Көше саудасы қызады

0 14

Елордада «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасы бойынша салынған сауда павильондарының саны межеден асып түсті. Енді павильондар тұрғын үй алаптарының ішінде де орналасады. Сонымен қатар қалада сүт өнімдерін саудалайтын дүңгіршектер пайда болады.

Соңғы уақытта әкімдіктің шешімімен «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасы бойынша жаңа сауда нысандарына арналған жер телімдерін бөлу ісі тоқтап тұрған еді. «SKdevelopment» ЖШС директоры Ардақ Досановтың айтуынша, оған себеп қаладағы павильондардың саны жоспардағы мөлшерден асып түскен. Бұл жағдай бағдарлама атауына қайшы келеді дейді ол.
«Бұл шешімнің екінші себебі де бар. Кей павильондардың бас қала сәулетіне сай еместігі жөнінде шағымдар түсті. Сондай-ақ кей учаскілерде электр желілеріне қосылу, сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ. Жобаны жалғастыру үшін жер телімдерін тұрғын үй массивтерінің аумағынан беру жағы қарастырылуда» деді ол.
Қала әкімінің хаттамасына сәйкес, комиссия шешімімен 2016 жылдан бастап көше саудасына 1069 жер телімі бөлінді. Соның ішінде 644-і кәсіпкерлік нысандар үшін берілді. Қазір 79-ы ресімделіп жатыр. Конкурсқа 79-ы шығарылады. Ал проблемалық 63 жер телімі бар. Бағдарламада көкөністер мен жемістерді сату нысандары көбірек кездеседі. Олар үшін 244 жер учаскелері бөлінген, содан кейін тамақтану орындары – 211, тамақ өнімдері – 71.
Айта кетейік, жобаға қатысатын бизнес өкілдеріне сауда үшін қосалқы жер учаскесін жалға беру қарастырылған. Бағдарлама талаптарына сәйкес көкөністер мен жемістерді, тамақ өнімдерін, гүлдер мен баспа өнімдерін сату үшін пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар арнайы бөлінген жерде техникалық қызмет, тұрмыстық және заңгерлік қызметтер көрсетілуі мүмкін. Жалға алу бағасы учаскенің ауданына байланысты.
«Егер сауда алаңы 20 шаршы метр болса, кәсіпкер 1 шаршы метр үшін жылына 20 мың теңге төлейді. 20-дан 30 шаршы метрге дейінгі учаске үшін тариф 16 мың теңгеге дейін төмендетілді. Егер павильонның ауданы 30 шаршы метрден асса, жалға алу құны жылына 1 шаршы метр үшін 14 мыңға дейін төмендейді» деп түсіндірді Ардақ Досанов.
Кәсіп ашуды енді ғана жоспарлап жүргендер жер учаскесін конкурс немесе конкурстар мен аукциондар арқылы ала алады. «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасына қатысушылар жердің техникалық сипаттамаларын өзгерте алады. Сондай-ақ бағдарламаға қосу үшін бос жатқан жерді таңдауға болады. Ол үшін «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өтініш, өтініммен бірге фотосуретті және сұралған аумақтың сызбасын қоса беру керек.
Қаланың сәулетін бұзбай, көркін кетірмеу үшін сауда павильондарының бірыңғай стандарты әзірленді. Келісімшартқа сәйкес шағын және орта бизнес өкілдері 434 жаңа павильон орнатты. Заңсыз сауданы жою үшін 2018 жылдан бастап QR-кодтар енгізілді. Ал былтырдан бері сауда жүргізуге арналған жер телімдерін жалға алу электронды аукцион арқылы жүргізілетін болды. Бұл телімдерді бөлудің ашықтығын қамтамасыз етті. Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге әлеуметтік осал топтарға жататын адамдарға сауда жүргізуге жер телімдерін бөлудің тәртібі әзірленді. Биыл оның саны 30-ға жетті. Қазір сауда павильондарын орнату жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде бағдарлама шеңберінде 1700 жұмыс орны құрылып, 1 миллиард теңгеден аса жеке инвестиция тартылды.
Сондай-ақ сүт өнімдерін өндірушілерге арналған павильондарды орнату жоспарланып отыр. Мұндай өнімдер ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілерден тікелей делдалдарсыз жеткізілмек. Бұл жоба «Үй жанындағы дүкен» деп аталады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − thirteen =