КӨШПЕНДІЛЕР ӨРКЕНИЕТІНІҢ КӨРІГІ

0 109

Астана – түбі бір түркі жұртының бейбітшілік бесігі. Астана – түркі әлемінің түпқазығы.  Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы.

Биыл қазақтың бас қаласына артылған сенім мен жүктелген міндет көп. Соның бірі емес, бірегейі – күллі түркі жұртының мәдениет мәйегіне айналып отырғаны. Айдай әлемге бейбітшілік пен берекені ту еткен Қазақ еліне көз тігіп отырғандар көп. Бірі үмітпен, бірі күдікпен. Қуаныштысы, сырт көздің алдында сүрініп жатқанымыз жоқ. Шүкір, еліміз уақыт өткен сайын салмақты һәм салиқалы миссияны мойнына алып, онысын абыроймен атқарып келеді. Соның бір айғағы – «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанып, төрткүл дүниеге тарыдай шашылған түркі жұртына ортақ құндылықтардың қадірін арттырып жатқанымыз.

Әңгімеміздің арқауы – үш күн бойы елорданы ән мен жырға бөлеген «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі.

«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі деп айдар таққан бұл хан базарының биыл бесінші мәрте өтуі. Мерейтойлық мәзір әдеттегіден айтарлықтай ерекшеленбесе де, ұлттық мәдениетті танып білемін дегенге берері көп болды. Ұлы даланы мекендеген ұлттардың тарихы мен мәдениетін паш ететін сахналық қойылымдар мен ән мен жыр кештері көптеп көрініс берді.

«Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығы алдындағы алаңға 50-ге жуық ақшаңқай киіз үй тігіліп, тұтас бай ауылы көшіп келгендей болды.

Ауылдың шетіне аяқ тигізген жұрт ұлттық дәстүрдің дәріптеліп жатқанына көз жеткізді. Ауылға табан тірегендерді «алма ағаштың гүліндей-ай, текеметтің түріндей-ай, өтіп дәурен бара жатыр, сізбен бізге білінбей-ау…» деп «дедімай-аулап» ұршық иіліп, жүн түткен ақ жаулықты әжелер мен қымыз піскен кимешекті келіншектер қарсы алды.

Фестивальдің шымылдығы «Аспаптар шеруінен» басталды. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары қазақтың сан ғасырлық тарихы бар ұлттық аспаптарымен саздан шашу шашты. Қазақтың қос ішекті домбырасынан төгілген күй дауылпаз бен сазсырнайдың үнімен үйлесім тауып, төл өнерге сусап жүрген халықтың шөлін бір қандырды.

«Ақ сандық, көк сандық» деген атаумен асық ату, тоғыз құмалақ ойындарынан жарыс өтті. Бұл екеуінің арасында көшпелі цирктің өнерпаздары әуезді әннің ырғағына әзілді қойылымдарын қойды.

Одан басқа көшпенділер ауылына келгендер «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» атты арнайы қойылымды тамашалай алды. Ұйымдастырушылардың бұл қойылымды қойғандағы ойы – ұлттық киімдерді ұлықтап, құнын арттыру. Қазақтың қос етек бүрмелі көйлегі мен үкілі тақияларының түр-түрін Астанаға арнайы әкелген «Арлан» ұлттық киім үлгілері театрына алғыс айтқандар аз болмады бұл күні.

«Орда» ұлттық салт-дәстүрлер театрының сахналық көрінісіне сүйсінген жұрттың қарасында шек жоқ. Қазақтың ұлттық музыка өнерімен өрлеген «Інжу-маржан» концертіне «Әй, бәрекелді!» айтысқан ағайын, бас қаладан қазақы иіс шыға бастағанына дән риза.

Десе де, биылғы мерекенің басты берекесі – фестивальға түркі тілдес ұлт өкілдерінің келіп қатысуы болды. Ұйымдастырушылар биылғы фестивальға түркі халықтарының мәдениетін, өнерін паш ету үшін жойылудың алдында тұрған түркі тілдес ұлттарды арнайы алдыртыпты.

Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Башқұртстан, Татарстан сынды туыс елдердің өкілдерімен бірге бір сахнада жер бетінен жойылып кетудің алдында тұрған төлеуіттер, оранхайлар сынды ұлттардың өкілдері өнер көрсетті.

Бұдан бөлек фестиваль аясында ақындар айтысы мен шабандоздар өнері де ортаға салынды. Ширақ қимылды шабармандар әзірлеген қойылым «Ат жалында» деп аталды. Сайдың тасындай іріктелген сом денелі жігіттер Алматы циркінде жұмыс істейтін көрінеді. Астындағы тұлпарларын күміс таға мен былғары ноқтамен сәндеген шабандоздардың өздері құдды жауға аттанардай сайланған. Бес қаруын асынып, дулығаның астынан айналасына көз тастап тұрған жігіттерге қарап «нағыз батыр » дерсің. Айтқандай, әңгіме арасында бұл жігіттердің жақында ғана көрермендерге жол тартқан Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» тарихи драмасында түсіп, жаумен айқасқан сардарларды сомдаған екен. Бұл айтқандарымыз – халықтың сахнаның бер жағында отырып тамашалағандары. Үш күн бойы бұқарамен етене байланысып, саудасын қыздырып жатқан қолөнер шеберлерінің санында шек жоқ. Бірі алтын мен күмістен құйылған зергерлік бұйымдарын, енді бірі қайың мен қарағайдан ойылған ағаш астауларын, тағы бірі қыш пен керамикадан жасалған ыдыстарын саудалап тұр. Әрі бағасы да әдеттегі Астананың бағасынан әлдеқайда арзан. Ел ерекше ықылас білдірген құндылықтың бірі – саятшылық және аңшылық өнердің бұйымдары. Тіпті, тек қазақ даласында қалықтайтын қыран құс пен құмай тазыға дейін табылды іздегенге.

Ақ шаңқан ауылдың қақ ортасында киіз үй іспеттес ақ отау тігілген екен. Болмысы жай ордаға ұқсамайды. Жақындап барып, ішіне енсек, көрермендерге арналып жасалған концерт залы екен. Біз барғанда еліміздің жезтаңдай жыршылары астаналық Елмұра Жаңабергенова, маңғыстаулық Амандық Көмеков, Қарақалпақстанда өмір сүрген Наурызбек деген жыраудың мақамымен жырлайтын Аман Садықов, қызылордалық Серік Жақсығұловтар «Қамбар батырды» жырлап отыр екен. Жыр кеші аяқталысымен елордалық жыршының саусағынан қан сорғалап тұрғанын көзіміз шалды. Иә, сағаттап отырып жыр жырлау- ды оңай деп кім айтты?!

Бұл күні жырмен басталған кеш ән мен күйге ұласты. Сахнаға қазақтың дәстүрлі өнерінде тел ағыстай қатар келе жатқан айтулы өнерпаздар – Рамазан Стамғазиев пен Айгүл Үлкенбаева шықты. Кештің аты – «Телағыс». Бірі – әнді, бірі – күйді өмірлік серік еткен қос майталман әлеуметті мерекемен құттықтап, сыйға өнерлерін тарту етті. Әлеумет алқалаған әнші Рамазан Арқа-Жетісу әндерінен Біржан салдың «Он саусағынан» бастап, Балуан шолақтың «Ғалиясы», Жаяу Мұсаның «Ақ шашағы», Кененнің «Қайран жастығы», одан қалды «Екі жирен», «Шәпибай-ау», «Сұржекей» сынды халық әндерін төгілтті. Бүгінде Батыс күйшілік дәстүрін дәріптеп жүрген ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева да елордалықтарға Есірдің «Ақжарма», Динаның «Бұлбұл», Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш», Сүгірдің «Ілме» күйлерін төгілтіп орындап берді. Сондай-ақ, Айгүл Үлкенбаева жетекшілік ететін «Керулен» тобы да өнер көрсетіп, көрермендерді тәнті етті. Тіпті, бұл күні Рамазан Стамғазиев сахнадағы әріптесі Айгүлмен бірге «Көрұғлы» күйін орындап берді.

Айта берсек, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалінің қызықты әрі қайталанбас тұстары көп болды. Бұл фестивальді көрген де арманда, көрмеген де арманда. Бізді қуантқаны әдетте бұл маңға тек өзіміздің қаракөздеріміз ғана табан тірейтін. Байқағанымыз, қазақтың ұлттық мәдениетімен танысамын деген ниетпен атағы алысқа кеткен елдерден меймандар арнайы келетін болыпты. Бұл да қазақтың әлемдік қауымдастық алдында артып келе жатқан абыройының бір көрінісі болар…

Айнұр САНАБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + one =