КӨШЕДЕГІ ҮЙСІЗДІҢ КҮЙІ

0 50

Күн суытқалы қоңыр күртешедегі ағайды іздеймін… Осыдан бір ай бұрын қоқыс жәшігінің бүйіріне әлдекімнің әдемілеп іліп кеткен күртешесін көзім шалды. Былғарыдан тігілген, еш жері бүлінбеген сырт киімді көршіміз көше кезген қаңғыбасқа әдейі қалдырғандай. Арада екі күн өткенде сол маңнан тапа-тал түсте сырт көзден қысылмай, қоқыс ақтарған қоңыр күртешелі кезбені байқадым. Қайырымдының қалдырғаны денесіне қона қалыпты. Өзіне жақындап, жағдайын сұрағым келіп еді, бата алмадым. Бала кезден «Бомж» көрсең, бірден қаш!» деген әкемнің сөздері санама сіңіп қалса керек. Алыстан бақылап бақтым, тамақ қалдықтарының арасындағы бір шеті аздап көгерген нанды алып, кір қолдарымен үзіп, аузына салып жіберді. Шай қалдықтары жабысқан еті бар сүйекті сілкіп тастап, тістелей кетті.

Сол сәтте үнемі тұрып қалған, қатқан нанды жемей, жаңа піскенін сатып алатыным есіме түсіп, кеңірдегіме кесек қадалғандай болды. Көзім жасқа толып, артыма қарамай үйге қарай жүгіре жөнелдім. Оны аяғаннан емес. Ішер-жемін тауып, қарнын тойдырған қаңғыбастан өз күйімнің аянышты екені шыдатпады.
Бұл көргенімді қанша ұмытқым келсе де, санамнан сызып тастай алмадым. Қатқан нан мен қара суға қуануды үйретті де, қоңыр күртешелі кісі ізім-ғайым жоқ болды. Ол кезде күн жылы еді, қала аралап, жатар жерін табады. Тым құрығанда бір теректің түбінде бас сауғалар. Ал қазір қар қылаулап, түн ызғарлы шақта қатқыл астананың қай жерінде жүр екен деп ойлаймын. Көпқабатты үйлердің жертөлесі мен жеделсатысы бар жердің ешкім жүрмейтін баспалдағын баспана етеді, вокзал маңы мен кезекті қоқыс алаңында күнелтеді. Десе де қалалық белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында болса екен дейді мендегі үміт. Ақыры үйсіздің күйі өмірі барамын деп ойламаған кезбелер үйінен бір-ақ шығарды.
Елордадағы «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» КММ Чехоев көшесі, 14А мекенжайында орналасқан. Мұнда түскендерге әуелі киім-кешек беріліп, егер ауыр халде жатса, медициналық көмек көрсетіледі. Енді бірінің құрт ауруы немесе психикалық ауытқуы байқалса, тиісті медициналық мекемелерге жіберіледі. Жалпы, кәмелет жасқа толған, ақыл-есі дұрыс азаматтарды қабылдайды. Сондай-ақ орталыққа түскен қаңғыбастардың жеке басын куәландыратын құжаттары қайта рәсімделеді. Денсаулықтарының оңалмауына байланысты кейбірінің облыстық сараптама комиссиясының көмегімен мүгедектік мәселесі шешіледі, зейнет жасына жеткендерге арнайы зейнетақы тағайындалады. Жатын орын және үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Орталық қала ішіндегі тірек пункттері мен пәтер иелері кооперативтерімен тығыз байланыста әрі кез келген адам 53-16-48 немесе 53-16-11 нөмірлеріне хабарласып, байланысқа шыға алады.


Соңғы 3 жылда бұл мекеме 4015 адамға 7 бағыт бойынша: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, моральдық, заңгерлік, экономикалық тұрғыдан қолдау көрсетіп, жұмысқа тұруына көмектескен. 195 жанның құжаттары қалпына келтіріліп, 200-ден аса азаматтың құқығы заңдастырылды. Орталықтың күндізгі бөліміндегілерге – 180, ал түнгі бөлім келушілеріне 50 төсек-орын қарастырылған. Биыл қызмет көрсетілген 22 адам отбасына оралып, қаңғыбастық өмірмен қош айтысты.
Өмірдің түрлі сынағына төтеп бермей, салы суға кеткен жандардың жүзінде шарасыздық пен тағдырдың сынағына мойынсұнған амалсыздық бар. Қайсыбірін алып қарасаң да, сан қилы тағдыр иелері. Ал 45 жастағы Клара Досанованың әдемі ажарының ар жағында арақтың өз дегенін істегені көрініп-ақ тұр. Мұңлы әңгімесін тыңдап, өмірден үміті барын естігенде ішім жылып сала берді.
«Менің өз отбасым болды. Күйеуім, балаларым бар, тек сөз жүзінде. Неге? Себебі үйде ұрыс-керіс көп болатын. Бір қызым болды. Бүгінде бесінші, я жетінші сыныпта оқып жатқан шығар. Нақтысы есімде жоқ. Тіпті өзімнің кім екенімді де есіме түсіре алмайтындай едім. Қазір жақсарып келемін. Орталықтың арқасында адам қатарына қосылып отырмын ғой. Содан күйеуім маған бар мінезін көрсетіп, соққының астына жиі алатын. Ақыр соңында үйден қуып жіберді. Басында туыстарым көмектесті, әркімнің үйін паналап жүрдім. Ішімдік іштім, содан арақ өз дегенін істеді. Қалайша «бомждардың қатарына» қосылғанымды да аңғармай қалдым. Бәрі менен сырт айналды, қызым да естіген шығар. Олардан ұяламын. Әлсіздік танытқаныма өкінбеймін. Себебі бұл маған үлкен сабақ болды. Қызым менің түзелгенімді білмей-ақ қойсын. Аман жүрсе, сол да жеткілікті. Болашақта аяққа тұрып, жұмысқа орналасқым келеді. Арақ ешқашан ішпеймін. Бұған дейін қанша тырысып көргеніммен, сөзімде тұра алмадым. Ал енді ащы суды көргім де, атын естігім де келмейді» дейді Клара Досанова.
Жылы орынға қаңғыбастар өздері келсе, енді бірін тәртіп сақшылары алып келеді. Ал 56 жастағы Мұрат Асылхановты туған ұлы тастап кетіпті.
«Шығыс Қазақстанның тумасымын. Ұлыммен бірге елордаға келгенбіз. Әйелім кезінде қайтыс болған. Басында қалалық емханаларда сантехник қызметін атқардым. Жұмысым тәуір еді. Бірақ бірте-бірте ішімдік ішпесем, шыдамайтынды шығардым. Жұмысқа ішіп барып жүрдім. Ондай кезде ортаны да тауып алады екенсің. Әйтеуір бірге ішетіндер көп еді. Содан маскүнем болып кеттім. Жұмыс жайына қалды. Үйге келмей, көшеде ұйықтап қалып жүрдім. Ұлым мектепте жұмыс істейтін. Маған қатты ренжіді. Сөзге келіп қалдық. Содан үйден шығып, қайтып бармадым. Қайыр тілеп, тапқаныма арақ алып ішетінмін. Өйткені азын-аулақ тиынға тойымды тамақ келмейді. Үйге баруға бет жоқ. Екі жылда өзімді-өзім танымастай болдым. Бір күні ұлым өзі іздеп келді. Сөйтіп жүріп осы жерге тап болдым. Оған ешқандай өкпем жоқ. Маған қарап араққа жоламайды қайта. Міндетті түрде кездесіп, өзінен кешірім сұрағым келеді» деп тарқатты ол.
Мұндағылардың оқиғаларының соңы бір-біріне ұқсағанмен, басталуы сан түрлі. Себебі арзан ойдың түбі азапқа соқтыратыны баяғыдан белгілі ғой. 45 жастағы Нұрлы Айтпайдың туғандары әлі де бауырларын бір күні келер деп күтіп жүруі әбден мүмкін. Өйт­кені ол астанаға ақша табамын деп келіп, арандатушыларға алданып, сан соғып қалған. Құжатын кім алғанын, өзінің қайда жүргенін білмей, жылдар бойы алдағандардың айтқанын істеумен күнін өткізген. Қуаныш­қа орай, азапты өмірден қашып шығып, орталыққа өз аяғымен жетіпті. Бірақ өзі бұл туралы айтқысы келмейді. Шет жағасын сондағы мамандардан естіп-білдім.
Орталықтағы азаматтардың оқиғалары осылай өрбіді. Бар өмірден баз кешіп, өзін ащы сумен алдаған азаматтар, құжатын жоғалтып, қатардан қалған жандар мен туғаны теріс айналғандар. Бәрінің өткен өміріне деген өкініш табы бар. Елордада дәл осындай барар жері, басар тауы жоқ адамдардың қанша екені білгісіз. Тағдыр тәлкегіне шыдамай морт сынса да, қайта орнынан тұрғандармен тілдескеннен кейін көңілім қалпына түсті. Қоңыр күртеше киген адам түбінде түзелсінші деп амандығын тіледім де, өз жөніммен кете бардым.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + nine =