Көшеде енді су жиналмайды

0 16

Aптаның басында екі күн бойы толассыз жауын жауып, қаланың бірқатар бөлігін су басып қалды. Қалада мұндай орын үшеу. Соның бірі – Б.Момышұлы даңғылында су өткізу мүмкіндігі жоғары коллектор салу жұмысы қызу жүріп жатыр.Елордада көптен шешімін күткен көкейтесті мәселенің бірі – су сору жүйесінің тәуліктеп жауған жауынды сіңіре алмай, көшелерді су басуы. Қалада толассыз жауыннан кейін кішігірім көлге айналатын осындай проблемалы бірнеше тұстар бар.

– Біз бұл мәселелерді кешенді түрде қарастырып, кәріз құдықтарын салуды қолға алып жатырмыз. Қала бойынша басты үш жер белгіленді. Бірінші, Б.Момышұлы даңғылы бойынша су басу аймағына байқау жарияладық. Енді соның нәтижесін күтудеміз. Екінші – А.Иманов көшесінің су басу аймағы бойынша байқау бітіп, мердігер компания жұмысын бастады. Келесі проблемалы учаске – Тұран даңғылының бойы. Бұл жерде де тиісті жұмыстар басталып кетті. Негізі, бұл – 2-3 жылға арналған үлкен жоба, – деген еді қала әкімі Алтай Көлгінов былтыр тамыз айында журналистер қауымына жауын-шашын проблемасына қатысты түсінік бергенде.
Жалпы, қалада жауын-шашыннан соң су астында жиі қалатын 32 нүкте бар екен. Оның зардаптарын жедел жою үшін қаланың коммуналдық қызметтері көп ретте күшейтілген режимде жұмыс істейді.Енді, міне, жоспарға сәйкес Б.Момышұлы даңғылы мен А.Тоқпанов көшесінің қиылысында су құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту жұмыстары мамыр айының алғашқы күндерінен басталды. Аталған учаскеде жаңадан коллектор салынып, тазарту құрылғысы орнатылады, сонымен қатар бұрынғы қолданыстағы диаметрі 1,2 м су өткізгіш құбырына қосымша диаметрі 1,8 м тағы бір құбыр тартылатын болды. Жөндеу жұмыстарымен «Астанаводсервис» ЖШС айналысуда.
– Проблемалы учаскеге тек қосымша диаметрі үлкен құбыр төсеу­мен мәселе бітпейді. Олай болса жауын-шашынды күндері көше қайтадан көлкілдеген суға айналады. Сондықтан жаңадан салынатын коллектордың соңында сусорғыш жабдығы бар станса орнатылады. Оны да біздің серіктестік өзі орнатады, – деді учаске бастығы Андрей Штейн.
Айта кетейік, құрылысқа пайдаланылатын темірбетон құбыры Нұр-Сұлтан қаласында жасалған, отандық, ал сорғы жабдығы Швециядан жеткізілген.
Учаске бастығының айтуынша, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтың өзіндік қиындықтары бар көрінеді. Құбыр төселетін ор терең қазылған, 7 метрге жетеді, әрі оның бойымен түрлі коммуникация өтеді. Ол тұста қым-қуыт шатысқан жерас­ты коммуникациясы көп. Оларды зақымдап алмай, айналып өтіп, соған бе­йімделіп жұмыс істеуге тура келеді.
– Жаңа құбыр төселетін арна бо­йында диаметрі 1 метр су тартқыш желісі қиылысады, оның астынан диаметрі 400 см су торабы өтеді. Сондай-ақ Тәуелсіздік даңғылы жақтан жер астымен келетін су құбырына өзіміздің құбырымызды жалғауымыз керек. Міне, осындай қиындықтар кездеседі, – деді «Астанаводсервис» ЖШС учаске бастығы.
Қазір аталған учаскеде серіктестіктің 60-тан астам адамы еңбектеніп жатыр. Сондай-ақ топырақ қазатын 4 үлкен экскаватор, 2 шағын экскаватор, жүктиегіш, кран, топырақ таситын 11 КамАЗ – барлығы 21 техника жұмылдырылған. Жұмысшылар таңғы 07.00-ден кешкі 23.00-ге дейін жұмыс істейді.
Егер аяқастынан көлденең кедергілер киіп кетпесе, жұмысшылар жөндеу жұмыстарын белгіленген жоспарға сай толықтай бітіруге мүдделі. Яғни 1 шілдеге дейін жөндеу жүргізіліп жатқан учаскеге құбыр тартылып, сусорғы орнатылып, қазылған ор жабылып, тегістеліп, көше жолына асфальт төселіп болуы тиіс. Дегенмен бірдеңе деп кесіп айтуға болмайды. Астана ауа райының аяқастынан құбыла салуы оңай. Өткенде күнұзаққа жаңбыр жауғанда, құбыр арналары суға толып, оны сорып алғанша жұмыс екі күн тоқтап қалған. Әйтсе де жөндеу жұмыстары аяқталған соң, қалалықтардың бұрынғы суға көлкіген жайсыздықтардан арылатын күн алыс емес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 4 =