сенімінің ұлғаятыны анық. Министр кешенді жоспардағы 80-нен аса іс-шаралар толық жүзеге асқан кезде 2025 жылға дейін өңірге 10 мыңнан аса адам қоныс аударатынын айтты. С.Шәпкенов жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында қоныс аударушылардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеу бағытында шаралар қабылданатынын хабарлады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 12 =