Көрпеңе қарай көсiлесiң бе?

0 116

Бұл күнде Астанада халыққа қызмет түрлерiн ұсынатын түрлi орындар көп. Олардың әрқайсысы бағасымен немесе сапасымен ерекшеленедi. Бiрi арзан, бiрi қымбат. Қазақта «Көрпеңе қарай көсiл» деген сөз осыдан шықса керек. Сiз қалай ойлайсыз?

Әйгерiм Сейiтматова,
студент:

– Бiз студент болған соң, алдымен қалтамызға қараймыз. Рас, Астанаға келiп, адам сенгiсiз бағаларды көргенiм бар. Жақында құрбым екеумiз «Ханшатыр» сауда орталығына бардық. Сондағы дүңгiршектiң бiрiнде жай ғана қолшатырдың 23 мың теңге тұратынын көрiп, таң қалдық. «Мұны кiм алады?» деп өзiмiзше сыбырласып тұрғанда, жап-жас қыз ойланбастан сатып алды. Мүмкiн, сапасы жақсы шығар. Бiрақ базардан алған қолшатырдан да су өтпейдi деп ойлаймын.

Ардақ Жақсылықова,
диктор:

– Тұрмысқа шыққалы базардан мүлдем киiм сатып алмаймын. Өйткенi, жолдасым екеумiздiң табысымыз жеткiлiктi.  Киiмдерiм  фирмалық тауарлар.   Ал күнделiктi қолданылып жүрген опа-далабымды Француз үйiнен таңдаймын.  Көлiк сатып  алатын болсам, «ғашығым» – Лексус300.
Шынымды айтсам, арзан киiмдердi алғым келмейдi. Бұл – қазiргi заман талабы. Қызмет бабында байқағаным,  адамдардың бәрi сенi киген киiмiңе қарай бағалайды және соған сәйкес қабақ танытады. Оны жасырмауымыз керек.  Былайша айтқанда, мен мұндай қадамдарға қоғамдағы қажеттiлiктен барамын.

Мерей Мейiрбеков,
экономист:

–Арзан немесе қымбат бұйымға жүгiру әр адамның өзiне байланысты.  Қазақ мұны «Көрпеңе қарай көсiл»  деп нақ баламасын әдемi тауып айтқан. Өзiмнiң әрiптестерiм арасында түстiк уақытында ас iшуге бiрi– кафеге, бiрi– мейрамханаға, бiрi– асханаға, бiрi үйiне барады. Мiнiп жүрген көлiктерiмiз де ұқсамайды. Таңдау мен қалау әр адамның санасына, табысына, өмiрлiк тәжiрибесiне байланысты қалыптасатын сияқты.  Дегенмен, бар деп тасуға да болмайды, өйткенi ысырапшылдықтың жаман қасиет екендiгi хадисте бiрнеше рет  айтылған.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 9 =