Көше музыканттары қайыршы қатарына жата ма?

0 253

Көше музыканттары қала өмірінің бір бөлігіне айналғалы қашан. Көктем келіп, күн күлген жаймашуақ күндермен бірге Астананың белгілі орындарына да бесас­пап өнерпаздар қайтадан оралды. 

Бірі – домбырамен, бірі – баянмен, енді бірі гитарамен ән салып, шағын ортасын думанға бөлейді. Тыңдарман бар ма, жоқ па – бас қатырмайды. Алдына бір жапырақ шөберек жайып тастап, өнер көрсетеді.
Мұндай музыканттардың бар мүддесі – еркін өнер арқылы нәпақа табу.
Бұл, әрине, қайыр сұрап, қол қусырып отырғаннан артық.
Десе де, көше музыканттарының көпшілігі өздерін қайыршы қатарына жатқызбайды. Оған да негіз бар. Бұл музыканттар ерікті түрде өнер көрсетеді. Содан өздері жан ләззатын алады. Көпшілікті көңілдендіреді. Ал, осы жақсылығының қайтарымы ретінде өткен-кеткен алдарына тиын-тебен тастап, қолдау көрсетеді.
Көше музыканттарының кісі аяғы көп саябақ, сауда орындарының айналасында, жерасты өткелдерінде тұратын себебі де сол.

p.s.  Жуырда  интернет  беттерінде  елордадағы  Әділхан Базарбаев деген көше музыканты туралы әңгіме тарады. Қоғамдық қауіпсіздік сақшылары қанша қудаласа да, текетіресіп, көшеде тұру кәсібін тас-тамай келе жатқан ол мақсатсыз да емес. Көше музыканттарына еркіндік беруді заңмен бекіттіргісі келеді.

Ал, Астана қаласының ішкі істер департаментіне қарасты қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қуантай Арғынғазыұлы мұндайға жол беру заңға томпақ келетінін айтады. Сақшылардың айтуынша, музыкамен әуестенетіндердің өз орны бар. Олар дәмхана, мейрамханаларда ән айтып, жұмыс істесе болады. Заңды жолмен табыс тапқаны үшін мемлекетке салық та төлеп отыруға тиіс.

Н.БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + twenty =