Көшет отырғызылып, көше тазарды

0 111

Бар тәртіп тазалықтан басталады. 21 қыркүйек күні Астананың 80 мыңға жуық тұрғыны қолдарына күрек-кетпенін ұстап, жалпықалалық сенбілікке шықты. Елорданың еңбек мерекесінде 4039 түп ағаш отырғызылып, қала қоқыс қалдықтарынан тазарып қалды.

Сенбілікке шығып, ағаш егу – Астанаға жылы сезімін білдірудің бір түрі екенін бүгінде жас та, жа­самыс та жақсы біледі. «Астана – елі­міздің бас қаласы ғана емес, алты алаш ардақтаған қасиетті орда. Оның көркін, келбетін көр­кей­тетін бүгінгі шараның жалпы тәлімдік, тәрбиелік маңызы өте зор деп есептеймін. Өйткені, Астана – күннен-күнге өсіп, өркендеп келе жатқан үлкен шаһар. Ал, соны ұстап тұру үшін елдің өзінің ықы­ласы қажет» деді көпшілікпен бірге сенбілікке шығып, Есіл ауданы аумағында ағаш отырғызған Астана әкімі Иманғали Тасма­ғам­бетов. Оның айтуынша, жал­пы­қалалық сенбілік – еңселі елор­дамыздың сән-салтанатын артты­ратын, тазалығы мен тәртібін қа­лыптастыратын игі үрдіс. Тек осы сенбіліктің өзінде төрт мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл шараның астарында қаланы тек көгалдандыру ғана емес, сондай-ақ, өскелең өрендердің бойына өздері тұрып жатқан шаһарды күтіп ұстап, оны еңбек арқылы сүюге баулу мәселесі де жатыр. «Біз жылдан жылға аста­налықтардың экологиялық мәде­ниетін қалыптастыруға тырысып келеміз. Сондықтан, тазалық жұ­мысына белсене қатысқан барша халыққа алғысымды білдіремін. Әр астаналық ертең-ақ жайқала өскен ағаштардың баққа айналғанын көргенде, еңбектерінің еш кет­пе­генін ұғынатын болады» деді шаһар басшысы.
Жалпы, сенбілік күні жиналған қоқыс қалдықтарын полигонға жеткізу үшін 30 жүк тиегіш және 90 жүк көлігі жұмылдырылды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + seven =