Көшеңе қарап көңілің өссе…

0 54

Есілдің оң жағалауында оңынан басталған құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Абаттандыру қарқыны да бәсеңдемеуге тиіс.Жалпы тәртіп, тазалық, әсемдік қаланың тек орталық көшелерінің көркімен, үлкен даңғылдарының бойымен өлшенбесе керек. Оның үстіне дәл қазіргі кезде оң жағалау­дың жай-күйі жыл мезгілін күтсе, еріп кететін қалың қар да емес.
Елордадағы тиісті аудандардың әкімдері арнайы кесте жасап, қала күні қарсаңында ғана емес, ауық-­ауық өз аумағындағы көшелерді жаяу аралап тұрса, оның пайдасын өздері де, тұрғындар да көрер еді. Меншік түріне қарамастан, қожайындарына заңға сәйкес ескерту жасалса, санитарлық талаптан өзге қаланың архитектуралық келісім-келбетін сақтау талаптарын күшейту арқылы қадағалауды қолға алса, айыппұлсыз-ақ көп мәселелер өз шешімін табатыны сөзсіз. Ең бастысы, оларға ықпал етудің механизмі іске қосылғаны абзал.
Бүгінде бүкіл елімізде көкейкесті мәселе болып тұрған санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін табиғатты қорғау полициясын, басқа да тиісті мекемелерді жұмылдырып, ортақ істі атқаруға еріктілерді тартып, тазалықты ретке келтіруге толық мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Сонымен бірге қала тіршілігіне байланысты қоғамдық пікір тудырып келе жатқан, елдің санасына әсер ететін бірқатар маңызды мәселені ортаға салсақ дейміз. Бізде бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүр бар, ол – ұлттың әрдайым жадында тұратын, елге, қоғамға еңбек сіңірген тарихи тұлғаларды ұлықтап, олардың есімдерін көшелерге, даңғылдарға, мекемелерге беру ісі. Елорда ономастикасындағы ерекше позитивті үрдісті айта кеткен жөн. Ол – көше атауларына Қазақ елінің тұтас­тығын танытатын төрт тараптың да топонимикасын (тау-тас, өзен-су, жайлау-қыстау, қала-кент, ауыл-аймақ, т. б. атаулары) жаңғыртып қайта атау. Бұл көптің көңілінен шықты деп ойлаймыз. Бұл бағытта көптеген тағылымды шаралар атқарылып та келеді. Бірақ сынға ұшырап жататын тұстары да баршылық. Ашығын айтсақ, еліміздің астанасындағы көшелерге атау беруде жіберілген қателіктер:
1) Елорда ономастикасының 30-50 жылға арналған тұжырымдамасы жасалмады.
2) Қаланың бас жоспары мен кеңестік-большевиктік атаулардан құтылудың синхронизациясы қатар жүрмеді.
3) Өкінішке қарай, субъективті жағдай, яки «таныстары мен танитындарын тықпалау» көрініс берді.
Осының салдарынан жекелеген ірі тарихи тұлғалардың атындағы көшелер шолақ, келте болып шықты. Немесе бір көше атауын бірнеше рет ауыстыру орын алды (Тәуелсіздік, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Р.Қошқарбаев, ­т. б.). Ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай күресіп, сол жолда құрбан болған ХХ ғасыр басындағы қайраткерлердің атындағы көшелер Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандарының шетінде қалып қойғанын, батпаққа батып тұрғанын айтудың өзі ұят. Ура-урамен есімдері берілді, ура-урамен ұмытылды да қалды. Әйтеуір бір топ зиялы А.Байтұрсынұлының атын сол батпақтан бері қарай алып шықты. Бірақ мына өркениетті заманда осындай шалалыққа өзге жұрт күлмей ме?
Ал мұндай кемшілікті болдырмаудың жолы жоқ емес, бар. Ол үшін әкімдіктегі арнаулы комиссия талқысының алдында ғалымдардың, беделді де білікті тұлғалардың пікірін тыңдау, содан дұрыс қорытынды шығару, тараптардың уәжіне құлақ асу, яғни байыпты шешімді негіздеп алу. Ол үшін жоғарыда айтқан қателікті де күн тәртібіне шығарып, талқылау – елдіктің жөні. Әйтпесе, белгілі бір кісінің атын бергенде, қаланың Бас жоспарының жапсарын ескермей, әйтеуір бір көшеге таңа салу немесе басқа да қисынсыз жағдайлар қайталана бермек.
Мысалы, ұлттық би өнерінің негізін салушылардың бірі, осы саланың қайталанбас үлгілерін тауып зерттеген, сондай-ақ Г.Талпақова, Қ.Қарабалина, Б.Байжұманова сынды талантты бишілерді тәрбиелеген Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың есімін қаланың өндірістік кәсіпорындары мен техникалық қоймалары орналасқан аймақтағы көшеге беру қаншалықты маңызды? Немесе бұрынғы базар маңындағы қып-қысқа Қазақ көшесіне ұлт кино өнерінің негізін салушы, халық әртісі, актер, режиссер Шәкен Аймановтың атын бергеннен не ұттық? Сөз орайы келгенде айтарымыз: Абай мен Жамбылдың бейнесін сомдаған, алғаш рет Қазақ кинематографистер одағын ұйым­дас­тырған тұлғаға елордада ескерткіш орнатылса, артық болмас еді. Ал «Артем» базарының артында қазақ әдебиетінің классигі, М.Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысқан тұлға, драматург Жүсіпбек Аймауыт­ұлы көшесінің жағдайын көрсеңіз, көңіліңіз құлазиды. Мысалы, қаланың «Шұбар» атты шағын ауданында ұзындығы 500 метрден аспайтын көшеге мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың аты беріліпті. Сонда қалай, Екінші дүние­жүзілік соғыс жылдары Абайдың 95 және 100 жылдығын ұйымдас­тырған, тіпті Алматыдағы ақын ескерткішін тұңғыш қазақ мүсіншісі Х.Наурызбаевқа жасатқан, Опера және балет театры мен Ғылым академиясын ашуға белсене атсалысқан, «арабша- қазақша», «парсыша-қазақша» сөздіктер даярлаған тұлғаға бұдан лайықты көше табылмағаны ма? Ұлт мәдениетін, салт-дәстүрін, ана тілін өркендету жолында ерен үлгі көрсеткен, отандық музей ісінің негізін қалаушылардың бірі, Алаш арыстарын ақтауда нақты ісімен есте қалған Өзбекәлі Жәнібеков сынды мемлекет және қоғам қайраткеріне берілген көшенің басы мен аяғы басқаша аталатыны енді ешбір қалыпқа сыймайды.
Кезінде елордамыздың қазығын қағып, Есілдің жағалауы мен жазығына ел қондырған, астанамызды абаттандырып, әлемге танытқан Елбасы ономастика мен топонимика мәселесін бір емес, бірнеше мәрте сөз етіп ескертті. Дәл осы істе астана тәжірибесі бүкіл елге үлгі болсын деген ниетін де жеткізді. Ономастика саласында мемлекеттік идеологияның орнығуы үшін әрбір қадамымыз мемлекетшілдік талабына жауап беріп, елдік мүддемізге сәйкес болуға тиіс.

Дархан МЫҢБАЙ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − three =