Көш бастайтын басшы бар, оны қоштайтын азаматтар кәне?!

0 44

Қазақтың «біріккен жұдырықтай жұмылу керек» дегені – дәл осы кезең. Ерте көктемде жарияланған алғашқы карантин бәрімізге бір демалысқа шыққандай әсер қалдырды, ол кездегі әңгімеміз де қазіргідей көңілсіз емес-ті. Қашықтан оқу, қашықтан жұмыс істеу – түрлі мем, түрлі әзіл әңгімелерді де тудырған-ды. Сол бір жайбарақат көңілмен мамыр айында карантинді аяқтауымыз мұң екен, ковид деген бәле бірден жабысты, елді әбігерге салды бірден. Өте жайбарақатпыз.. Бүгінде әлеуметтік желі бетін қорқақтап ашасың… Адамдарда үрей пайда болды.Негізі, адам болмысы «әу бастан» белгісіздіктен қорқады. Қорқынышын басатын, сенім артар күш іздейді мұндайда. Содан да болар, ел назары сын сағатта билікке ауды. Өзіне қадалған сан миллион көзге билік тік қарауға қауқарсыз болып шықты. Үміт артқан билігі жұмған аузын ашпай, көзін төмен сала, бүгежектей берген соң, халық ашу-ызаға ерік берді. Әзірге ашу-ызасын тек сөзбен жеткізуде..
Мына індет биліктегі басшылардың өз бетінше әрекет етуге енжар, тек жоғарыдан түскен нұсқауды ғана орындай алатын шабарман екенін жұртқа жария етті. Ал нұсқау беруде ел иесі ретінде Президент аянып отыр­ған жоқ. Президент Тоқаевтың төңірегіне топтасу керегін қарапайым халық күн өткен сайын ұғына бастады. Саясатта керек салқынқандылық пен жағдайды дұрыс түсіне алатын сабырлы ұстамдықты Президент бойынан байқаған халық оның әр сөзінен өз күдігін сейілтер үміт нышанын іздейді. Біріншіден, Президенттің айтқан түзу сөздері мен берген тапсырмаларының орындалуына ыңырана әрең қозғалатын бюрократиялық машина бір кінәлі болса, екіншіден, Мемлекет басшысының айтқанын әр тұрғынға жеткізуі тиіс Үкімет пен әкімдіктер.
Президентте аста-төк кадр жоқ. Қазіргі аға буын басшыларды артынан келе жатқан жас мемлекеттік қызметшілер ауыстыру керек десек, ол жастар да алдындағы ұсыныс-идеясыз орындаушы басшыдан өзге тәлімгер көрмегендер. «Президенттің кадрлық резервіне» іріктеліп, жұмысқа кіріскендер бар, бірақ олар мемлекеттік қызметке төселіп, ысылып шыққанша уақыт керек..
Ел Президенті лауазымына кіріскелі бері Қасым-Жомарт Тоқаев небір сынақты бастан өткізіп келеді. Ұшақтың құлауы, Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, мына ковид індеті… Бұл оқиғалардың бәрі шұғыл, дереу шешімдерді қабылдауды қажет етті. Тиісті де қажетті тапсырма берген Президенттің нұсқауларын орындау – Үкімет мүшелерін ширатты деп есептедік қой осыған дейін. Сөйтсек, бұл оқиғалар халықтың бірлігін, бауырмалдығын күшейте түсіпті. Оны осы күні билікке деген сенімін жоғалтып, бір Президентке ғана сеніп, бір-біріне көмек қолын созған әрекеттерден анық байқаудамыз.
Ел болып жұмылып, осы 30 жылда не даулы мәселеге, не жемқорлық ылаңына ілікпеген Президент Тоқаев маңына топтасып, Қазақ мемлекетін қайта көтеруге, мемлекетшіл мамандарды қайта даярлауға әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Көш бастар басшы бар, оны қоштайтын азаматтар кәні? «Исатай – басшы, мен – қосшы» дейтін Махамбеттер, бір-бірімізге тірек болайық, жұмыла қимылдар, басталған жұмысты бірлесе бақылайтын кезең туды. Тоқтауға, артқа көз салып, асықпай саралау­ға уақыт жоқ, өткен қателіктерді қаперге алып, алға жылжып, замана көшінен қалмауға ұмтылу керек. Уақыт дөңгелегі біз күткендегіден әлдеқайда тезірек айнала бастады.

Мұхит ЫҚЫЛАС,
журналист, саясаттанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − two =