КӨРШІҢІЗ БАЙЫП ЖАТСА, ҚУАНЫҢЫЗ

0 274

Мектеп оқулығынан таныс Ыбырай Алтын­сариннің Бай баласы мен кедей баласы туралы әңгімесінің мазмұны бүгінгі өмірде мүлде өзгерген. Қазір баю үшін аса бір ақылды болудың қажеті жоқ. Бұлай деуіміздің себебі, тіпті мектепте дұрыс оқымаған, толық орта білімі жоқ адамдардың да түрлі жолдармен дәулет жинап, зәулім үй салып, қос-қостан қымбат машина мініп, «шалқып» жүргенін көз көреді. Мәселе онда емес, ебін тауып екі асайтындар қай кезде де болған. Әңгіме олар кімнің есебінен және қалай байыды? Қалай мемлекет қазынасына қол салды дегенге тіреледі. Біз «Қазақмыстың» иесі Владимир Кимді немесе алюминидің қожасы – Патох Шодиевті, не болмаса, «Қазхромды» тізгіндеген Алиджан Ибрагимов туралы сөз етпейміз. Өйткені, ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жеріміздің үстіндегі де, астындағы да бар байлық солардың құлқынына құйылуына көндігіп болдық.

Ресми деректер бойынша елімізде халықтың бес пайызы, яғни, 815 мың адам кедей. Екінші сөзбен айтқанда, олардың айлық табысы күнкөрістің ең төменгі шегі – он тоғыз мың теңгеге де жетпейді. Осындай үкіметтің мойнында отырған әлеуметтік тұрмысы төмен адамдарды қолдаудың орнына, бізде ел қазынасына қол салу азаймай келеді. Әрине, олардың кейбіреуі  істеген қылмыстарына сәйкес жазаларын да алып жатыр. Алайда, тізгін ұстаған кейбір «мықтылар» кедей-кепшікке мойын бұрудың орнына қалтамды қалай молырақ қампитамын деп жанталасатыны қынжылтады.

Бір үлкен жиында аймақтан келген елге танымал басшының бірі: «Әлем бойынша  қазақстандық миллиардерлер көбеюде. Бұл – жақсылықтың нышаны. Өйткені, Қазақстанда олардың таланттарын дамытып, қабілет-қарымдарын жетілдіруге зор мүмкіншілік бар» деген болатын. Бұған екінші біреулер «халықты алдап, тонау да асқан таланттылыққа жата ма?» деп қарсы уәж де білдіреді. Бірақ, мұндай уәждерге бай-манаптардың «мәу» дейтіні болмайды.

Сондықтан, көршіңіз байып жатса, қуаныңыз. Мүмкін, оның да таланты ашылып, қарым-қабілеттерін жүзеге асырудың сәті түскен шығар. Неге десеңіз, бізде адал жолмен мал табамын, дәулетімді еселеймін деген адамға барлық жағдай жасалған. Тек ала жіпті аттап кетпесеңіз болғаны. Сосын тапқанын тамағына жеткізе алмай жүрген жандарды да ұмытпай, қайырымдылық қолын созып тұрса болғаны.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

tanatar@mail.ru

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − eleven =