Көрші елдер дертпен қалай күресуде?

0 24

COVID-19 пандемиясының таралуының 90-күні оны әлем бойынша жұқтырғандар саны 900 мыңға жуықтады. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш осы дүйсенбіде тәжтажал пандемиясы Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейін адамзат үшін ең ауыр сынақ болды деп мәлімдеді.
1 сәуірдегі мәліметтер бойынша аталған вирустан әлемде 42 мыңнан астам адам қайтыс болып, 178 мыңы қауіпті дерттен жазылып шыққан.Бір апта демалыс берді

Ресей президенті В.Путин ұлтқа арнаған үндеуінде індеттің таралу қаупіне орай ел аумағында 28 наурыз бен 5 сәуір аралығында демалыс аптасын жариялады. Президент демалысқа қарамастан, барлық ресейліктердің жалақысы сақталатынын мәлім етті.
Сондай-ақ түстіктегі көршіміз елдің 16 аумағынан індетпен күресу үшін ауруханалар салуға кірісті. Соның бірі – жаңа Мәскеуде бой көтеретін инфекциялық аурухана. Тез тұрғызылатын конструкциялармен салынатын аурухана Коммунаркадағы стационар мен №1 жұқпалы аурулар ауруханасына қосымша ғимарат болмақ. Бұл туралы Мәскеу мэрі С.Собянин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ресми мәліметтер бойынша Ресейде ауру жұқтырғандар саны – 2777 адам. 24 адам вирустан көз жұмған. Елде ауруды жаңадан жұқтырғандардың тең жартысы 45 жастан төмен екені анықталды. Сонымен қатар кешегі бір тәулікте елде 29 баладан ауру диагнозы шыққан.
Мәскеу қалалық думасы оқшау­лау режимін бұзғандарға жаза қолдану үшін кезектен тыс отырыс өткізбек. Ресейлік БАҚ-тың мәлімдеуінше, режим бұзғандарға айыппұл салынуы мүмкін. Бұған дейін бірнеше басылым мәскеуліктерге үйден шығу үшін QR код керек болады деп жазған еді, бұл кодты оларға билік жүріп-тұруы үшін береді делінген. Сонымен қатар Мәскеу әкімдігі ұялы телефондар үшін арнайы қосымша шығарғаны мәлім болды. Оның көмегімен адамдардың карантинде сақтық шараларын қалай ұстанатындығы бақыланып отырады. Сондай-ақ коронавирусқа байланысты Ресей мемлекеттік думасы рецепт бойынша берілетін дәрі-дәрмектерді қашықтықтан сату және жеткізуге рұқсат беретін заң жобасын қолдады.
Тағы бір айта кетерлігі, Ресейде «Сколково» инновациялық орталығының мамандары тәжтажалмен күрестің жаңа құралы болуы мүмкін бактериялар мен вирустарды тиімді жоятын тәсілді жасап шығарды, деп хабарлады «Известия» газеті.
31 наурыз «Курсив» сайты РФ Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас эпидемиологы Николай Бриконың болжамын жариялады. Оның айтуынша, Ресей аталған инфекция таралуының шегіне жетіп келеді. Бірақ науқастар саны әлі біраз артуы мүмкін. Ол жаңадан жұқтыратындар саны алдағы бірер күнде артады да, сосын азая бастайтынын нақтылап айтты. «Әрине, бұл өзгеріс – қабылданып және жасалып жатқан шаралардың нәтижесі, ол шаралар сан алуан әрі өте қатаң. Бұған қоса, бұл вирус, негізінен, ауа райының салқын кезінде қозады, ал алда жылы мезгілдер келе жатқанын ескерсек, оның белсенділігі бірден төмендері сөзсіз» деді ол.

Атын атауға тыйым салды

Түрікменстан билігі кез келген ақпарат көздерінде, кез келген жерде «коронавирус» сөзін қолдануға мемлекеттік деңгейде тыйым салған бұйрық шығарды.
Ендігі жерде бұл сөз барлық баспасөз бен ресми электронды ақпарат көздерінен кездеспейді. Оны тіпті мектептер мен ауруханалар, компаниялардан алып тастады, билік тарататын брошюраларда да оның аты болмайды. Батыстың RSF басылымы ел үкіметінің өзге әлем елдерінде вирустың таралуы туралы оқиғалар мен пандемия жайлы ақпараттарды еш жерде жарияламау үшін осындай бұрын-соңды болмаған қадамға барып отырғанын жазды. Бұл ретте Түрікменстан 44 мыңнан астам халқы вирус жұқтырған Иранмен іргелес жатқанын да ескеріп отыр­ған жоқ. Оның үстіне аталған басылымның мәлімдеуінше, көшеде адамдарды коронавирус туралы сөз қозғағаны үшін түрікмендік тәртіп сақшылары ұстап әкетуге құқылы. Маска киіп жүргендердің де жағдайы солай болады. Осылайша ел үкіметі керек емес ақпараттарды таратпауда радикалды әдістерімен танылуда. Алайда бұл жағдай түрікмен қоғамына үлкен қауіп төндіріп тұрғаны айтылуда. Бүгінге дейін Түрікменстанда вирус жұқтырған жағдай туралы бірде-бір ресми дерек тіркелмеді.
Түрікменстан – коронавирустың өз елінде таралуын жоққа шығарып отырған 30 елдің бірі. Мұндай елдер қатарында, негізінен, аралдарда орналасқан мемлекеттер және Солтүстік Корея, Тәжікстан, Йемен мен бірқатар африкалық елдер бар.
Бірақ кейбір шетелдік БАҚ көздері аталған вирустың Түрікменстан аумағында таралу фактілері бар екенін жазады. Мәселен, Түрікменбашы портты қаласына Әзербайжан кемесімен жеткен 10 жолаушыда инфекция анықталғаны туралы айтылады. Жұқтыр­ғандардың жоқтығы туралы ресми мәлімдегеніне қарамастан, Түрікменстанда алдын алу шаралары жасалып жатыр.
Жергілікті билік халыққа коронавирустың әлемдік пандемиясы туралы көп айтпауға тырысады. Денсаулық сақтау министрлігінің вирусты аурулардың алдын алу туралы тарататын брошюраларынан коронавирус туралы алынып тас­талды.
Мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлерінің, студенттердің қатысуымен өтетін мәдени-көпшілік мерекелік шараларды өткізуге тыйым салынған жоқ. Елдің 25 жылдығы мен басқа да маңызды күндерге байланысты концерттер мен конференциялар, кездесулер күн сайын елдің барлық жерінде ұйымдастырылуда. Түрікмендік басылымдар ел тұрғындарын таудағы демалыс үйлерінде қыдырып, серуендеуге шақыруда.

Өзбектердің орталықтары дайын

Өзбекстанда қазіргі таңда ауруды 172 адам жұқтырған, 2 адам қайтыс болып, 7 адам жазылып шыққан. Көрші елде ең алғаш вирус жұқтыру дерегі 15 наурыз­да Парижден үйіне оралған әйел­ден анықталды. Ел билігі 16 нау­рыздан бастап өзге елдермен көліктік қатынасты тоқтатты. Шетелде жүрген ел азаматтары үшін және ел ішіндегі шетелдіктерге оларды отанына жеткізу мақсатында арнайы чартерлер ұйымдастырылды. 27 наурыздан елдің об­лыс­аралық көлік қатынасына тыйым салынды. Тек жүк тасымалы ғана қалдырылды. Ал 30 наурыз бен 20 сәуір аралығында елдегі барлық әуе порттары жұмысын тоқтатты. 29 наурыздағы мәлімет бойынша Өзбекстанда 90 мыңнан астам адам карантинге жабылған. Соның 12 мыңы ста­ционарда емделуде.
Өзбекстан үкіметі жанындағы жедел штаб елде аталған вирус бойынша адамдарды карантинге жабуға елдің барлық өңірінде 43 орталық ашылатынын жеткізді. Әзірге 11 медициналық мекеме, 97 санаторий мен лагерьлер және жатақханалар карантинде жұмыс істеуге дайын. Пандемия жағда­йында жұмыс істеуге 100 мыңға жуық медицина мамандары да­йындалды.

Қырғызстанда – коменданттық сағат

Бүгінгі таңда елде 111 адам ауру жұқтырғаны тіркелді. Бішкек, Ош, Джалал-Абад, Нооқат және Қара Су аумағы мен бірқатар облыстарда төтенше жағдай мен коменданттық сағат енгізілді. Ел астанасында адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек және күтімге қажетті заттарды жеткізуге көмектесетін аудандық штабтар жұмыс істеп тұр. Үкіметтің баспасөз қызметі төтенше жағдай режимін бұзушыларға әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылатынын жеткізді. Бішкек коменданты Алмаз Орозалиев қалада адамдардың жүріп-тұруы мен көліктердің қозғалысы бойынша бірқатар шектеулер енгізілген бұйрыққа қол қойды. Енді аса бір қажеттілігі болмаса, тұрғындардың жүріп-тұруы заңмен қадағаланады. Сонымен қатар қоғамдық орындарда маскасыз жүргендерге Заң бұзу туралы кодекске сәйкес жеке тұлғалар үшін 1 мың сом көлемінде айыппұл салынбақ.

Тәжікстанда вирус жоқ па?

ДСҰ-ның Тәжікстандағы өкілі Галина Перфильева бұл елде аталған вирусты жұқтырғандар жоқ екенін ресми мәлімдеді, деп хабарлайды РиаНовости. Сонымен қатар ол ел тұрғындарын гигиенаны сақтап, адам көп жүретін орындарға бармауға шақырды. Бүгінгі таңда республикада коронавирус­ты анықтауға арналған 700-ден астам зерттеу сынағы жүргізіліп, оның бәрі де вирустың жоқтығын көрсеткен. Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, осы жылы 1 ақпан мен 31 наурыз аралығында елге шетелден келген 6222 адамға қатысты карантиндік шаралар қолданылыпты. Елдегі екі апталық карантиннен 2145 адам өткен, 4077 адам әлі күнге сонда жатыр. Сонымен қатар қазіргі таңда Тәжікстанда адам денсаулығын тексеретін тест-жүйе қоры жеткілікті.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + eighteen =