Көршілеріміз індетпен қалай күресіп жатыр?

0 65

Келешекте болуы мүмкін індетке дайындықтың маңыз­дылығы туралы ДДСҰ-ның көп жылдық ескертулеріне мән бермеген посткеңестік елдердің пандемия жарияланғалы бері қиындықтарға тап болғанын көріп отырмыз. Арнайы мәліметтерге қарағанда, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға елдердің дайындығы мәселесі жаһандық институттар деңгейінде кем дегенде 10 жыл бойы талқыланған екен. 2019 жылдың қыркүйегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы тақырып бойынша тағы бір баяндама жариялап, онда елдердің басым көпшілігі дайындық шараларына кететін шығындарды елеусіз қалдыратындығын мәлімдеген.

Орта Азия елдерінде жағдай қалай?

ДДСҰ мен Дүниежүзілік банктің есебінше, мемлекеттер аурудың таралу мүмкіндігін азайту үшін жыл сайын бір адам үшін айтарлықтай қаржы жұмсауы керек. Жыл сайын 1,9-3,4 миллиард долларды ветеринария мен денсаулық сақтау саласын күшейтуге жұмсайтын ұйымдардың есептеуінше, бір адамға жыл сайын медициналық көмекке 740 доллар ғана жұмсайтын (орташа есеппен) Орта Азия елдерінде бүгінгі жағдай айтарлықтай нашар. Тіпті медицинаны қаржыландыратын ел деп саналатын Қазақстан да денсаулық сақтау саласы стандарттарынан едәуір артта қалып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының сараптауынша, Орта Азия елдері осы кезге дейін медициналық қызметтерге қатты қысым көрсетіп келген, нәтижесінде, пандемия кезінде медицинаны қолдау үшін төтенше ресурстарды қолдануға тура келген. Айталық, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Қазақстан медициналық персоналдың, жеке қорғаныс құралдарының, реанимация және реанимациялық қондырғыларға арналған құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін бастан кешіріп отыр. Денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары бұл елдердің үкіметтері пандемияның ауқымы мен ұзақтығын дұрыс бағаламаған деп есептейді. Вируспен күрестің алғашқы айларында бұл елдер аз мөлшерде қаражат бөлді, бұл ДДҰ ұсынған мөлшерден 2-4 есе аз. Сондай-ақ негізінен экономикалық дағдарысқа қарсы шараларды жалпы бағдарламадан ажыратып жатпайды, медициналық кадрлардың жетіспеушілігін қалыпты жағдай деп санайтыны тағы бар.Көрші елдерде…

Орта Азия елдері, бізбен көршілес – Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Әзербайжан мен Арменияның індетпен күресу тәжірибесіне тоқталайық. Жалпы шолу жасаған кезде бұл елдер бұрынғы посткеңестік елдер болғандықтан, індетпен күресте ұстанған бағытында үлкен айырмашылық жоғы байқалды. Олардың кемшіліктері де ортақ деуге болады.

Түркіменстан

Түркіменстан билігі осы уақытқа дейін елде «коронавирус» сөзін айтуға тыйым салып келді. Осы уақытқа дейін мұндағы барлық телеарна, басылымдар коронавирус туралы ештеңе айтпады, мектеп пен емханаларда таратылып жатқан брошюраларда да коронавирус деген сөз болған жоқ. 6 млн халқы бар елдің ресми статистикалық мәліметі республика азаматтарының бірде-бірі COVID-19 вирусын жұқтырмаған деді. Бірақ, түркіменстандық БАҚ пен әлемдік БАҚ-тың індет туралы ақпараттары бір-бірімен сәйкес келмейді. Әлемдік сарапшылардың айтуынша, елдегі өлім-жітім, індеттің таралу деңгейіне қарамастан, Түркіменстан азаматтарының аурудың алдын алуға еш құқылары болмаған, қауіпсіздік шараларын сақтағысы келгендер үкімет тарапынан қысым көріп, қудалауға ұшырайды. Тек соңғы кездері ғана билік халықты маска киюге шақырды, онда да ауа ластануынан қорғану үшін. «Соңғы күндері Түрікменстан аумағына оңтүстік-шығыстан, солтүстік-шығыстан және солтүстіктен келген ауа ағынына байланысты ауадағы шаңның жоғары мөлшері тіркелді. Мұндай күндері ауадағы шаңның көбеюіне байланысты табиғи-экзогенді ықпалды төмендету мақсатында жеке қорғаныс құралдарын – медициналық маскаларды тағуға кеңес береміз» деген хабарлама таратты.

Тәжікстан

9,1 млн халқы бар Тәжік­стан да ұзақ уақыт коронавирус тіркелгенін әлемнен жасырып келді. Бұл ел әлі күнге нақты мәліметтерді бүркемелейтіндей әсер қалдырады. Денсаулық сақтау министрі Джамолиддин Абдуллозода өз еліндегі қайтыс болған дәрігер туралы «Дәрігер Тәжікстанның қатардағы азаматы сияқты вирусты гигиенаны, санитарлық-эпидемиялық ережелерді сақтамағандықтан, көшеде, үйде және адам көп жерде жұқтырып алған болуы мүмкін» деп, Тәжікстанда коронавирусты ауруханада жұқтырып, салдары­нан қайтыс болған дәрігер жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Тәжікстан денсаулық сақтау минис­трлігінің статистикасы ғана «дәл және негізделген», ал кей сайттарда және әлеуметтік желілерде қайтыс болғандардың туыстары жинап жатқан деректер «расталмаған». Ресми дерек бойынша, 26 маусым күні елде Covid-тен 52 науқас қайтыс болған. Ал Озоди радиосы зерттеу жүргізіп, маусымның соңына дейін 152 адамның коронавирус инфекциясынан қайтыс болғанын келтіреді.

Қырғызстан

Қырғызстанда 30 шілде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды Ұлттық аза тұту күні болып жарияланады. Бұл туралы Қырғыз республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков «Биринчи радиоға» берген сұхбатында мәлім етті. Эпидемия кезеңі басталғалы Қырғызстанда барлығы 1 277 адам қайтыс болды.

Өзбекстан

Өзбекстан аумағында көлік қозғалысы толық тоқтатылды. Тіпті таксидің жүруіне тыйым салынған, себебі күні кеше Өзбекстанда 600-ге жуық адам коронавирус жұқтыр­ды. Бұл – эпидемия басталғалы тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Нау­қастар саны артқандықтан, көрші ел шілденің 10-нан тамыздың 1-не дейін қайта карантин жариялады. 25 шілдеде сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Өзбекстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 19 653 адамға жетті. Қазір елде 10 472 адам (54 пайыз) коронавирустан жазылды. 9 074 сырқат белгіленген стандарт бойынша емделіп жатыр, оның ішінде 138-інің жағдайы ауыр, ал 40-ының өте мүшкіл халде екені хабарланды.

Армения

Армения премьер-министрі Никол Пашинян еліндегі эпидемиологиялық ахуал нашарлап бара жатқанын, ауруды жұқтырған 697 адам анықталғанын айтып, «бұл емханалардың барлық науқасты дер кезінде қабылдай алмайтын жағдайға жеткенін білдіреді» деп қынжылыс танытты.

Әлсіз елдерде күрес те әлсіз

Ресейдің иносми. ру сайтында «Экономикасы әлсіз мемлекеттер үшін айқын басымдықтар» деген тақырыппен Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Дэвид Кэмероннің, Нобель сыйлығының лауреаты, Либерияның бұрынғы президенті Эллен Джонсон Сирлифтің, Африка одағының бейбітшілік қоры арнайы өкілі Дональд Каберуканың мақаласы жарияланды. Бұл мақалада авторлар пандемиядан бұрын Йемен, Судан, Гаити, Сьерра-Леоне, Мьянма, Ауғанстан, Венесуэла және басқа да елдердің кедейлік, қақтығыстар, сыбайлас жемқорлық және нашар басқарудың әсерінен COVID-19 дағдарысымен күресуге дайын еместігін айта келіп, тығырықтан шығу жолдарын іздестіреді. «Бұл мемлекеттерде пандемияға қарсы тұру үшін нақты кешенді іс-қимыл жоспарын әзірлеп, жүзеге асыратын институционалды үкімет болмады, ережелерді, ақша мен материалдарды жеткізуге арналған әлеуметтік бағдарламалар жасалмаған, денсаулық сақтау қызметтерін жүзеге асыратын мүмкіндігі аз, жұқтырған адамдарға медициналық көмек көрсету кемшін болды. Еуропада бір миллион адамға 4000 реанимациялық төсек болса, Африканың көптеген бөліктерінде әр миллионға бес адамнан ғана келеді. Малиде ИВЛ құрылғысы тапшы. Осы себепті Судан, Оңтүстік Судан, Сомали және Йеменде соңғы апталарда дамыған елдерге қарағанда аурушаңдық пен өлім-жітім деңгейі жоғары болды» деп жазды авторлар.
Осы өлшеммен қарасаң біздің елдің жағдайы да осы деңгейден алысқа ұзай қойған жоқ, дәріханалардан қарапайым парацетамолдар ғайып болып, мас­ка мен дәрінің бағасы бірнеше есе қымбаттап кетті, қиналған халық тыныс алдыратын жабдықтарды өз ақшасына сатып алуға мәжбүр болды. Халыққа қажетті дәрі-дәрмек қоймалардан табылды, тек 5 шілдеден бастап дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға қатысты 537 бұзушылық анықталды. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидидің мәлімдеуінше, жарты миллионға жуық бетперде, 36 мың қолғаптар, термометрлер, тамызғыштар және 700 литрден астам антисептик жасырын түрде сатылмақ болған.

Қателіктерді анықтайтын комиссия құрыла ма?

Біздің елде пандемиямен күрес­те жіберілген кемшіліктерге қатысты ел президенті ­Қ.Тоқаев «Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек» деді. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова Covid-19 індетімен күресу шаралары барысында жіберілген кемшіліктерден тиісті қорытындылар шығарылатынын, мемлекет тарапынан жасалған індетпен күрес шаралары халықтың асқан жауапкершілігімен ұштасуы қажет екенін айтты. «Жағдайдың ушығуына себеп болған тек тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген қателіктер ғана емес, халық тарапынан бұл мәселеге немқұрайлы қарап, билікке деген сенімсіздік білдіруінің салдары. Оған қоса ұлттық менталитетке тән ұжымдық психология, туған-туысының қуанышы мен қайғысына міндетті түрде ортақтасу дәл осы жағдайда елімізге кері әсерін беріп отыр» деді ол.
Ал «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының басшысы Гүлмира Елеуова ia-centr.ru сайтына берген сұхбатында билік тарапынан жіберілген қателіктерге тоқталады. «Менің ойымша, егер карантин енгізілген алғашқы сәтте билік талдау жұмыстарын, ықтимал қауіп-қатерлерді және әлеуетті сценарийлерді бағалауды жүргізген болса, қазір халық арасындағы үрей және дәріханаларда дәрілік заттардың жетіспеуі секілді қиындықтар болмас еді» дей келіп, «Ауру жағдайында қалай әрекет ету алгоритмі әлі күнге дейін жетілдіру-бекіту сатысында. Сонымен бірге көлемі үлкен айыппұлдар (80 мыңнан жоғары) туралы көбісі білмей ме деп қорқамын. Бұл жағдайда полиция қызметкерлері сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттеріне баруы мүмкін деген қауіп бар» деген ойын білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 6 =