Көшелерге бақылау қойылады

0 103

Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбектің тұрғындармен соңғы есептік кездесуі өтті. М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өткен жиында әдеттегідей сауалдар қойылып, әкім тарапынан тиісті жауаптар берілді.

Әдеттегідей, тұрғындардың сауалы жаңадан жол салынып, ғимараттары бой түзеп, аулалары абаттанып келе жатқан ауданның түйткілді мәселелеріне бағытталды. Бұл ретте, әрине, қоғамдық жолаушылар тасымалы қызметі, көшелерді қардан тазалау, коммуналды қызмет сапасына басты назар аударылды. Аудандағы жаңадан бой көтерген «Жағалау» шағын ауданына халықтың келіп қоныстанғанына көп бола қойған жоқ. Тұрғын үй алабының ауқымы толған сайын тұрмыстың мәселелері де қылаң беріп қалады. Осындағы №78 мектепте өткен жиында «Кристалл» тұрғын үй кешенінің кранынан су ақпай қалатын кездері жиі болатынын айтты. Тұрғындар бүгін ғана емес, былтырдан бері арызданып, жауапты органдардың құлағын жауыр еткен. Алайда «баяғы жартас сол жартас» демекші, жағдай одан сайын қиындаған. Бұрындары демалыс күндерінде судан қағылып отырса, қазір аптаның жеті күнінің бәрінде де су сарқылып қалатын жайт жиілеп кеткен. Тұрғындар Қайым Мұхамедханов көшесімен қашан көлік жүреді деп отыр. Жол ашылды, атақты ғалымның аты берілді, аялдама орнатты, ал әзірге қоғамдық көліктің қарасы көрінбейді. Тұрғындар талабына құлақ түрген Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілдері 10 ақпанға дейін мәселе шешіледі деп уәде етті.
«Көш жүре түзеледі» десек те, Е-15 және Е-16 көшелеріндегі автобус аялдамалары тұрғын үйлерден біршама қашық орналасқан. Қыстың аязында бүрсеңдеген тұрғындар аялдамаға жетем дегенше әбігерге түсіп жүр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайы тіптен аянышты. Қоғамдық көліктің жүргізушілері де жолды қысқартып, аялдамалардан айналып өтетін қулыққа көшіпті. Ол туралы Е-16 көшесіндегі 2-үйдің тұрғыны айтып берді. Атап айтқанда, №61 автобус жүргізушілері №81 мектептің жанына ғана тоқтап, аялдаманың ақыр­ғы нүктесін ай­налып өтіп, кері қайтып жүретін әдетті шығарыпты. Көп қабатты тұрғын үйлеріне дейін жолаушыларды жеткізіп тастауға міндетті болса да, онша құлықты емес. Ал аялдамалардың арасы біраз жер. Әкім, әрине, әрбір көліктің жүргізушісін аңдып отыра алмайды. Мұндай жағдайда азаматтық белсенділік көрсетіп, бағытынан тайған автобустың мемлекеттік нөмірі мен жүргізушінің аты-жөнін біліп, тиісті орындарға шұғыл хабарлаңыздар деп әкім салмақты тұрғындардың өзіне тастады.
«Құлагер» тұрғын үй кешенінде 79 пәтер бар. Жаңа қоныс тойын тойлағандардың қуанышы су сепкендей басылған сияқты. Үш жылға жетпей жауынды күндері үйдің төбесінен су ағып, балкондарын да су ала бастаған. Үйді пайдалануға берген құрылысшылар кемшілікті жою үшін қолының ұшын да қимылдатпаған. Тұрғындар кімге арызын айтарын білмей аңтарылуда. Аудан әкімі бұл мәселені көп ұзатпай, тұрғындар мен жауапты компания өкілдерін жолықтырып, бірлесе шешу қажеттігін жеткізді.
Жаңа көшелерде қар қашан тазаланады дейді тұрғындар. Көктем де жақындап қалды, ертең күн жылысымен жиналған қар еріп, есімізді шығармай ма деген тұрғынның сауалына аудан әкімі мән-жайды түсіндірді. «Ауданның жаңа көшелерінің кейбірі қала балансына кірмегендіктен, қар тазалауға қаржы бөлінбеген. Соған қарамастан, кешіктірілсе де қар күреліп жатыр. Алдағы уақытта да бұл жұмыс тоқтамайды» деп жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × five =