Көшелер жөнделіп, жарықтандырылады

Сарыарқа ауданында тұрғындар өтініштері ескеріліп жатыр

0 23

Сарыарқа ауданында Жұмбақтас тұйық көшесіндегі қоғамдық кеңістікті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Герцен және Оқжетпес көшесіндегі қоғамдық кеңістік бойынша жұмыстар басталады. Қоғамдық кеңістіктерді құру, жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, аулаларды абаттандыру, жарықтандыру мәселелерін аудан әкімі Есет Байкен бақылауында ұстап отыр. Ол белсенді тұрғындармен бірге аудан аумағын үнемі аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды тексереді.– Осы жылдың соңына дейін аудандағы 34 көше жөнделеді. Бүгінгі күні Мұхтар Әуезов көшесінде Ықылас Дүкенұлы көшесінен Әлия Молдағұлова көшесіне дейінгі аралықта жұмыстар аяқталып, 6 көшеде жөндеу жұмыстары басталды. Жөнделетін көшелердің басым көпшілігі тұрғын алаптарда орналасқан. Қазір 128 мекенжай бойынша шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қала әкімі Алтай Көлгінов­тің тапсырмасымен аудан басшысы тиісті құзырлы органдардың өкілдерімен бірге С 409 көшесі 33 үйдің тұрғындарымен кездесті. Аталмыш тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғындарға осы жылдың басында берілген.
Тұрғындармен кездесу барысында шатырды жөндеу, қоқыс контейнерлерін орнату, балалар ойын алаңын қоршау, футбол алаңын салу, ауладан кір жаятын орынды қарастыру, Есіл өзені бойын қоршау, мүлік иелері бірлестігін құру, балаларды жақын маңдағы мектептерге бөлу, басқа да тұрғындарға өзекті болып отырған мәселелер көтерілді. Бұл мәселелер құзырлы басқармалар мен тиісті қызметтерге тапсырылып, бақылауға алынды. Мәселелер қабылданған жоспар мен бекітілген мерзімге сай шешімін табады.
Жақында Сарыарқа ауданының тұрғындары әлеуметтік желіге Ш.Қосшығұлұлы көшесі 19/2-үйдің балалар ойын алаңы құрылыс жұмыстарынан кейін қайта қалпына келтірілмегенін жазған болатын. Есет Байкен соны да барып тексерді. Барлық мүдделі қызметтердің, сондай-ақ құрылыс салушы «Samir Construction» ЖШС және «АстанаТрансСтрой» ЖШС қатысуымен көшпелі кеңес өткізілді.
Е.Серкебаев көшесі, 31 мекенжайында орналасқан «Inju Ishim» тұрғын үй кешені мен С 409 көшесіндегі №33, 33/1, 33/2, 33/3, 33/4 тұрғын үйлерге сыртқы инженерлік желілерді төсеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу кезінде Ш.Қосшығұлұлы көшесіндегі №19/2 үйдің балалар алаңы аумағын абаттандыру ережелері бұзылғаны анықталды. Құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған аумақты абаттандыру ережелері түсіндіріліп, аталған учаскені 15 маусымға дейін қалпына келтіру міндеттелді.
Сарыарқа ауданындағы 315 көшенің 267-сі жарықтандырылған. Ағымдағы жылы барлық көшеге жарық қосу жоспарланып отыр.
– Ауданымыздағы маңыз­ды мәселенің бірі – сыртқы жарықтандыру жүйесін басқармалар балансынан аудан әкімдігінің балансына беру. Осы уақытқа дейін саябақтар мен көшелердегі 100 нысанның 69-ы әкімдік балансына қабылданды. Осы жылы тағы 40 көше бойынша жарықтандыру желілерін қабылдау жұмыс­тары жүргізіледі. Жарықтандыру желілерін балансқа алу жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын уақытылы және жедел орындауға мүмкіндік береді. Аудан тұрғындары есептік кездесулер мен жеке қабылдауларда жарықтандыруға қатысты айтқан өтініштер бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды, – дейді Есет Байкен.
Соның ішінде «Махаббат» тұрғын үй кешені қасбетіне жаңа жарықтандыру құралдары орнатылды. «Агроқалашық» тұрғын алабындағы Суворов көшесіне 4 темір-бетонды тірегімен жарықдиодты шамдар орнатылып, қазіргі уақытта аталмыш көшеге жарық берілді. Көп уақыттан бері Ш.Бейсекова мен Н.Тілендиев көшелерінің қиылысында жарық болмады. Аталмыш көшеде тиісті жұмыстар жүргізіліп, жарық қосылды.
Бүгінгі таңда Қырыққыз тұйық көшесі бойынша жарықтандыру құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Республика даңғылы, 58 мекенжайы жарықтандырылды. Биыл 15 көшенің жарығы бойынша сынған тіректер ауыстырылып, қалпына келтірілді. 4 көшеде ұзындығы 585 метр болатын кабельдік желі ауыстырылды.
– Қазір шамдар энергия үнемдейтін шамдарға ауыстырылып жатыр. 109 «іKomek» бірыңғай байланыс орталығына және әлеуметтік желілерге жарықтандыру бойынша келетін өтініштер тұрақты тұрде бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылады, – дейді Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + 4 =