Көше атаулары келісілді

0 71

Биылғы 5 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласы ономастика комиссиясының отырысы өтіп, елордадағы бірқатар көше атаулары мақұлданды. Кеше өткен қалалық мәслихаттың көпшілік тыңдаулары осы тақырыпқа арналды. Жиында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев көше атауларына қатысты ұсыныстармен таныстырды.Атап айтқанда, Алматы ауданында жобалық атауы А 20 көшесіне Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің, А33 көшесіне мемлекет және қоғам қайраткері Әбубәкір ­Тыныбаевтың, А41 көшесіне мемлекет қайраткері Ұзақбай Қарамановтың, А349 көшесіне Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың, ал Есіл ауданындағы Е30 көшесіне шығыс түркі қолбасшысы Күлтегіннің, Е607 көшесіне татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімдерін беру ұсынылды. Байқоңыр ауданындағы Күлтегін орамын Биші қайың орамы деп қайта атау ұсынысы қолдау тапқан.
– Аталған ұсыныстар қолданыс­тағы заңнамаға сәйкес талқылау мақсатында ашық нормативті-құқықтық актілер порталына және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің интернет ресурсына жарияланды, – деді Т.Қышқашбаев.
Биылғы 1 мамыр-1 қыркүйек аралығында елімізде ұлттық халық санағы жүргізіледі. Осы уақыт аралығында ономастикалық атауларға мораторий жарияланады. Осыны атап өткен қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов көше атауларына қатысты түсініспеушіліктер туындамас үшін қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық қоғамдық кеңес мүшелерін тиісті жұмыс тобы құрылғанын айтып өтті.
– Үш-төрт айлық үзілісті пайдалана отырып, көшелер атауын ашық түрде халықпен талқылауды ұйымдастыру үшін біз жеке алгоритм жасаймыз. Ал осы ұсынылған алты көшенің атауларын депутаттар алдын ала талқылады. Ешқайсының қарсылығы жоқ. Атаулар қолдау тауып отыр, – деді Е.Каналимов.
2019 жылы Президент әкімшілігінің басшысы көшелерге берілетін тұлғалар мен жер-су атауларының тізімін бекіткен. Оған жалпы алғанда 400-ге жуық атау енгізілген. Мұны айтқан қалалық мәслихат хатшысы бұл тізімді депутаттар мен бірқатар қоғамдық кеңес мүшелері қарап шыққандарын жеткізді. Тізімдегі атаулардың 60-70 пайызы Нұр-Сұлтан қаласына берілгенін айтты.
– Бірақ елорда халқының атынан сол тізімге ұсыныстарды әлі де беруге болады екен. Сондықтан қазір осындай ұсыныстарды жинап жатырмыз. Мұны ономастика комиссиясы бізге берсе деген тілегіміз бар. Мәселен, Анатолий Храпатыйға көше берілді. Денис Тен атына көше беру ұсынысы айтылып жатыр. Жалпы, тиісті тұлғалар бұл тізімге кірмесе, олардың аттарына көше берілмейді. Сол себептен ұсыныстарды жинап, Президент әкімшілігіне хат жазайық. Сонда заң бойынша өмірден озғандарына бес жыл өткен соң, аттарына көше берілетін болады, – деді Е.Каналимов.
Дауыс берудің қорытындысында бұл отырыста ұсынылған көше атауларын қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдады. Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов, кеңес мүшелері Қаршыға Құлмұханов, Тілеуғазы Нұркенов күн тәртібіндегі мәселе бойынша пікірлерін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =