Көш үмітті ақтады ма?

0 58

Қош бол, Қазақстан!

Өткен жылы Қазақстаннан 45 231 адам алыс-жақын шетелдерге көшіп кетіпті. Соның ішінде, 40 933 адам – ТМД елдеріне, қалғаны басқа мемлекеттерге қоныс аударған. Теріс сальдо 32 973 адамды құраған. Мұндай ресми статистиканы наурыз айында Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жариялады. Алаңдатарлығы сол, соңғы 10 жыл ішінде елімізден 332 310 адам шетелдерге кеткен, ал көшіп келгені – 220 232 адам. Әсіресе, солтүстік облыстардың халқы көршілес мемлекеттерге қоныс аударуда. Мәселен, 2019 жылы Солтүстік ­Қазақстан облысынан 13 872 адам көшіп кеткен. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 19.6 па­йызға көп.
Жүгін буып-түйген жұрттың 60 пайызы көршілес Ресей Федерациясына тұрақты тұруға, 40 пайызы еліміздің өзге өңірлеріне көшіп барған. Алыс шетелдерге солтүстіктің 406 тұрғыны (негізінен, Польша, Германия, Чехияға) көшсе, көшіп келгені бар-жоғы 64 адам (оның 79,7 пайызы – Моңғолиядан). Статистика департаментінің мәліметіне жүгінсек, халықтың табиғи өсімінің көрсеткіші жыл бойына бар-жоғы 190 адамды құраған. Өткен жылы облыста 6903 бала туса, 6713 адам қайтыс болған. Алдыңғы жылмен салыстырғандағы табиғи өсім көлемі 3,3 пайызға дейін қысқарыпты. Сол­түстіктегі халықтың үдере көшуінің себебі неде?

«Болашағыма сенбегеннен көштім!»

Әрине, бұл – елімізден көшкен жастардың айтқан сөзі. Қатты алаңдатарлығы, соңғы 8 жылда Қазақстаннан шетелдерге жоғары білімді, тәжірибесі мол жастар кетіп жатыр. Мигранттардың 25 пайыздан астамы – 15-28 жастағылар. Социологиялық зерттеулерден анықталғандай, көші-қонның негізгі факторлары мыналар: елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы, тіл мәселесіне қатысты психологиялық дискомфорт, тұрақты саяси ахуалға деген сенімсіздік, көршілес елдердің мигрант тартудағы белсенді саясаты, Қазақстандағы азаматтықтың «әлсіз» тұстары. Соңғы 8-10 жылда шетелдерге көшкен қазақстандықтардың 50 пайызы елге қайтып келгісі келмейді екен. (мәліметтер 2018 жылы Халықаралық көші-қоны ұйымы жүргізген «Жас қазақстандық кәсіби мамандардың миграциялық көңіл-күйі» атты зерттеуден алынды).
«Қазақстаннан неге көштің?» деген сауалға батыс елдеріндегі жастардың көпшілігі: «жемқорлықтың көбеюі, болашағыма сенбеушілік, бюрократия, қауіпсіздік сезімінің жоқтығы себеп болды» деп жауап берген. Олар жат елге баруға «қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығы, құқық қорғау органдарға сенім, дамыған азаматтық қоғам, жем­қор­лықтың аздығы, адам құқының жақсы қорғалуы, биліктің жиі ауысуы» сияқты факторлар әсер еткенін ашық айтыпты. Қош делік.

Теріскей жайлы болса, жұрттың көшіп несі бар?

Еңбек күші артық өңірлерден азаматтарды көшіруге арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысына 2016-2019 жылдары 1455 отбасы немесе 5000 адам көшіп барған, соның ішінде өткен жылғысы – 736 отбасы немесе 2223 адам. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінен алынған ресми мәліметке сүйенсек, 2019 жылы қоныс аударған 2223 адамның 1107-сі (50 пайызы) еңбекке жарамды азаматтар болса, соның ішінде 707-сі жұмыспен қамтамасыз етілген. 616 адам тұрақты жұмыс орнын тауып, 91 адам жеке кәсібін ашыпты. Назар аударарлық жайттың бірі, сол 1107 адамның 400-і әлі күнге дейін жұмыссыз.
Мемлекет солтүстікке қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын жабу үшін көмек көрсететіні мәлім. Мысалы, көшіп барған әр отбасына ай сайын 12 ай бойы 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде (39 000-нан 79 000 теңгеге дейін) төлем төленеді. Одан бөлек, көшкен әр азаматтың көшуге кеткен шығындарын өтеу үшін бір мезгілде 35 АЕК (92 000 теңге) көлемінде материалдық көмек беріледі. Келген отбасыларға тұрақты жұмысқа орналасуға, баспанамен қамтамасыз етуге, мектеп пен балабақшадан балаларына орын алуға жәрдем жасалады. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге жер телімі бөлініп, өтеусіз гранттар рәсімделеді.
Көшіп келгендердің басын ауыр­татын басты мәселесі – баспана. Өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары шеңберінде осы түйткілді мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 87 елді мекенде 428 үй салынған. Баспана бірінші кезекте 2 және одан көп баласы бар, сондай-ақ белгілі бір біліктілігі немесе жұмыс тәжірибесі мол жас отбасыларға беріледі. 2020 жылы қоныс аударушыларға арналған үйлердің құрылысы жалғасып, 714 үй салу жоспарға енгізілген. Осылайша, мемлекет 3 жыл ішінде 3 мыңға жуық отбасыларды баспанамен қамтамасыз етпекші. Бұл істің қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетер.

Масылдық та, патриотизм де бар

Теріскейге көшкендердің ауылдарға қоныстанатыны белгілі. Әр ауылдың ахуалы әрқалай. Мысалы, Қызылжардан 70 шақырым жердегі Токарев ауылында мектеп жоқ. Бір дәріхана, бір шағын дүкен ғана бар. Бар-жоғы 125 тұрғынның 27-сі – көшіп келгендер. Балалар 30 шақырымдағы аудан орталығындағы интернатта тұрып, мектепте оқиды. Бұған қоса, жалақының мардымсыздығына да налиды. Ал жергілікті шенеуніктердің көшіп келгендерге көңілі толмайды. Мамлют ауданы әкімінің орынбасары ­Алмагүл Рамазанованың айтуынша, ауылдарға мұғалім, дәрігер, механизаторлар керек. «Бірақ көбінесе ешқандай мамандығы, дағдысы жоқ, мойнында қарызы көп адамдар келеді. Мемлекет төлейтін жәрдемақша тез таусылады. Нағыз масылдық деген осы емес пе?!» дейді ол.
Алайда жағымды мысалдар да жоқ емес. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасы ауданы, Торкөл ауылынан Солтүстік Қазақстандағы Жамбыл ауданының Пресновка ауылына көшіп келген Қантемір Сарыбай мен Маржан Абайқызы әуелде жалдамалы үйде тұрған. Көп ұзамай 4 адамнан тұратын жас отбасыға жаңа баспана кілті тапсырылды. Қазір ерлі-зайыптылар екеуі де жеке кәсіпкер. Маржан жұмыс беруші ретінде Пресновкада монша кешенін ашып, оңтүстік өңірлерден 13 адамды қабылдаған. Ол 2019 жылы қоныс аударушыларға Пресновкада 4 үй, Благовещенка ауылында 1 үй салған. Қантемір ірі қара мал сатып алуға 100 АЕК көлемінде грант алған. Мұндай мысалдар көп.

«Серпіннің» серпіні қайда?

Оңтүстік өңірлердің (Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау) жастарын оқытып, солтүстік, шығыс және батыс өңірлерге жұмысқа жіберу үшін елімізде 2014 жылдан бері «Серпін-2050» әлеуметтік бағдарламасы іске асырылып келеді. Ресми дерекке сүйенсек, 2019 жылы «Серпін» бойынша 245 адам оқуын тәмамдаса, соның ішінде 162-сі жұмысқа орналасқан. Алайда Солтүстік Қазақстан облысында бар-жоғы 30-ақ адам жұмыс тауыпты. Неге бұлай?
«Серпіннің» серпіні сезілмей тұрғаны рас. Өйткені оқу бітірген түлектерді жұмысқа орналастыруда көптеген қиындықтар бар. Оларды жұмыс берушілердің өздері туындатып отыр. Мәселен, теріскейдегі кейбір кәсіпорындар орыс тілін нашар білетін түлектерді жұмысқа қабылдауға құлықсыз. Бұған қоса, педагогикалық және техникалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жеткіліксіз. «Серпіннің» түлектері арасында жүргізілген сауалнамадан жұмысқа орналасуға кедергі келтіретін өзге де себептер (үйдің қолжетімсіздігі, төмен жалақы, ауа райының қолайсыздығы, әлеуметтік пакеттің жоқтығы, орыс тілін түсінудегі қиындықтар, мамандыққа сай жұмыстың болмауы) анықталған.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Жанар Таласбаева облыстық табиғи ресурстар басқармасы өкілдерінің «Биология» мамандығы бойынша оқитын студенттермен екі рет кездессе де, бос жұмыс орындарын ұсынбағанын айтады. «Оларға орман шаруашылығындағы бос жұмыс орындарын ұсынды, ал түлектер білім беру саласында еңбек етуі тиіс» деп түсіндірді мәселені проректор. Сондай-ақ «Тарих», «География» мамандығы бойынша бітіретін түлектерге толық емес жұмыс мөлшерін ұсынған. Алайда «Шет тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Дефектология», «Мектепке дейінгі білім беру» сияқты мамандықтар бойынша сұраныс артып, түлектер 100 пайыз жұмысқа орналасқан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + seventeen =