КӨШЕСІ ТАЗАНЫҢ КӨҢІЛІ ТАЗА

0 128

22 қыркүйек күні елорда еңбекпен оянды. Астананың 100 мыңға жуық тұрғыны қолдарына күрек-кетпенін ұстап, қала әкімдігі ұйымдастырған сенбілікке шықты. Тазалық жасағанды табиғаттың өзі құп көргендей, күннің көзі де сол күні ашылып сала берді.

 Бас шаһар қай жағынан да басқаларға үлгі болып, көш бастау қажеттігін, осы тұрғыда тазалық жағы да шет қалуға тиіс еместігін елордалықтар ұғынғалы қашан. Сенбілікке шығып, қаланы мұнтаздай ету – Астанаға жылы сезімін білдірудің бір түрі екенін бүгінде жас та, жасамыс та жақсы біледі. Елордалық әкімдік бас болып отырған тазалық жұмыстарына үлкен-кішінің белсене атсалысуы да сондықтан.

– Бар жақсылық атаулы тазалықтан бастау алады, – дейді елордалықтармен бірге сенбілікке шығып, Есіл ауданы аумағында ағаш отырғызған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов. – Жалпықалалық сенбілік еңселі елордамыздың әдемілігі мен сән- салтанатын арттыратын, тазалығы мен тәртібін қалыптастыратын игі үрдіс. Осынау тазалық шара­сына жүрек қалауымен шыққан 100 мыңға жуық тұрғын өз істері арқылы Астанаға деген ықылас- ниетін, құрметін білдіріп жатыр. Тек осы сенбіліктің өзінде 2 мыңнан астам көшет отырғызылмақшы. Аз уақыттың ішінде Астанамыз жасыл желекті шаһарға айналып, жайқалып келе жатқанын кейде өзіміз де байқамай қаламыз. Мұны елордаға сүйсінген елдің емеурінінен аңғарамыз. Бұл шараның астарын­да қаланы тек көгалдандыру ғана емес, өскелең өрендердің бойына өздері тұрып жатқан шаһарды күтіп ұстап, оны еңбек арқылы сүюге баулу мәселесі де жатыр. Сенбілікті тәрбиелік мәні үлкен шара дейтініміз сондықтан. Біз жылдан жылға астаналықтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға тыры­сып келеміз. Сондықтан тазалық жұмысына белсене қатысқан барша халыққа алғысымды білдіремін. Әр астаналық ертең-ақ, жайқала өскен ағаштардың баққа айналғанын көргенде, еңбектерінің еш кетпегенін ұғынатын болады.

Елордалықтар ертеңгілік сағат 9.00-де өздеріне тиесілі аумаққа жиналды. Бір-біріне «Мерекелеріңізбен!» деп жылы жымияды. Сенбілікті еңбек мерекесіне балаған қауымның көңіл-хошы көтеріңкі.

Журналистер қауымы алды­мен Астана қалалық әкімдігі ғимаратының сол жақ қапталында, Абай даңғылы бойында жұмыс істеп жатқан адамдардың еңбегіне куә болды. Осы аумақта Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты, аудандық Ардагерлер кеңесі, ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті, қазақ және орыс театрларының ұжымы мен М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының қызметкерлері еңбек етуде екен. Олардың бел ортасында күрегін алып қызу жұмысқа кіріскен Сарыарқа ауданының әкімі Ермек Оспановты әңгімеге тарттық.

–Сарыарқа ауданының тұрғындары бір отбасының адамдарындай жұмылып, жұмыс істеп жатқанына өздеріңіз де куәсіздер. Бәрімізге ортақ Астананы көріктендіруге әр астаналық үлес қосу қажеттігін тұрғындар түсініп, аянбай атсалысып отыр. Сенбілікке ауданымыздан ша­мамен 35 мыңнан астам адам шығуға ықылас білдірген. Енді міне, көптің күшімен ағаш отырғызып, айналаны айнадай ғып тазалап жатқан жайы­мыз бар, –деді Ермек Сабырбекұлы.

Сенбі, жексенбі – екі күн ішінде Сарыарқа ауданы бойынша 925 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Оған 124 бірлік техника тартылған. Сенбілікті өткізу барысында қоқысты жинау жөнінде 25 өтініш түсіп, соның бәрі де уақытылы орын­далды дейді мамандар.

Бұдан кейін журналистер мінген көлік қалалық мәслихат депутатта­ры, ассамблея және Астана әкімінің аппараты еңбек етіп жатқан Есіл ауданына қарасты Тұран даңғылына қарай бет түзеді.

Тазалық жұмысына жан-тәнімен кіріскен астаналықтар айнала­ны айнадай ғып сыпырып, күл- қоқыстан тазартып қана қоймай, ағаш отырғызу жұмыстарына да белсене кірісіпті. Біреулер топырақ тасып жүр. Кейбіреулер ағаш отырғызатын шұңқыр қазып әбігер. Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, бұл аудан да жалпықалалық сенбілікке тыңғылықты әзірленген. Тазалық жұмысына ауданнан 15 мыңнан астам адам қатысыпты.

Алматы ауданы аумағы да қызу жұмыс үстінде. Керек-жарақтарын алып, еңбекке кіріскен жұртшылықтың қатарында аудан әкімінің аппараты, Ішкі істер министрлігі, «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалының өкілдері бар.

Жалпықалалық сенбілікке әзірлік барысында Алматы ауданы ар­найы штаб құрып, экологиялық айлықтың жобасын түзіпті. Аудан аумағы 31 сектордан құрылған 8 кварталға бөлінген. «Негізінен, сан көрсеткіштерінен гөрі, сапаға айрықша маңыз бердік» дейді аудан әкімдігі қызметкерлері.

Олар да тұрғындарды сенбілік жөнінде құлақтандыруға аса көңіл бөлген. Осы мақсатта Абылайхан, Абай, Б.Момышұлы даңғылдарында және Пушкин, Ташенев көшелері бойында арнайы үлкен тақтайша іліпті.

Жалпықалалық сенбілікке ау­дан бойынша 40 мыңнан астам тұрғын мен кәсіпорын, мекеме қызметкерлері шыққан. Тазалық жұмысына 100 жүк көлігі және 40 жүк тиегіш жұмылдырылған екен.

Ауданды көгалдандыру жұмыстары да қауырт жүргізіліп, тек Тәуелсіздік даңғылы бойына 228 ағаш, Абылайхан даңғылындағы №2 қалалық балалар ауруханасы аумағына 141 көшет отырғызылған.

Бақыт БЕКІШЕВА, №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының бас медбикесі:

Сенбілікке балалар ауруханасы ұжымының атынан 160 адам қатыстық. Мұндай шараны біздің ұжым көктем шыққаннан бастап, жерге қар түскенге дейін әр сенбі сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұрады. Ауланың таза болғаны ең алдымен ауруханада емделіп жүрген балалар үшін пайдалы.

Таяуда ұжымымыз аурухананың жаңа ғимаратына қоныс аударған. Бүгінгі сенбіліктің басты ерекшелігі – жаңа ауламызға ағаш отырғызып, айналамызды тазартып жатырмыз. Мұндай керемет ғимаратты таза ұстамаудың өзі мүмкін емес шығар.

Сенбілік барысында аурухана ауласына жүзден астам ағаш отырғызылды. Мен өзім 5 ағаш отырғыздым. Оларды бақылап жүрейін деп, әдейі белгілеп қойдым. Аурухананың ескі ғимараты маңайына да бірнеше түп ағаш отырғызғанмын. Олар қазір жайқалған ағашқа айналды. Ары-бері өткенде көрген сайын көңілім көтеріліп қалады.

 Салтанат ӘЛИ, «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысының бірінші орынбасары:

-Біз жастар да елордамыздың айнадай жарқырап, мұнтаздай таза болып тұрғанын қалаймыз. Көшелеріміз таза тұрса, көңіліміз де өсіп қалады емес пе?! Астана – күллі қазақстандықтардың ортақ үйі. Сондықтан бас шаһардың өзгеге үлгі болып, жарқырап тұруына бәріміз де мүдделіміз. «Жас Отан» жастар қанатының жастары тегіс сенбілікке шықтық. «Жас келсе, іске!» демей ме?! Өзімізге бөлінген өңірді қас-қағым сәтте та­залап, талдарды отырғызып шықтық. Қатарластарыңмен қалжыңдаса жүріп, жұмыс істегеннің өзі қызық қой. Уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Мұндағы жастар қаншама көшеттер отырғызды. Егер осы қарқын төмендемесе, келешекте Астананы жасыл желекті қалаға айналдыру жөніндегі Елбасының тапсырмасын мүлтіксіз орындайтынымыз сөзсіз.

Аяжан РАЙХАН, №54 мектептің 2-сынып оқушысы:

–Сенбілік деген тазалық күні екенін мен де білемін. Бұл күні бүкіл Астананың адамдары далаға шығып, үйінің маңайын тазалайды, қаланы тазалайды. Мен әлі сенбілікке қатысып көрген жоқпын, анашым сен әлі кішкентайсың дейді. Бірақ мен ағаштарды күте білемін. Менің сіңлім Айару туғанда Астана оған бір ағаш сый­лапты. Біз анашым, әкеміз бәріміз сол ағашты көріп, барып тұрамыз. Осы жолы да сенбіліктен кейін барып қайттық. Мен оған су құйдым. Сіңлімнің ағашы әдемі болып өсіп келеді. Айару үлкейгенде екеуіміз де ағашымызға барып тұратын боламыз.

Мереке ЖАҚЫПОВ, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ бригадирі:

-Қала тазалығын сақтау – барлық астаналықтарға ортақ міндет. Астана қай жағынан болса да, басқаға үлгі болу керектігін жиі айтамыз. Ендеше, елорда тазалық жағынан да алдына жан салмай, асқақтап тұрса, керемет емес пе?! Ағаш отырғызу, оны күтіп-баптау – мен еңбек ететін кәсіпорын жұмысшыларының күнделікті тірлігі. Осындай сенбілік кезінде тұрғындардың есебінен жұмысымыз тіптен жанданып, марқайып қаламыз. Ағаш отырғызу – ата-баба дәстүрінен келе жатқан игі үрдіс. Елордалықтар отырғызған ағаштар ертең-ақ жайқалып өсіп, тұрғындардың саялы бағына айналар әлі.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + eleven =