Көше жаны көз тартады

0 44

Биыл Сарыарқа ауданында 14 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Тиісті жұмыстар маусым айының басында басталып, жылдың соңына дейін жалғасады.Осыған дейін аудан тұрғындары демалатын жаңа орындар Жеңіс даңғылы, 26А, С.Сейфуллин көшесі, 14/1 және 16, К.Байсейітова көшесі, 126 мекенжайларында ашылды. Ақын атындағы көшеде апатты деп танылған ескі екі үй сүріліп, оның орнына асфальт төселіп, балалар ойын алаңдары, орындықтар орнатылып, маңай жарықтандырылды. Басқа да мекенжайларда осындай жұмыстар жүргізілді. Әсіресе, атақты опера әншісінің аты берілген көшеде ауқымдырақ болды. Мұнда «Workout» спорт кешенімен қатар шағын сәулет формалары, қауіпсіздік мақсатында қосымша жол белгілері орнатылып, жол жолағы сызылды. Көліктердің жылдамдығын тежейтін кедергілер салынды.– Біз бұл жобалар бойынша тұрғындармен алдын ала ақылдастық. Қоғамдық пікірді тыңдап, бірлесіп талқыладық. Орнатылған құрал-жабдықтардың 90 пайызы жергілікті мазмұнға ие. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыссыз жүрген немесе пандемия­ға байланысты жұмыстарынан қысқартып қалған адамдарды тарттық, – дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінің абаттандыру және қоғамдық кеңістікті дамыту бөлімінің басшысы Азамат Мәшенов.
Әкімдік аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында «Астана бас жоспар» мекемесімен бірге тағы бірнеше аймақты абаттандыру жоспарын әзірледі.Соның ішінде Ә.Жангелдин көшесі, 20, 20/1, 20/5, Ш.Қосшығұлұлы көшесі, №11/1, 11/2, 11/3, 11/4, 17, Ырыскелді қажы мешіті маңындағы Ш.Бейсекова көшесінде, С-303 көшесі, 21/1, 23/2, 23/3, 27, 27/1 мекенжайларындағы үйлердің аумағы абаттандырылады. Тиісті жобалар мақұлдау үшін Нұр-Сұлтан қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына жіберілді. Егер тұрғындарда аталған мекенжайларды абаттандыруға қатысты ұсыныстар болса, олар Сарыарқа ауданы әкімдігінің жергілікті өзін-өзі басқару мәселесін үйлестіру бөлімінің басшысы Ержан Жұмағұловқа 8-701-527-98-88 телефон нөмірі арқылы хабарласа алады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =