Көше жөндеу қарқын алды

0 54

Астанада ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын 150 көше жөндеуден өткізіледі.– Биыл 150 көшеге жөндеу жүргіземіз. Олардың 50-і қаланың орталық бөлігінде – қоғамдық көліктер жүретін магистралдық жолдар. Бұл көшелердің кейбіреулерін ғана күрделі жөндеуден өткізгені болмаса, негізінен, көпшілігіне орта жөндеу жұмыстары жасалады. Жөндеу жүргізілетін қалған 100 көше тұрғын үй алаптарының ішінде орналасқан. Мәселен, Өндіріс, Кирпичный, Көктал, Лесозавод, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Жол жөндеу жұмыстары сәуір айының екінші жартысында екі орталық нысандар – Еуразия ауданында Момышұлы көшесінен Мұңайтпасов көшесіне дейін және Бөгенбай көшесінен басталып, мамыр айы туа тұрғын үй алаптарының ішіндегі көшелерге ауысты.
– Бұл – өте орасан көп жұмыс. Карантиннен кейін көшеде машиналар бірден қаптап кетеді, ол кезде еріксіз жолдарды жабуға мәжбүр боламыз. Бұл жүргізушілерге жайсыздық туғызатыны рас, бірақ басқа амалымыз жоқ. Сонымен қатар орташа жөндеу жұмыстарынан басқа, шұңқырлап жөндеу, маршруттық жөндеу жұмыстарын жүргіземіз,– деді Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бастығы Нұрлан Солтамбеков.
Жыл аяғына дейін қаланың 9 ауданында жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мысалы, Өндірісте – 16 көше, Кирпичнийда – 12 көше, Агроқалашықта – 21 көше, Көктал – 1-де – 12 көше, Промышленныйда – 8 көше, Юго-Восток – 18 көше, Ақбұлақта – 7 көше, Пригородныйда – 4 көше, Заречныйда – 2 көше.
Одан бөлек, биыл Есіл өзенінің үстімен өтетін көпір құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар астананың инженерлік және жол инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Аталған жұмыс­тар «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаға сәйкес жол жөндеу жұмыстарына 12 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар бағдарлама аясында жаңадан 1,5 мың жұмыс орны ашылатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =