Көше саудасы қарқын ала ма?

0 52

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қазіргі күрделі жағдайда басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екенін атап өтті. Президент пандемияның зардабы шағын және орта бизнес саласына шын мәнінде ауыр тигенін айтып, осы саланы қолдау шараларына тоқталды.

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында сауда мәселелеріне арналған қоғамдық тыңдауларда мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мирас Шекенов Президенттің аталмыш саладағы тапсырмаларын еске салды. Аталмыш жиынға қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова қатысты.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке халықтың өмір сапасын жақсарту және әл-ауқатын арттыру бойынша нақты міндеттерді жүктеді. Соған сәйкес экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Президент шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды. Субсидиялау Төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни биылғы 16 наурыздан бастап 12 айлық кезеңді қамтиды, – деді М.Шекенов.
Ұлттық банк көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін арнаулы бағдарламаны жүзеге асырып жатқанын айтқан депутат бұған дейін бұл бағдарламаны биыл аяқтау жоспарланғанын атап өтті. Бірақ Президент қазіргі күрделі ахуалға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның аясын кеңейтуді тапсырғанын жеткізді. Бұған қосымша 200 миллиард теңге бөлінетінін, сол арқылы бағдарламаның жалпы құны 800 миллиард теңгеге дейін жеткізілетінін айтты. Сондай-ақ шағын және орта бизнес саласындағы Президенттің басқа да тапсырмаларына тоқталды.
Елордада қала әкімдігінің қолдауымен «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Оның аралық қорытындыларымен және қазіргі жағдайымен «SPKdevelopment» ЖШС директоры Ардақ Досанов таныстырды.
– Қала әкімінің хаттамасына сәйкес, комиссия шешімімен 2016 жылдан бастап көше саудасына 1069 жер телімі бөлінді. Соның ішінде 644-і кәсіпкерлік нысандар үшін берілді. Қазір 79-ы ресімделіп жатыр. Конкурсқа 79-ы шығарылады. Ал проблемалық 63 жер телімі бар. Пандемия кәсіпкерлерге ауыр тиді. Карантин болғанда экономикамыздың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес зардап шекті. Базарлардың, сауда үйлерінің, қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы ұзақ уақытқа тоқтап қалды, – деді А.Досанов.
Оның айтуынша, төтенше жағдай уақытында сауда орындарын жалға алып отырған нысандар үшін төлем тоқтатылды. Мұның жалпы сомасы 16 миллион теңгеге жуықтады.
«Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасын іске асыру қорытындыларына қайта тоқталған баяндамашы қаланың сәулетін бұзбай, көркін кетірмеу сауда павильондарының бірыңғай стандарды әзірленгенін атап өтті. Келісімшартқа сәйкес шағын және орта бизнес өкілдері 434 жаңа павильон орнатты. Заңсыз сауданы жою үшін 2018 жылдан бастап QR-кодтар енгізілді. Ал былтырдан бері сауда жүргізуге арналған жер телімдерін жалға алу электронды аукцион арқылы жүргізілетін болды. Бұл телімдерді бөлудің ашықтығын қамтамасыз етті. Бұған қоса, Нұр-Сұлтан қаласының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге әлеуметтік осал топтарға жататын адамдарға сауда жүргізуге жер телімдерін бөлудің тәртібі әзірленді. Биыл оның саны 30-ға жетті. Қазір сауда павильондарын орнату жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі күнде бағдарлама шеңберінде 1700 жұмыс орны құрылып, 1 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Сондай-ақ сүт өнімдерін өндірушілерге арналған павильондарды орнату жоспарланып отыр. Мұндай өнімдер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тікелей делдалдарсыз жеткізілмек. Бұл жоба «Үй жанындағы дүкен» деп аталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + three =