КӨШБАСШЫЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ

0 518

ERA_5708

Елбасы кітапханасында «Нурсултан Назарбаев: человек у власти» атты кітаптың беташар рәсімі өтті. Еңбек авторлары – тарих ғылымының докторлары Бүркітбай Аяған мен Әлима Ауанасова.

Іс-шараға Парламент депутаттары, дипломатиялық корпустың өкілдері, мемлекет пен қоғам қайраткерлері, ғалымдар және оқытушылар қатысты. Туындымен танысып шыққандар кезек-кезек өз ойларымен бөлісті.
«Байыптап қарасақ, Нұрсұлтан Әбішұлы бала кезінен-ақ көшбасшы болыпты ғой, – деп бастады сөзін еліміздің тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов. – Нұрекең Днепродзержинскідегі оқуда – староста, металлургиялық комбинатта – партком хатшысы, Министрлер кеңесінің төрағасы, одан соң Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Сол кезеңдердің әрбірінде ол кісі керемет басшылық қабілетімен көзге түсті. Міне, осы жайттардың бәрі түгел бүгінгі кітапта тарқатылып жазылған.
Заң ғылымының кандидаты, профессор Зинаида Федотова да – Елбасымен бірге қызмет істеген жандардың бірі. Осы еңбекті оқи отырып, барлық уақиғаларды көз алдынан қайта бір өткізіп шыққанын айтты ол: «Президентіміз өзі де демалмайтын, өзгені де демалдырмайтын қайраткер ғой. Сонысының арқасында тау-тау міндеттер іске асты. Әйтпесе, қазіргідей халге небәрі 24 жылда жете алар ма едік?! Әлі есімде, астананы Ақмолаға көшірерде көп дау болды. «Бұл қалай болар екен?» деген сенімсіздік белең алды. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы – мықты стратег емес пе?! Астананы аз уақытта гүлдендіріп, мегаполиске айналдыра білді. Бұдан соң оған халқы қалайша сенбесін, үміт артпасын?»
Ал «Егемен Қазақстан» га­зеті акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов жаңа кітапты «Елдігімізді еңселендіретін еңбек» деп атады: «2013 жылдың шілдесінде Посткеңестік әлем институты 68 елдің 300-ден астам сарапшысына сауал тастаған еді. Нәтижесінде, дүние жүзі бойынша ең үздік 5 лидердің қатарына Нұрсұлтан Әбішұлы да кірді. Бұл – үлкен көрсеткіш. Кітап авторлары біздің КСРО-дан бөлініп шыққан кезімізді Жер мен метеориттің соқтығысуы ретінде бағалайды. Бұдан соң, сөзсіз, жерде климат өзгереді, ауа райы құбылады. Біз де дәл сондай қиын жағдаймен бетпе-бет келдік. Бір күні Нұрсұлтан Әбішұлы республикалық теле­радио хабарларын тарату компа­ниясының төрағасы Ғаділбек Шалахметовті баспасөз хатшысы қызметіне ша­қырған екен. Қанша дегенмен, Ғаде­кеңнің бұрын істеп көрмеген жұмысы ғой. Сөз арасына Елбасыдан «Айтыңызшы, баспасөз хатшысы деген кім?» деп ақырын сұрапты. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы «Әуелі президент дегеннің кім екенін түсініп алайық» деп жауап береді. Шынымен де, ол тұста Нұрекеңнің өзіне де мұның бәрі тым таңсық, жаңаша дүние болып көрінгені рас. Соған қарамастан, ол кісінің көрегенділігі мен сая­си сауаттылығы барлық жерде дәлелденіп жатты. Ол кісінің осы қасиеттерін тану арқылы біз елдігімізді, мемлекеттігімізді тани түсеміз».
Мәжіліс депутаты, генерал-лей­­тенант Абай Тасболатов Елбасының әрбір детальға мұқият назар аударатынын тілге тиек етті. «Президенттік оркестр өнер көрсетіп жатқанда Нұрсұлтан Әбішұлының жанында әрқашан мен отыратынмын. Бір ән орындалып жатса, оның қашан шыққанын, күйді естісе, оның авторын менен сұрайды. Кей сұрақтарына кібіртіктеп қаламын. Сол кезде Нұрекеңнің өзі бәрінің жауабын айтады. Соншама ақпарат бір басына қалай сиятынына таң қалатынмын. Бұдан соң, мен де бүкіл ән-күйдің тарихымен танысып шықтым ғой. Жалпы, бүгінгі кітапта Елбасының біз білмейтін басқа да қырлары жан-жақты ашылады» дейді Абай Бөлекбайұлы.

Ботақан МАРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + one =