КӨШПЕНДІЛЕР ӨРКЕНИЕТІНІҢ КЕРЕМЕТІ

0 315

3 шілде күні «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы алаңында бой көтерген этноауылда «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі ашылады. Елордада тоғызыншы мәрте өтетін фестивальде баяғы-бағзы заманнан тамыр тартатын бабаларымыздың мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрі, тұтастай алғанда тұрмыс-тіршілігі бүгінгі күндермен ұштасып, салтанат құрады.

KBB_6357

Сондай-ақ, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астанамен» қатар өтіп келе жатқан «Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестивалі 4 шілде күні «Астана Опера» театрының камералық залында шымылдығын түріп, 6 шілдеде осы алаңда түйінделеді.

Осыған орай, бүгін аталған екі фестивальді де ұйымдастырушы топтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. «Астана-Арқау» фестивалінің продюсері Асқар Омаров, аталмыш фестивальдің режиссері Бағдат Тілегенов, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалінің екінші режиссері Арайлым Қалдыбаева және «Nomad» каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожынов бірнеше күнге созылатын қос шараның бағдарламасымен таныстырды.

KBB_6382

3-6 шілде аралығында өтетін «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалін көрермендер сол күндері сағат 11.00-ден бастап 22.30-ға дейін тамашалай алады. Ал, аталмыш шараның аясында тойшыл қауымның таным көкжиегін кеңейтіп, сан түрлі қызыққа кенелтетін шеберлік дәрістері, концерттер, ұлттық ойындар, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, балаларға көшпенділердің баспанасы – киіз үйді құрастырудың қыр-сыры үйретіледі. Қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өтіп, кез келген адам оны жасаудың сырына үңіле алады. «Ақ сандық, көк сандық» аталатын бағдарламада ұлттық ойындарға қатыса алады. Халық «Ат жалында» атты шабандоздар думанын, «Саят» құсбегілік өнерін, көшпелі цирк бағдарламасын тамашалайды.

KBB_6351

Бізге бір ұнағаны, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалі бағдарламасында биылғы елеулі даталар қамтылған. Атап айтсақ, Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай, алаңда «Ереуіл атқа ер салмай» концерті өтеді. Сондай-ақ, Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналып, «Тыңда, дала, Жамбылды» атты бағдарлама және Дәнеш Рақышевтың 90 жылдығына лекция-концерт дайындалды. Фестиваль аясында халықты сағындырған белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев «Ой, көк» концертін береді. Танымал дәстүрлі әншілер Сәуле Жанпейісова мен Ерлан Рысқали «Қос алқа» концерттік бағдарламасын ұсынады. «Жүйелі сөз» атты айтыста ақындар сөз қағыстырады.

«Көк күйме», «жаппа қос», «итарқа», «шошала» ұғымдарын білесіздер ме? Фестивальге келсеңіздер, көшпенділердің тұрмысымен байланысы бар аталмыш сөздердің мән-мағынасына қанығасыздар. Бес киіз үйде жайғастырылған көшпенді музей жәдігерлері де халықты қызықтырары сөзсіз. Ондағы заттар Маңғыстау, Алматы және өзге де еліміздің облыстарынан әкелініп, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков және суретші-зергер Сержан Башировтың жидаларынан алынған. «Балбалдар» инсталляциясы да ата-бабаларымыздың өмірінен сыр шертпек.

????????????????????????????????????

«Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестиваліне келсек, оған елімізде аты бар өнерпаздар және бауырлас мемлекеттерден көптеген өнер иелері қатысады. Осы фестиваль арқылы халық Қазақстандағы дәстүрлі музыка мектептерінен хабар алып, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Әзербайжан, Түркия, Иран және Ресейдегі түркі тектес халықтардың өнеріне қанығады. Биылғы фестивальдің ерекшелігі, оған бүгінгі күні мәдениеті құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған Ирандағы қашқайлар келіп, өз өнерін паш етпек. Сондай-ақ, бұл фестивальдің теленұсқасын түркі елдері телеарналарына таратылмақ. Соның бірі Татарстанның «ТНВ» арнасы болмақ.

KBB_6362

Жалпы, «Астана-Арқау» ұсынатын концерттік бағдарламаның әр күнінің халқымыздың табиғатына жақын өз атауы бар. Мысалы, алғашқы күнгі концерт «Табалдырық» аталады. Екінші күні «Төр» атауымен өтіп, соңғы күні «Шаңырақ» атымен түйінделеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + seventeen =