Көшбасшы феномині кестеленген

0 19

Тұңғыш Президент-Елбасы кітапханасында Ольга Видованың «Назарбаев феномені» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара Қазақстан Рес­публикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында, сондай-ақ 1990 жылы 24 сәуірде Н.Ә.Назарбаев Қазақ КСР Президенті болып сайланған және Қазақстанда президенттік институттың құрылуы күні қарсаңында ұйымдастырылды.Жиынды ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат бүгінгі таңда ­«Назарбаевтың саяси көшбасшылығы» және «Назарбаев феномені» ұғымдары әлемнің жетек­ші саясаткерлері мен ғалым-зерттеушілерінің басты зерделеу нысанына айналғанын атап өтті.
«Феномен Назарбаева» кітабы – көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі. Автордың бағалауы, кейіпкердің сипаты мен жеке тұлғасына және тұтастай оқиғаларға деген өзіндік көзқарасы басылымның мазмұнына тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы билік транзитіне, саяси оқиғаларға кәсіби талдау жасау жинақтың құндылығын арттырады. Автор «Мұрагер», «Дуумвират» сияқты тың әрі батыл ұғымдарды енгізген. Ольга Видованың еңбегі Қазақстанның Тұңғыш Президентіне деген ерекше құрметтің белгісі екені даусыз» деді Б.Темірболат.
Кітаптың авторы О.Видова Ресейдің мәдени мұрасын шетелде насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізеді. Ол посткеңестік кеңістіктегі қазіргі саяси және рухани өмірге арналған кітаптар жазған. «Ұлт көшбасшылары» жобасының нәтижесінде Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев туралы қытай, ағылшын және қазақ тілдеріне аударылған кітаптар жарыққа шықты.
Іс-шараға Қазақстан мен Ресейдің көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Мемлекет қайраткері Қуаныш ­Сұлтанов қазіргі Қазақстан тарихын зерттеушілер үшін басылымның құндылығын атап өтті. «Бұл бір тұлға туралы еңбек емес. Жинақта тұлғаның қызметі арқылы елдің, қоғамның өсуін көрсетіп отыр. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеу арқылы жеке тұлғаның қоғамның әртүрлі өзгерістеріне ықпал ете алатын мүмкіндігі, оған жеткілікті білімі, қарым-қабілеті үлкен рөл атқаратындығы көрсетілген. Осы тұрғыдан, бұл біздің рухани қорымызға қосылған жаңалық деп есептеймін» деді Қ.Сұлтанов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 7 =