«КӨШПЕНДІЛЕР» КӨП ДАУЫС ЖИНАДЫ

0 156

ERA_9622

«Бір ел – бір кітап» – бірлікке үндейтін үрдіске айналған бірегей бастама. Ауқымды акция аясында Ұлттық академиялық кітапханада жыл кітабын таңдауға байланысты өткен кезекті отырыста ең көп дауысқа Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы ие болды. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында талас-тартыссыз бірауыздан таңдалған кітап – қазақтың бірігу тарихын баяндайтын шоқтығы биік шығарма.

«Бір ел – бір кітап» акциясының аясында 2015 жылы таңдауға бірнеше кітап ұсынылды. Кітапханалар жүйесі арасында жүргізген ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сауалнамасы бойынша Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы – 249, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» шығармалары – 240, Қадыр Мырза-Әлидің шығармалары – 223, Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», «Бір атаның балалары», «Аласапыран» тарихи романы – 82, Жұмекен Нәжімеденовтің «Ақ шағыл», «Даңқ пен дақпырт», «Кішкентай» шығармалары – 80, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы – 78, Тұманбай Молдағалиевтің «Жүректегі жазулар» өлеңдер жинағы – 47, Абай өлеңдері – 39, Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» әңгімесі – 33, Төлен Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыр» хикаяты, «Парасат майданы» повесі 22 дауыс жинаған.

Жиында ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, жазушы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің басшысы Базарбай Алтаев, ақын, ҚР Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айтов, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры Үмітхан Мұңалбаева және тағы басқа комиссия мүшелерінің ойы бір жерден шығып, акция аясында «Көшпенділер» кітабын кеңінен насихаттау турасында қандай шаралар ұйымдастыру керектігін талқылады. Несіпбек Айтов оқылым санын арттыру үшін кітаптың кем дегенде екі тілде 5-10 мың данасын үстемелеп басып шығаруды ұсынса, комиссия төрағасы Ғарифолла Есім: «Радио, телеарналарда бірінші болып зиялы қауым «Көшпенділерді» жария түрде оқу керек» деді.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 8 =