Коронавируспен күрес бәсеңдемейді

0 7

Елордада ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру мәселелері қаралды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елдегі коронавируспен байланысты жағдай туралы есеп берді.Елбасы коронавирус Қытай экономикасына да, Қазақстан экономикасына теріс әсер етуі мүмкін екенін атай келіп, қол қусырып отырмай, барлық жағдайға дайын болып, дәрі-дәрмек пен басқа да қажетті ресурстар қорын қамтамасыз ету қажет екенін айрықша атап өтті. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин де Үкімет отырысында Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың жоқтығын, елімізде індеттің алдын алуға қажетті барлық шаралар қабылданғанын мәлім етті.
Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдай туралы баспасөз мәслихатын өткізді.
Алдымен көрші елдегі коронавирустың жағдайына тоқталған Жандарбек Бекшин қазірге дейін Қытайда 44742 адам коронавирустық пневмония жұқтырғанын, оның 1114-і қайтыс болғанын, 4 мыңнан астам науқас емделіп шыққанын жеткізді. «Дегенмен, Қытайда вирустың таралу қарқыны 31 қаңтар мен 11 ақпан аралығында 3,6 есеге төмендеді (22 пайыздан 6,1 пайыз­ға дейін). Яғни, Қытайда эпидемио­логиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқаны байқалады. Ал Қазақстанда 6 қаңтардан бері мемлекеттік шекаралардағы пункттерде 260 885 адам тексеруден өтті, оның 30 852-сі Қытайдан келген. Нәтижесінде, дене қызуы жоғары және жедел респираторлық-вирус­тық инфекцияның симптомдары бар 140 адам ауруханаға жат­қызылды, оның 113-і емделіп шықты, 27-сі – стационарда. Нау­қас­тардың ешқайсысынан коронавирустық инфекция анықталған жоқ» деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Сонымен қатар Бекшин ҚХР арқылы өтетін барлық пунктте санитариялық-эпидемиология­лық бақылау күшейтіліп, тепловизорлар орнатылғанын айта келіп, Қытайдан тағы 363 отандасымыздың қайтуға ниет білдіріп отырғанын жеткізді. «Ухань қаласынан Ресейге (Түмен облысы – 3 адам) және Өзбекстан Респуб­ликасына (5 адам) эвакуацияланған Қазақ­стан азаматтарының жағдайы қанағаттанарлық, дене қызуы жоқ, ЖРВИ белгілері мен шағымдары анықталған жоқ. Сондай-ақ 11 ақпан күні таңертең Нұр-Сұлтан қаласына Қытайдың 36 қаласы­нан 217 қазақстандық азамат келді. Барлығы медициналық және зертханалық тексеруден өту үшін кемінде 3 күн мерзімге ауруханаға жеткізілді» деді Ж.Бекшин.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, елімізде медициналық ұйымдардың дайындығы қамтамасыз етіліп, 10200 төсек, оның ішінде 4400 қосымша төсек орын дайындалған. Маскалардың, медициналық бұйымдардың бағасы, олардың қорлары бақылауға алынған. Сондай-ақ көрші елдерден диаг­ностикалық тестер де алынған. «Ресейден және ҚХР-дан диагнос­тикалық тестер алынды. Ухань қаласынан арнайы бортпен келген 313 адамдарға зертханалық диагностика жүргізілді. Нәтижесінде коронавирус табылған жоқ» деді ол.
Қазіргі таңда әлем бойынша 27 елде коронавирус жұқтырғандар тіркелді. Жапонияда індет жұқтыр­ғандар саны 200-ге жуықтады. Жұқпалы індеттің рық бермей өршуіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Женевада 11-12 ақпанда коронавирусқа қарсы күреске күш-жігерді жұмылдыру мақсатында зерттеулер мен инновациялар бойынша жаһандық жиналыс өткізді. Жиналыста аталған індетке «2019 жылғы коронавирус ауруы» (COVID-19) деген атау берілді әрі ол әлем елдерінің ортақ қарсы тұратын «басты жауы» деп танылды.
Осыған дейін жаңа корона­вирус­тың инкубациялық кезеңі 14 күн деп қаралып келген еді. Алайда Қытай эпидемиологы Жуң Нәншән бастаған ҚХР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің сараптау комиссиясы коронавирустың инкубациялық кезеңі екі апта емес, 24 күнге созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды