Көш жандансын десек…

0 23

«Astana aqshamy» газеті Қазақстанға қандастарды көшіру, елдің оңтүстігінен солтүстігіне тұрғындарды көшіру сияқты өзекті мәселені үнемі көтеріп, бұқара мен биліктің ой талқысына ұсынып келеді. Осыған дәлел, жуырда ғана басылымда жарияланған «Көшті қолдау – тұтастығымызды қолдау» атты мақалада жеріміздің тұтастығы, халықты оңтүстіктен солтүстікке қоныстандырудың түпкі идеясы жөнінде тарқатып айттық.Осы аптада Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутаттар осы мәселеге үн қосып, Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Бұл сауалда қазір ел Үкіметі әзірлеп жатқан еліміздегі көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына орай көшіп келушілер квотасына қатысты мәселе қозғалады. Оқырманға ойымыз түсінікті болуы үшін депутаттық сауалдың мәтінін толық жариялауды жөн көрдік:
«Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына ­ішкі-сыртқы саясаты орнықты, экономикасы қуатты, бірлігі мықты мемлекет ретінде келетіні ешқандай талас тудыр­майды. Осы жылдар ішінде Қазақ елі жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір миллиондаған жандардың ортақ Отанына айналды. Бұл үшін ел иесі, жер киесі болып табылатын, қандай қиын жылдарда да жарты нанын сырттан келгендермен бөліп жеген, тағдырдың айдауымен осы жерге жарлы-жақыбай күйде жеткен ұлттарға тар үйінен ығысып орын берген қазақ халқына осы елдегі барша этностар қарыздар. Солардың бірі – бұдан бір жарым ғасырдай бұрын ұстанған діні үшін қуғынға түсіп, қазақ жерінен пана тапқан дүнгендер. Арып-ашып алыстан келгендерге Қордай өңірінің атақты биі – Ноғайбай би жер бөліп беріп, мыңдаған адамдарды аман алып қалған болатын. Осы уақыт ішінде біздің ата-бабаларымыздың сан ұрпағы тату өмір сүріп келді. Өткен жылғы өкінішті оқиға да дәстүрлі дос­тығымызды бұза алған жоқ. Бұза алуы мүмкін де емес еді. Өйткені біздің татулығымыздың тамыры тереңде. Оны екі жақтан да жіберілген жекелеген қателіктер үзе алмайды. Өмір бәрін орнына қойып жатыр. Жақында қазақтар мен дүнгендердің ақсақалдары, жастары бас қосып, өткен іске салауат айтты, бірлесіп мыңдаған ағаш көшетін бірге екті. Қазіргі уақытта Қазақстан үшін халықты ел аумағы бо­йынша біркелкі қоныстандыру, әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ солтүстік және орталық өңірлердің азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету өте маңызды міндет болып табылады. Біздің ойымызша, бұл міндетті тиімді шешу үшін мемлекеттік органдардың халық тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс қолдары жетпейтін өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуды ұйымдастыру жөніндегі жұмысын жақсарту маңызды. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстың көлемі әлі де көңіл көншітпейді деп санаймыз. Резервтер толық іске қосыла қоймағаны анық. Осы бағдарламаны іске асыру мерзімі биыл аяқталады, алайда шешілмеген мәселелер әлі бар. Ел Үкіметі жыл сайын қандастар мен көшіп келушілерді қабылдау квотасын бекітетіні белгілі. Биылғы көшіп келушілер квотасы 6039 адам болып белгіленген екен. Жақында Сіз, құрметті Асқар Ұзақбайұлы, қандастар мәселесіне қатысты депутаттық сауалға толымды жауап қайтардыңыз, атап айтқанда – қандастарды қабылдау квотасы қайта қаралатынын, Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын хабарладыңыз. Сізден осындай қуанышты хабарды көшіп келушілер квотасына да байланысты күткіміз келеді».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =