КӨШЕГЕ ДЕ КYТІМ КЕРЕК

0 106

Без имени-1

Жыл он екі ай бойы, күндіз-түні бір тынбайтын көлік қозғалысының қауіпсіз әрі жайлы болуы қалалық жол құрылымының дамуымен тығыз байланысты. Қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының негізгі қызметіне қала көшелерінің кептеліс тудыратын күрделі түйіндерін шешу, шағын айналма жолдардың құрылысы, тұрғын үй алаптарындағы жолдың инфрақұрылымын дамыту, ескі көшелердің қайта жөндеу және ағымдағы түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу кіреді.

Биылғы жол салу мен жөндеу жұмыстары 120 шақырымды қамтиды. Оның ішінде 46,4 км жол құрылысы жұмыстары болса, тұрғын үй алаптарына 19,2 км жол жеткізіп, 73,6 шақырым жолды қайта жөндеуден өткізгелі отыр. Бұл жұмыстардың дені Есілдің сол жағалауында жүргізіліуде.

Қазіргі сәтте көктемде басталған Шабал Бейсекова атындағы көшені Н.Тілендиев даңғылына дейін созу жұмыстары жалғасын тауып, жол салушылардың қарбалас тірлігі еселене түсуде. Мамандардың айтуынша, осы шағын айналма жолды салу арқылы Тілендиев, Сарыарқа, Тұран, Бөгенбай батыр даңғылдарындағы қозғалыс едәуір жеңілдейтін көрінеді.

Ал, №14 көшені Абылай хан даңғылына дейін жеткізу Б.Момышұлы, Абылай хан даңғылы мен Айнакөл көшелеріндегі кептелістерді жеңілдетпек. Қазіргі таңда жол құрылысымен шектесетін жерлерді дайындау жұмыстары басталып кетті.

Жалпы, қала көшелерін күтіп-баптаудың, оның техникалық ақауларын түзеудің басты амалдары бар. Оның бірі – ағымдағы жөндеу жұмыстары. Бұл жолдың тозған бөліктерін жөндеп, пайда болған ой-шұқырын ғана толтыратын себепті жиі қайталанып тұрады. Жол төсемінің беткі қабатының сапасын жақсартып, қалпына келтіру жұмыстары бірнеше жылда бір-ақ рет атқарылады. Бұл ағымдағы жөндеуден гөрі ауқымды, аралықтағы жөндеу түрі болып есептеледі. Ал тозған жолдың қарыс қабатын ысырып тастап, жаңадан асфальт төсеп, тек күре жолды ғана емес, тротуардың да тасын қалап, жол жиегіне көгал егу, сонымен бірге жол асты нысандарын, түрлі желілерді қайта салу жұмыстарын толық жөндеу деп атайды. Қаланың көптеген көшелері, әсіресе, оң жағалаудағы басты даңғылдар мен көне көшелер өз ретімен біртіндеп толық жөндеуден өтіп жатқаны бәрімізге мәлім. Уақытша қолайсыздық туғызса да, жұмыс біткеннен кейін кедір-бұдыры жоқ, теп-тегіс көшенің кейпі бәрін жуып-шайып жіберетіндей.

Көшеге төсейтін материалдардың да түр-түрі бар. Жолдардың көбіне асфальтбетонды ыстық күйінде құйып, қайта тегістейді. Бұл көп қаражатты қажет етпейтін, қарапайым әдіс ретінде барлық жерлерде кең таралған. Бүгінде жаңадан жол жүргізуде асфальттың жаңа түрі ЩМА (щебеночно-мастичный асфальтобетон) пайдаланылады екен. Оның кәдімгі асфальтбетоннан айырмашылығы бар. Алдағы уақытта Бюро Веритас компаниясымен бірлесе отырып, біздің климатқа төзімді асфальттың жаңа түрін дайындауда. Әзірге тәжірибе ретінде «жылы асфальт» қолдануды ойластыруда. Жаңа технологияның нәтижесінде асфальтбетонның беткі қабатының тығыздығының пайдалану мерзімін шамамен 50 пайызға дейін созуға мүмкіндік береді.

Жалпы, көлік ағынына шыдас беретін жол жөндеу жұмыстарының нәтижелі болуы күннің жылылығына да байланысты. Жолдың тегіс төселіп, беткі қабаты нығыз түсуіне әсер ететін күннің қызуы болса, ерте көктемнен қоңыр күзге дейін жөндеу жұмыстарының жалғасуы ең алдымен осы қажеттіліктен туындайды. Алайда, бұл жұмыстардың да маусымын ұзартатын жаңа әдіс ойлап табылыпты. «Жылы асфальт» арқылы осы маусымды біршама созуға болады екен.

Мердігер компаниялардың жол құрылысына қатысты барлық жұмыстарының сапасын осы саладағы халықаралық тәжірибесі мол шетелдік «Бюро Веритас» компаниясы бағалап, бақылау жүргізеді екен. Түрлі сараптама жүргізу арқылы атқарылған жұмыстардың сапасын анықтап, құрылыс материалдары мен құрылыс жұмыстарының бекітілген нормативтер мен стандарттарға сай болуын қадағалайды.

Кез келген қала үшін көшелер мен даңғылдары тек көлік қозғалысының емес, тынымсыз тірлігінің арқауындай. Елорда жол құрылысының байыбына барған сайын, әрбір тұрғынға қолайлы болу ниеті осы жолдармен бірге салынып жатқанының куәсі болдық.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − one =