Көшелер жаңартылады

0 44

Урбанистика орталығында «Еуразия» ауданын жаңғырту жоспары жасалып жатыр. Ол бойынша шағын ауданның ірі көшелері өзгеріске түсетін болады. Қоғамдық тыңдауда Сәтпаев және Петров көшелерінің қалай түрленетіні туралы айтылды.

Петров көшесінің тротуары тар. Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкеннің айтуынша, көшенің тарлығы жаяу жүргіншілерге қолайсыздық тудырады. Оның үстіне көрер көзге қолапайсыз дүңгіршектер, павильондар ауданның сиқын кетіріп тұр
Әкімдік жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіріп, тро­туарды абаттандыру жос­парланған.
«Адамдардың демалуына арналған орындар болу керек. Көшеде ілінген жарнама көз қуантып тұруы тиіс. Тозығы жеткен үйлерге жеңіл-желпі жөндеу жүргізіліп, автотұрақ жасалуы қажет» деді Елнар Базыкен.
Жоспар бойынша Петров көшесінің жаяу жүргіншілерге арналған жолы 15 см-ге биіктетілетін болады. Автокөліктер оны кесіп өткенде еріксіз жылдамдығын төмендетуге мәжбүр болады. Бұл – адамдардың қауіпсіздігі үшін жақсы.
– Жаяу жүргіншілер жолы адам­дарға қолайлы болуы тиіс. Тұрғындардың 30 па­йызы ерекше қажеттілігі бар адамдар, сондай-ақ қарттардың, балалардың да жағдайын ойлау керек. Еуропа қалаларында жаяулар жолы қолайлы болып салынған. Біз солардан үлгі алуымыз керек, – деді орталық жетекшісі.
Жобада көше бойымен нөсерсу кәрізін жіберу жайы да ескерілген. Сонымен қатар дүкендердің, басқа да бизнес нысандарының кіреберістері жаңадан жасалады. Қазіргі күні кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Біз кәсіпкерлерге нысандарының кіреберіс ауданын кеңейтуге мүмкіндік береміз. Дегенмен бұл нысандардың бәрінің дизайны бірдей болуы керек» деді ол.
Ал Сәтпаев көшесінің Мұңайтпасов көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі аралығы қайта салынатын болды. Бұл көше де тар, сондықтан ең бірінші, оның ені кеңейтіледі.
«Сәтпаев пен Мұңайтпасов көшелерінің қиылысында монша бар, оның маңында көліктер кері бұрылып кететін тұс бар. Оның ені 8 метр, ал жаяуларға арналған тротуар­дың ені 1 метрден аспайды. Жоба бойынша біз кері бұ­рылыс аумағын 5 метрге дейін азайтып, одан алынған 3 метр жерді тротуарға қосамыз» деді Елнар Базыкен.
Сәулетшілер көше бойымен жапсарластырып жаяу жүргіншілер жолын салмақшы, оған түрлі сәулет нысандары, сәкілер қойылады. Сәтпаев пен Мұңайтпасов көшелерін веложол жалғап тұратын болады.
Қазіргі кезде екі жоба да қоғамның талқылауына ұсы­нылған. Жобалау ағым­дағы жылдың соңына дейін жа­салып бітуі тиіс. Ал 2021 жылы билік көшені жаңғыртуға кіріседі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 14 =