Көршілер шекарасында керіс неден туды?

0 75

Кеңес Одағы келмеске кеткенімен, оның құрамында болған республикаларға тас­тап кеткен дау-дамайы аз емес. Оның кейбірі одақтың шаңырағы ортасына түскен заман жанар таудай атылып, арты соғысқа ұласса, кейбірі бітеу жарадай сыздап, күні бүгінге дейін созылып келеді десек, оған мысал ретінде Қарабақ соғысы мен Орталық Азиядағы елдердің шекара мен өзен суларға таласын айтуға болады.

Қырғыз бен тәжік неге тәжікелесті?

Соңғы күндері Орта Азиядағы екі бауырлас елдің шекарасындағы дау-­дамай қантөгіске ұласты. Нақтырақ айтсақ, 28-29 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болды. Қақтығыстан екі жақтан 50 адам қаза тауып, 200-ден аса адам жараланды. Ондаған ауыл зардап шекті, тұрғын үйлер мен басқа да дүние-мүлік өртенді, 30 мыңға тарта адам уақытша көшірілді.
Қарулы қақтығысқа 28 сәуір күні Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы «Головной» су қоймасының маңына тәжік тарапының бейнебақылау орнатып, екінші тараптың оған қарсылық білдіруінен басталды. Сөзбен қарсылық тас атысуға, ал тас лақтыру, қарулы қақтығысқа дейін жеткізді. Камераның су тарату орталығының Тәжікстанға тиесілі тарапына орнатылғанын, жанжалды қырғызстандықтар бастады деп мәлімдесе, Қырғызстан тарапы «бұл тәжік тарапының Қырғызстан жерін басып алу үшін мақсатты түрде алдын ала жоспарлаған арандатушылық әрекет» деп атады.
Қақтығыс туғаннан кейін екі елдің Сыртқы істер министрлері 29 сәуірде шұғыл кездесу өткізіп, атысты тоқтатуға, мәселені бейбіт жолмен шешуге келіскендерін хабарлады. Алайда 29 сәуір таңғы 4-5 шамасында жағдай қайта ушығып, Тәжікстан азаматтары қырғыз ауылдарындағы әскери бөлімшелерді атқылай бастаған. Соғыс қайта басталғаннан кейін екі ел де өз территориясындағы анклав аумақтарға баратын жолдарды тарс жауып, атысқа сайланды. Осы жолғы қақтығыста ауыр зардап шеккен қырғыздар биліктен қару сұрап, Тәжікстанға соғыс ашуды сұрады. Абырой болғанда, екі ел билігі де салмақтылық танытып, оқиғаның ушығып кетуіне жол бермей, атысты тоқтатты.
Қазір екі ел шекарасы уақытша тынышталып, жағдай тұрақты болғанымен, екі ел арасында қызыл кеңірдек дау әлі басылмай тұр. Осыған қарағанда, екі ел басшыларының шекара мәселесін түбегейлі шешу талпынысынан бұл жолы да ештеңе өнбейтін секілді.

Шекара мәселесі шиеленісіп тұр

Шекара дауы – аса күрделі мәселе. Әлем елдері арасындағы жанжалдың 90 пайызы жер мен суға таластан туындайды екен. Кеңес Одағының шекпенінен шыққан Орталық Азия­дағы елдер жөнінен алғанда да бұл екі мәселе де жазылмас жара, шешілмес түйіншек болып тұр. Себебі Кеңес өкіметі кезінде әр республиканың шет-шекарасында айқындалмаған шекаралар көп болды. Бір шаңырақтың астында жасап жатқан елдер үшін ол кезде шекараны айқындау мәселесі онша өзекті болмағанымен, одақ ыдырағаннан кейін басы ашылмаған өңірлер таластың түйініне айналып шыға келеді.
Қазірге дейін Орталық Азияда Қазақстаннан басқа елдердің шекара мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Тек еліміз ғана Елбасы Н.Назарбаевтың алысты көре білген парасаттылығының арқасында шекара мәселесін түбегейлі шешіп, жан-жағымыздағы елдермен халықаралық заң жүзінде келісім жасасып, іргемізді бекітіп, етегімізді қымтап алдық. Осының арқасында тәуелсіздік алған 30 жылдан бері жерге таласып, қантөгіскен оқиғалар болған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, шекараны шегендеп алу тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістігі екенінде талас жоқ. Ал шекара мәселесі шешілмеген елдерде жағдай мүлде басқаша. Мәселен, бүгін біз сөз етіп отырған қырғыз-тәжік шекарасы Кеңес Одағы құлағалы ең тынышсыз аймаққа айналды. Садыр Жапаров билік тізгінін алған сәттен бастап, ең алдымен осы мәселені реттеуге кірісті. Ташкентке барды, Тәжікстанға өкіл жіберді. Тараптар жер алмасуға келісіп, жаға жыртысуды тоқтатуға уағдаласқан еді. Осы жолы ойламаған жерден тұтанған от осы жоспардың да быт-шытын шығарды.
Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы 970 шақырымға жетеді, соның 504 километріне байланысты делимитация және демаркация жұмыстары жүргізілгенімен, қалған бөлігі даулы күйінде қалып отыр. Осы даулы шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары арасындағы жанжал жыл сайын болып тұрады. 2014 жылы қаңтарда және 2015 жылы мамырда болған қақтығыста тәжік күштері қарсы жағын минометпен атқыласа, бұл жолы әскери жанжал шекара бойындағы басқа да аймақтарды шарпыған. Бұл екі ел арасындағы қайшылықтың күн өткен сайын асқынып бара жатқанын көрсетеді.
Тәжікстан, Өзбекстан мен
Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы аумақтың да даулы тұстары көп. Ташкент – Бішкек мәселені түбегейлі шешу үшін ұдайы келіссөздер жүргізіп келеді, бірақ нәтиже аз. Мысалы, шекара ұзындығы 1375 шақырымды құрайтын Өзбекстан мен Қырғызстан арасында 20 даулы аймақ бар. Ол аздай, Қырғызстан жерінде Өзбекстанның Сох, Шахимардан сынды 4 анклавы орналасқан. Ондағы халық саны 50 мыңнан асса, Өзбекстандағы қырғыз анклавы санатына жатқызуға болатын Барак ауылында 100 шақты түтін бар. Екі ел 2018 жылы анклавтар бойынша жер алмасып, мәселені шешпек болған еді, бірақ келісе алмады.
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамчыбек Ташев наурыз соңында Тәжікстанмен келісім аясында жер алмасатынын айтқан еді. Бұл тәжіктердің тарапынан қарсылыққа ұшырап, олар Ворух біздің тарихи жеріміз деді. Әдетте сонда жиі бармайтын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 7 сәуірде Ворухқа барды. Ол сапары кезінде «Ворухтың жері Қырғызстанға ешқашан берілмегенін және берілмейтінін» айтты.

Анклав араздықтың арқауына айналды

Анклав (өзге мемлекет құрамында қалған мемлекет аумағының бір бөлігі) та Кеңес Одағының сайқал саясаты мен тәуелсіздік алған жас мемлекеттердің шекара мәселесін айырудағы тәжірибесіздігінің жемісі деп айтуға болады. Анклавтардың пайда болуына, біріншіден, аталған елді мекендердің шекарасын белгілеп, тәуелді елін анықтауда Кеңес Одағының этностық ерекшелік пен тарихи деректерді ескермей шекара сызғаны себеп болса, екіншіден, Одақ ыдырағаннан кезде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің одақтан асығыс шығуы да себеп болды. Оның үстіне, жаңадан тәуелсіздік алып, қиыншылық қыспағында қалған елдердің шекара мәселесін түбегейлі шешуге мұршасы болмады да, алдымен елдіктің тұғырын бекемдеп, экономиканы жандандыруға баса назар аударып, шекара мәселесін кейінге қалдырды. Ол кезде бауырлас елдер арасында шекара мәселесі дәл бүгіндей ушығып кетеді деп ешкім де ойлаған жоқ. Осылайша, қанаттас жатқан үш елдің территориясында су тоқтаған көлшіктей дараланған анклавтар пайда болды. Мәселен, жер көлемі біздің Қостанай облысымен шамалас Қырғызстан аумағында алты анклав бар. Соның төртеуі – Өзбекстанға, екеуі – Тәжікстанға тиесілі.
Мың шақырымға жуық шекарасының 530 шақырымы бойынша ғана нақты келісім жасалған қыр­ғыз-тәжік елдері арасында Лейлек және Бәткен аудандары маңында даулы жерлер жетерлік. Қырғызстан жерінде Тәжікстанның халық саны 20 мыңнан асатын Ворух, Кайрагач анклавтары бар. Шынын айтайық, осы анклавтардың бәрінің жағдайы мәз емес. Жолы жасалмаған, инфрақұрылымдары да дамымаған. Өзге елдің территориясындағы аумақ болған соң, ертеңі қалай болады деп иелік етуші елдер қомақты қаржы салғысы да келмейді. Мәселен, Ворух анклавы маңында қырғыз тарабы жол сала бастаса, тәжіктер Тәжікстанмен байланыс үзіліп қалады деп қауіптеніп, жол жұмысына кедергі жасауға тырысады.
Кеңес Одағынан қалған Ворух анклавы арқылы өтетін ескі жолмен қатынау Қырғызстан үшін де тиімсіз. Себебі қырғыз кәсіпкерлері Тәжікстанға баж салығын төлеуге міндетті болады. Бұл – бір. Екіншіден, Қырғызстан мен Тәжікстан арасы шындап шиеленіскен жағдайда Тәжікстан жолды жауып тастау арқылы айыр қалпақты ағайындарға сес көрсетіп отырады. Демек, аталған үш ел үшін шекараны шегендеуден сырт, анклавтар мәселесін шешу де басты тақырып болып тұр.

Сүзбе буаздаған су дауы

Орталық Азиядағы елдерді қыр­қыстырып, қырғи-қабақ қылатын, керек болса, қарулы қантөгіске ұластыратын тағы бір мәселе – су. Оның үстіне, Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су жүйесі өте күрделі. Өңірдегі ең үлкен өзендер саналатын Сырдария мен Әмударияны айтсақ, бұл екі өзеннің суы бес мемлекетке толық жетпейді. Екіншіден, судың сапасы нашар. Соған қарамастан 70 миллионнан астам халықтың тағдыры Сырдарияға тәуелді.
Орталық Азиядағы су мәселесі Одақ тарамай тұрып, яғни 1990 жылы дауға айналып кеткен болатын. Оған дейін Сырдария мен Әмударияның айлық, күндік су бөлінісін Мәскеу шешіп тұратын. Одақ тарайтын жылы Мәскеудегі Су шаруашылығы министрлігі жұмыс істемеді. Бірақ 1991 жылы Орталық Азия Су шаруашылығы министрлері Ташкентте бас қосып, өз мәселесін өзі шешуге тырысты. Одақ тарағаннан кейін 1992 жылы ақпанда осы құрам тағы Алматыда жиналып, Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді бірігіп басқару, пайдалану және қорғау жөнінде келісімге қол қойды әрі Орталық Азия мемлекет­аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы құрылды.
Кеңес Одағы кезінде Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан елдері өзендердің басында отырған Қырғыз­стан мен Тәжікстанға мұнай, газ, көмір беріп, есесіне осы елдерден керекті суын алып тұрды. Қазір мұндай алыс-беріс тоқтады. Сондықтан Қырғызстан мен Тәжікстан қолда бар ресурсы – суды саяси қару ретінде өз игілігіне пайдаланғысы келеді. Бірақ оған төменгі ағардағы елдер көне қоймайды.
Қазір аймақтағы бес елде халық саны өсіп, экономика дамып суға деген сұраныс артты. Сондықтан да трансшекаралық өзендерге су нысандарын салу мәселесі де жиі қозғала бастады. Міне, осы мәселе көп жанжалға мұрындық болып тұр. Себебі Орталық Азияда бір шелек су азайса да, жағдай қиын. Жаңадан салынатын су қоймалары судың жүру тәртібін бұзады және судың булану жүйесіне кері әсер ететіндіктен, Орталық Азияда қайсыбір ел су қоймасын салса, екінші немесе қалған елдердің шыр-пыр болып айқайлап шыға келеді. Осы жолғы қырғыз-тәжік қақтығысы көріністе шекара мәселесі болып көрінгенімен, шын мәнінде, қақтығыстың қайнары суға таластан туындаған.
Сәуірдің басында Қырғызстан билігі екі елді де сумен қамтамасыз етіп отырған өзенге (Қырғызстанда Қозы-бағлан, Тәжікстанда Ходжабокиргон) су қоймасын салу жоспарын жариялаған. Бұл жобаға қарсы шығып, су қоймасы салынса, Тәжікстанның солтүстігіндегі аудандарға су жетпей қалады деген. Сондай-ақ Ворух анклавына таяу Тәжікстаннан Қырғызстанға құятын Исфара өзенін бөлісуде екі ел әлі күнге дейін келісе алмай отыр. Осы тұрғыдан алғанда, тәжік пен қырғыз таласының басты түйіні суға қатысты деп айтуға болады
Еліміздің шекара мәселесі шешілгенімен, су мәселесі шешілген жоқ. Қазақстанда тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі – өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы Қытайдан келсе, қалғаны – Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл – бүкіл суымыздың тең жартысына жуығы шетелден келеді деген сөз. Егер судың жоғарғы ағысында отырған елдер осы суды қалағанынша бұрып алса, біздің елдің тағдыры не болмақ?! Қазірдің өзінде Қытай Ертіс пен Ілеге ауыз салса, Өзбекстан – Сырдың, Қырғызстан –Таластың, Ресей Жайықтың суын жырымдап отырған жоқ па?! Демек, Орталық Азиядағы сүзбе буаздаған су дауы асқына берсе, арты үлкен соғысқа ұласып кетуі әбден мүмкін. Мұны да бұл жолғы тәжік-қырғыз қақтығысы айқын аңғартты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =