Көршілердің көкөнісі көбейіп тұр

немесе өзімізде өсіруге не кедергі?

0 60

Қазақстанға жыл сайын алыс-жақын шетелдерден $600-700 млн-ға көкөніс пен жеміс-жидек тасымалданады. Яғни ішкі сұраныс­тың 60 пайызы импорттық өнімдер арқылы жабылады. Мұның басым бөлігі Өзбекстан мен Қытайдан әкелінеді. Ал экспортталатын көкөністің көлемі одан 10 есе кем, негізінен, Ресейге жөнелтіледі.Қытайдың көкөнісі келмесін де…

Әлемдік тәжірибеде егер импорттың үлесі 20 пайыз­дан асса, ол мемлекеттің азық-түлік қорғанысына қауіп төндіріп тұрғанын білдіреді. Осыған қарап-ақ біздің елде көкөніс-жеміс нарығындағы жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін бағамдай беріңіз.
Ритейлердің пікірінше, Қытай кейінгі 10-15 жылда, әсіресе қысқы маусымдарда Қазақстанға жеміс-көкөніс­терді, цитрус өнімдерін экспорттаушы басты елге айналды. Жылда желтоқсан айынан сәуірдің ортасына дейін республикалық сауда тораптарын түгелдей қытайдың мандарині, апельсині, лимоны, бұрышы, ­баклажаны, брокколиі, түрлі түсті орамжапырағы, бейжің орамжапырағы, зімбір тамыры, сарымсағы мен алмалары жаулап алады. Ал Шың елі (Қытай) өнімдерінің сапасы, сыпайылап айтқанда, өте үлкен күмән тудыратыны баршаға мәлім. Сіз өз ақшаңызға ауру сатып алуыңыз әбден кәдік. Әйтпесе, оның адамға еш пайда-зияны жоқ, сөлсіз, нәрсіз, құнарсыз, табиғаты белгісіз нәрселерден жасалуы мүмкін. Онда ақшаңды тектен-текке шашқанмен бірдей боласыз.
Жақында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ЕАЭО мүше-мемлекеттерімен және үшінші елдермен шекарадағы ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бекеттерінде жұмыс күшейтілгенін, қаңтар айында ҚХР-дан балық және балық өнімдерін алып келуге және транзиттеуге шектеу қойылғанын, 2 наурыздан бастап сүйекті, шекілдеуікті және цитрусты дақылдарына уақытша тыйым салынғанын айтты. Өйткені Қытай өнімдерінде жүйелі түрде «карантиндік объектілер» анықталып келген. Сүйекті өнімге – шие, шабдалы, өрік; шекілдеуіктіге – алма, алмұрт, айва; цитрустыға –лимон, апельсин, мандарин, грейпфрут жататынын айта кетейік.
Аспан асты мемлекетінің Қазақстанның санитарлық-­эпидемиологиялық талап­тарын талай рет бұзып жүргенін де осы жерде айта кетейік. Мәселен, ҚХР-дың Қазақстан аумағына карантинге жатқызылған өнімдерді алып кіруі бо­йынша 2019 жылы 52 заң бұзушылық анықталған: оның ішінде 7 карантиндік организмдер, 22 фитосанитарлық сертификатсыз өнімдер, 13 карантинге жатқызылған өнімнің орамасында маркировканың болмауы, 3 фитосанитарлық талаптардың бұзылуы, 4 фитосанитарлық сертификаттың сәйкессіздігі және 3 карантинге жатқызылған өнімді тексеруден өткізбеу әрекетіне қатысты. Карантинге жататын өнімдердің барлығы кері қайтарылды. Ал заң бұзушыларға жалпы мөлшері 2 млн теңгеге 27 айыппұл салынды.
Осы мақаланы жазу барысында елордадағы ірі екі-үш базарды аралап шық­қанымда, оларда Қытай өнімдерінің қаптап тұрғанына көзім жетті. Мұның жайын сұрап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне телефон соқтым, министрліктің Агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік комиссиясының Сыртқы бақылау және қадағалау басқармасының бас маманы Еркін Омаров Қытайдың жемістері мен көкөністеріне қатысты ты­йымның әлдеқашан алынып тасталғанын айтты.Отандық өндіруші неге қауқарсыз?

Қазақстандық өндіру­ші­лердің көрші Қытайдан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, тіпті алыс Еуропа мен Азия елдерін айтпағанда, мұхиттың арғы беті – Америка құрлығынан келетін тауарлардың орнын басуға қауқары жоқ. Оның үстіне, карантиннің кесірінен базардағы жеміс пен көкөністің бағасы 15-20 пайызға, тіпті кейбіреуі екі есе өсіп кетті.
Әттеген-айы, экзотикалық өнімдерді айтпағанда, басқа ауылшаруашылық тауарларының бәрін өз жерімізде өндіруге мүмкіндік мол. Ол үшін кең-байтақ жеріміз де, жұмыссыз жүрген еңбек күші де жеткілікті. Сондай-ақ кейбір талдаушылардың пайымдауынша, өңірлерден шағын тоғандарды көптеп қазып, көктемде су тасығанда, оны толтырып алу арқылы су тапшылығын шешуге болады. Бұған қоса, ауыл шаруашылығына әлемдік ғылым мен инновацияның озық технологияларын енгізу арқылы саланы түбегейлі өркендетіп жіберу қажет. Әйтпесе, қымбат импорттық тауар қарапайым халықтың қалтасын қағып-ақ тұр.
Бір мысал: Израиль мемлекетінің аумағы біздің Жамбыл облысының жартысындай ғана, әрі жерінде құм мен тастан басқа ештеңе жоқ. Бірақ осы Израиль Қазақстанды құлпынаймен және шиемен жыл – он екі ай бойы үзіліссіз қамтамасыз етіп отыр. Таңданбай көріңіз!
– Импорттық өнімдерді ығыстырып шығару үшін елімізде көкөніс-жеміс өсіретін жылыжайларды көптеп салуымыз керек. Онда да гидропондық технология бойынша жобаланған, өнімді әдеттегіден 2-3 есе көп беретін өнеркәсіптік жылыжайлардың орны ерекше. Жалпы, қолданыста «көшеттік жылыжай» және «өнеркәсіптік жылыжай» деген ұғым бар. Қазақстандағының басым көпшілігі – «көшеттік», олар тек ерте көктемде және күзде ғана өнім береді, қыста қаңтарылып тұрады. Ал бізге керегі – қысы-жазы үзбей өнім беретін өнеркәсіптік жылыжай, – дейді Қазақстан жылыжайлар ассоциациясының президенті Қанат Қошман.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің есебіне жүгінсек, елімізде ауылшаруашылық кәсіпорындарына қарасты жылыжайлардың аумағы – 1803 гектар. Фермерлік қожалықтардың жылыжайы 6176 гектарды, халықтың қолындағы жекеменшік жылыжайлар 3658 гектарды құрайды.
Олардың тоқсан пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан, тек Шымкент қаласының бір өзінде жалпы аумағы 500 гектар болатын жылыжайлар бар. Сондай-ақ Алматы, Маңғыс­тау, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында шоғырланған. Ал елордада орын тепкен жылыжайдың аумағы бар болғаны 3,2 гектардан да аспайды.

Жылыжай өндірісін дамытуға не кедергі?

Әдетте, ауданы 1 га асатын өнеркәсіптік жылыжайлардың құрылысын шетелдік компаниялар жүргізеді. Қазақстанда жылыжайдың кешені құрастырылмайды, ол тек шетелден тасымалданады. Ал Шымкенттегі «Zero Max» ЖШС кәріс технологиясы бойынша тек үлдір жарғаққа (пленка) арналған құбырлы құрас­тырылым шығарады. Бірақ бұл оңтүстік климатқа бе­йімделген, еліміздің солтүстігі мен батысының ауа райына жарамайды. Сондықтан жылыжай ұстаймын деу­шілер оның құрастырылым қаңқасы мен жабдықтарын Голландиядан, Испаниядан, Израильдан, Түркиядан алдырады. Алайда Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы Ресей мен Беларусь Қазақстанның үшінші мемлекеттен жылыжай кешенін тасымалдауына үзілді-кесілді қарсы шықты.
ЕАЭО-ға мүше екі мемлекет жылыжайдың құрастырылым қаңқасы мен суару жабдықтарын шығарады, бірақ қалған құрамдас бөліктерін өздері де түгелдей шетелден импорттайды. Соған қарамастан Қазақстанның жылыжайды тек өздерінен ғана сатып алуын қалайды. Сөйтіп, республикаға алыс шетелден келетін жылыжай кешендері үшін ЕАЭО нормаларына сәйкес, оның бағасының 16,5 пайызы көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеуді міндеттеген. Ал бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына, сөйтіп саланың дамуына орасан кедергі келтіріп отыр.
ҚР делегациясы мәселені оңтайлы шешу үшін 2017 жылы екі рет Мәскеуге барды және ЕЭК отырысында талқылап қайтты. Бірақ өзі­нің позициясын қорғай алмады, яғни мемлекеттік баж салығы бұрынғысынша қалды. Бұл жобаның әлдеқайда қымбаттауына әкеліп соқтырып отыр. Сөйтіп, Қазақстанның жылыжай өндірісін дамытуына ең бірінші болып ЕАЭО-ға қатысушы ең жақын екі көршіміздің қарсы шыққаны қынжылтады.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − four =