Коронавирусты анықтайтын тест тапсыру кімге тегін?

0 82

1406 байланыс орталығына КВИ-ға тест тапсыру мәселесі бойынша хабарласушылар саны 2 есе артқан. Қоңырау шалушылардың көбін коронавирус бойынша ауруханаға жатқызу мәселесі толғандырып отыр. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, 10 санат бойынша COVID-19-ға тестілеу ақысы тегін болады. Ол тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүзеге асады.

«Біздің аймақтық филиалдарымыз жергілікті денсаулық сақтау басқармаларымен тығыз байланысты, еліміздің әрбір тұрғынына барынша көмектесуге тырысады. Қор тарапынан біз медициналық ұйымдардың қызмет ақысын уақытылы төлеу жөніндегі міндеттемемізді орындауға дайынбыз. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, 10 санат бойынша COVID-19-ға тестілеу ақысын қор төлейді» деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов.
Қор қаражаты есебінен коронавирусқа ақысыз ПЦР-талдаудан өтуге құқылы азаматтар:
Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемінде:
– Инфекциялық ста­ционарға жатқызылған па­циенттер;
– COVID-19 болуы мүмкін деген күдікпен провизорлық стационарға жатқызылған пациенттер;
– COVID-19 болуы мүмкін, ЖРВИ және пневмония белгілері бар, стационарлық деңгейдегі пациенттер;
– Үйде оқшаулауға жағдай болмағанда карантиндік изоляторға симптомсыз COVID-19-бен жатқызылған азаматтар (ПЦР-тексеру, бұл санаттағылар үшін сол жатқан стационарларда жүргізіледі);
– COVID-19 болуы мүмкін, ЖРВИ және пневмония белгілері бар амбулаторлық деңгейдегі пациенттер;
– Симптомсыз COVID-19-бен БМСК дәрігер бақылауындағы азаматтар (ПЦР-тексеру, бұл санаттағылар үшін тіркелген орны бойынша емханада тағайындалады);
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында:
– Ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылған па­циенттер, оның ішінде 37 апта мерзімінде босандыруға рұқсат берілген жүкті әйелдер (ПЦР-тексеру тіркелген орны бойынша емханада тағайындалады);
– Ауруханаға шұғыл түрде жатқызылған пациенттер, оның ішінде жүкті әйелдер мен бала босанған аналар (ПЦР-тексеру стационарда жүргізіледі);
– Гемодиализде жатқан пациенттер (ПЦР-тексеру тіркелген орны бойынша емханаларда тағайындалады);
– Жаңа туған нәрестелер, клиникалық хаттамаға сәйкес (ПЦР-тексеру стационарда жүргізіледі).
Зерттеу жұмыстарын ұйымдастырумен және басқа да қосалқы мәселелермен аймақтық денсаулық сақтау басқармалары айналысады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + five =