КӨШЕ СӘУЛЕТІНЕ КӨҢІЛ БӨЛІНЕДІ

0 141

IMG_0356

Астана тұрғындары «Біз – таза қаламыз!» атты жалпықалалық сенбілікке дайындалуда. 19 сәуірде елорданың Есіл ауданында қала көшелерін тазалауға 18 мыңнан астам адам шығады. Бүгінде ластанған жерлерді тазалап, қоқыстарды шығарудан бөлек осы аудандағы аумақтарды көгалдандыруға көп көңіл бөлінуде.

Есіл ауданы әкімдігінің хабарлау­ын­­ша, сенбілік күні абаттандыру мен көгал­дандыру жұмыстарына 400-ден аса кәсіпорындар мен мекемелер тар­тыл­мақшы. Атап айтқанда, 57 пәтер ие­ле­рінің коопе­ра­тиві, 3 жоғары оқу орны, 11 денсаулық мекемесі, 21 білім беру ұясы, 35 мемлекеттік орган, 95 құры­лыс ұйымы мен 250-ге жуық шағын және орта бизнес субъек­ті­лері бар.

Экологиялық айлық кезінде қоқыс орындары түгел жойылып,­ шаһар шетіндегі полигонға жөнел­ті­летін болады. «Астана қалалық жарық», «Астана-көгалдандыру құрылысы», «Елорда-жарнама», «Астана РЭК», «ССТ Лайтинг», «Акмолаводсервис и К» және «СК Зерен Эксклюзив» секілді коммуналдық кәсіпорындар бар­лық­ инфрақұрылым нысандарын қал­­пы­на келтіру жұмыстарымен айна­лысады.

–Есіл ауданында көгалдандыру бағдар­ла­масының жүзеге асырылуына ерекше көңіл бөлінеді. Керей, Жәнібек хандар көшесі бойына 1 500 ағаш көшет­терін отыр­ғы­зу жос­пар­лануда. 150 мың ағаш­тың түбі әктеледі. Оған қоса аудан көше­лерінің сәулетіне мән берілмекші. Аумақтағы жасыл бақтар, желекжолдар жаз мезгі­лін­де ажар­ла­нып тұруы үшін көгал­дан­дыру жұмыстары осы бастан қолға алынбақ, – дейді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Берік Ахметжанов.

Сондай-ақ, сенбілік күні аудан­да 90 жүк көлігі мен 30 жүк тиегіш кран таза­лық жұмыстарына қаты­са­тын болады.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + three =