Көшпенділер көшесі

0 103

Астананың тойы өтті дүрілдеп…

«Хан шатырдың» оң қапталын жағалай ел қонды…

Ақ шаңқан киіз үйлер сонадайдан­ көз тартады. Іле-шала биік те кең отау көрінді. Думанды отаудан қалықтаған әуен құлаққа шалынады. Кіреберістен енгенде байқадық, ауылға алып баратын көшенің қос қанаты қатар-қатар балбал тастар. Бабалар қолтаңбасы қалған, тер сіңген, исі аңқитын балбал тастар… Содан кейін, иә, содан кейін…

Ақ отаудан қалықтайды ән-әуен

Әлгі биік те кең, думанды ақ отауға бас сұқтық. Түркі тілдес халықтардың жанымызға жақын әуезді ән-күйі қарсы алды. Таулы Алтайдан келген өнерпаздар Леонид Атугов пен Геннадий Самаевтардың өнері құлақтың құрышын қандырса, Рамазан Стамғазиев пен Айгүл Қосанова бастаған еліміздің дәстүрлі әншілері көпшіліктің ыстық ықыласына ие. Дәстүрлі «Астана-арқау» түркі музыкасының фестивалі, «Дауылпаз», «Інжу-маржан», «Мәңгілік сарын» сияқты концерттік бағдарламалар да халықтың көңілін көтерді.
Биылғы шараға саха, шор халықтарының өнерпаздары да келген. Мәселен, Ресейдің Кемеров облысынан келген музыкалық топ небары мың жарымдай ғана адамы қалған шор елінің сәлемін әкеліпті. «Мен Шууриядан келдім. Атым – Чыылдыз Танагашова. Біздің халық – мәңгі, біздің халық – дос» деп ағынан жарылады бірі.

Киіз үйдегі керемет

«Айналайын, қарағым, хал жақсы ма-ай?
Сала берме көзіңді әр жақсыға-ай,
Дедімай-ау!..»

Керегесі түріліп, түндігі ашылған сегіз қанатты ақ үйден естілген ән әрлі-берлі өткендерді елең еткізеді. Табалдырықтан аттағанда, ауылдың қоңыр тіршілігі еріксіз еске түседі. Қосылып шырқап отырған ақ жаулықты әжелердің бірі жүн түтіп, бірі келі түйіп, бірі кесте тігіп, бірі диірмен тартуда. Орталарындағы «арпа ішіндегі бір бидайдай» жалғыз ақсақал домбырамен сүйемелдейді. Бұл – «Әжелер» ансамблі. Әлбетте, мазалауға болмайды. Тек кірген ізімізбен кері шығып, келесі үйге енгенбіз.

…Киіз басуда. Шиге төселген, қошқармүйіз оюымен өрнектелген текемет әлі дайын бола қоймаған. Ыстық суын сеуіп, енді айналдыруда. Содан кейін білектейді, артынша тебеді… Текемет басып жатқан жеті адам: Кәмшат, Айна, Айсымбат, Жансая, Ләйла, Асан, Еркеш. Үй ішінде бұл жетеуден бөлек, үйренушілер де көп-ақ. Біздің сауалдарымызға Кәмшат жауап берді. «Екі күнде екі текемет бастық. Бұл – біздің Астана тойына тартуымыз, сыйымыз. Әрі ұлттық қолөнерді жаңғыртуға қосқан үлесіміз. Міне, жастардың қызығушылығы жоғары, талпыныс­тары қуантады» дейді ол.

«Бүркіт баптау – бабадан қалған кәсібім»

Томағасы сыпырылмаған, тепкісі кереқарысқа жақын, қомданып тұғырына қонақтаған бүркітті хабары бар қазақ он-он екі жасар екенін бірден байқайды. Іргелес тұғырдағы тағы екі қыран көкке емініп, тықыршиды, шаңқылдайды. Бұлар алғашқыдан жастау, жұмыртқадан жарып шыққандарына бес-алты жыл ғана болған-ау. Бүркітшіміз – мұрты енді тебіндей бастаған бозбала. Денесі – ірі, сөзі – салмақты, басындағы бөрігі мен қысқа етекті шапаны жарасып-ақ тұр. Есімі – Елдос.

«Бүркіт баптауды атам – Аятханнан үйрендім, Аятхан әкесі – Доқтырбайдан үйренген. Төрт бүркітіміз бар. Тарбағатай жақтікі. Біреуін ғана Алатаудың баурайынан әкелдік. Жаз бойы семіртеміз, қыста аңға саламыз. О-о, ол кез қызық қой» деген Елдос текті құстардың мінез-құлықтарын әңгімеледі.

Егде тартқаны бар, жасы, жасамысы бар, бір топтың «елу төрт, елу бес, елу алты…» деп айқайлап санап тұрғанын естіп, жақындай бердік. Шымыр денелі, қара жігіт жиырма төрт келілік қос кіртасты ауада шиіріп, көкке алпыс мәрте көтерді. Бұл – қостанайлық Алмас Бейсенбаев. «Жүзге дейін көтеретін едім. Жан-жақтан қаумалаған жұрттың арасында қиынға соғады екен. Әйтпесе, бала кезімізден көтеріп жүрген шойын болат қой» дейді ентігіп.

Төрт күнге созылған «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астанада» асық та атылды, айтыс та қызды, жылқыны билетіп, түйені сап түзеткен цирк те болды.

Ұлттық жәдігерлер сауда көрігін қыздырды

Бағытымызды көрмеге бұрдық. Жағалай жайылған ұлттық жәдігерлер көз жұтады. Бағалары да қол жетімді. Аралай жүріп, шеберлермен тілдесуді де ұмытпадық. Міне, домбыра, қазақтың қара домбыралары… Өскеменнен келген Ерболат Наурызбаевтың туындылары. Үш түрлі домбырадан отыз шақтысын әкеліпті. «Мен домбыра құрастыруда қызыл қайың, самырсын, емен, үйеңкі, қайың сынды бес-алты ағаш түрін пайдаланамын. Қылқобыз, шертер сияқты аспаптарды да жасаймын» дейді ол.

Алматылық шебер Есенәлі қамшының, ер-тоқымның түр-түрін қойған саудаға. Көпшілікті қызықтырғаны – күміс ер-тоқым. Бағасы қымбат қарапайым жұртшылық үшін. Төрт жүз елу мың теңге! Алайда, бұған төгілген тер де аз емес. «Үш ай уақытымды жұмсадым» дейді. Ал, Түркістан шаһарынан Астана тойына асығып жеткен Абайхан Ырысбаев үш жүзге тарта дүниесін ұсыныпты мұнда. Көбісі – қыш құмыралар, сазсырнайлар. «Менің қолымнан шыққан мына ыдыстар ЮНЕСКО-ның сапа белгісін жеңіп алған. Сондықтан болар, қызығушылар да көп, сатып алушылар да молынан, бағалары да қолжетімді» деп мақтанады оңтүстіктік шебер.

Сәті түскен сұхбат

Ділшад ХАҚБЕРГЕНОВ, шебер:

САМАРҚАННАН КЕЛДІМ АТ САБЫЛТЫП…

Қамал тектес көтерілген сауда орнының іргесін жағалай қойылған қыш ыдыстар назар аудартпай қоймады. Шығыстық үлгідегі ою-өрнектермен безендірілген әрқайсысы. Ала шапанды иесімен түбіміз бір болса да, тіліміз бөлек екені көрініп-ақ тұр. «Әка, әка, беш жүз тәңгә, алыңыз, алыңыз» деп асты-үстіне түседі жақындағанның. Иә, іргеміздегі өзбек ағайындардың өкілі. Өзін Ділшад Хақбергенов деп таныстырды. Әңгімеміз де жараса кетті.

– Ділшад әка, Астана тойына түу оңтүстіктен ат сабылтып келген сияқтысыз?..
– Қазақтың Астанасының тойы, он бес жылдық мейрамының дүбірі күллі әлемге естілді ғой. Мен Самарқаннан келдім дүниемді арқалап. Бұл – менің Сарыарқаға тұңғыш сапарым.

– Қазақтың Астанасы ұнады ма? Есігімізден енгендегі әсеріңізбен бөлісіңізші.
– Әй, мақтағанды ұнатасыңдар, иә! Алайда, Астана мақтануға тұрарлық екен. Он бес жылда осындай қала тұрғызған Президенттерің мықты. Назарбаевтың әлем елдері басшыларының арасындағы беделін де білем: ықпалды, сөзі өтімді, көреген. Бірақ, шынымды айтайын, бар-жоғы он бес жылда осындай әйбат шаһар салады деп ойламаппын. Біз жақтағы жұртқа да аңыз болған «Бәйтерекке» шықтым, Хазірет Сұлтан мешітіне барып, намаз оқыдым, иншалла, мынау тұрған «Хан шатырдың» пошымы мүлде бөлек екен…

– Жә-жә, осы да жетер, біздің тойымызға не алып келдіңіз?
– Көп нәрсе алып келгенде де болар еді. Жол алыс. Сондықтан, көтергенімізше жүз елудей табақ, жиырма шақты шәугім, құман, жетпістей пиала әкелдім. Бәрі де қыштан құйылған. Мың градус температурада күйдіріліп, түрлі өрнектер басылған. Бәрі де сапалы.

– Бағалары қымбат сияқты ғой…
– Жоға!.. Жүз теңгеден бастап, бес мың-ақ теңгеге дейін. Арзан болғаннан кейін ғой, жылдам өтуде. Қазақтар жүдә жомарт қой, ұнаса болғаны, ала береді.

– Біздің Астананың тойына қандай тілек айтасыз?
– Астананың «Әлем қаласы» атанғанынан хабардармын. Әлі де биік-биік белестерден шыға берсін дейміз. Шариғатта «көрші ақысы» деген бар ғой. Тіліміз бөлектеу болса да, дініміз, тілегіміз ортақ көрші емеспіз бе. Татулығымыз нығайсын, алыс-берісіміз, барыс-келісіміз көбейсін!

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − six =