Коронавируспен күрес әлі жалғасады

0 33

Әлемдік ақпараттың басты тақырыбына айналған COVID-19 індетінің таралғанына жарты жылға жуықтаса да, беті қайтпай тұр. Індет Уханьнан ілінген кезде-ақ АҚШ ғалымдары «жер шарында 6 миллионнан артық адам жұқтыруы мүмкін» деп болжам жасаса, Дүниежүзілік денсаулақ сақтау ұйымының кеңесшісі Айра Лонджини Bloomberg агенттігіне берген бір сұхбатында вирус әлем халқының үштен екісіне жұғуы ықтимал деген еді. Сол кезде бұл болжамдарға көп адам күдікпен қараған болатын. Алайда қазірдің өзінде індет жұқтырғандардың саны 3,5 миллионға жетуі жоғарыдағы болжамның негізсіз айтылмағанын айғақтаса керек. Індеттің көзі қашан жойылатыны да әзірге беймәлім. Қытай мамандарының сөзіне сенсек, маусымдық тұмау сияқты ұзақ уақыт сақталуы да мүмкін.

Індет жұқтырғандар дамыған елдерде неге көп?

Әлемдегі 220-ға жуық ел мен тәуелді аймаққа жаппай тараған індет кедей, экономикалық қуаты әлсіз елдерге қарағанда, дамыған елдерде індет қатты тебіндеп тұр. Әсіресе, АҚШ-та індет жұқтырғандар саны бір миллионнан асып, 70 мыңға жуық адам көз жұмды. Ал одан кейінгі орында, Испания, Италия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей елдері тұр.
АҚШ президенті Трамп елдегі індет жұқтырғандар санының көп болуын жалпы халықтан коронавирус инфекциясының бар-жоқтығын анықтайтын тест алынғанымен және ақпараттың ашық болғанымен байланысты деп түсіндірді. Демек, дамыған елдерде індет жұқтырушылардың көп болуы, біріншіден, бұл елдерге басқа мемлекеттерден келіп-кететін адамдар біршама көп болғандықтан, індет өте кең жайылып кетті. Екіншіден, дамыған елдер бастапқыда бейғамдық жасап, індетті өршітіп алды, халқы да өз елінің дамыған емдеу-денсаулық сақтау істеріне сеніп, жеке сақтықты күшейтпей бойды кеңге салды. Осыдан барып, көп адам індет жұқтырды да, тест арқылы тексеру барысында көп адамнан инфекция анықталды. Міне, осы жағдайды негізге алған ғалымдар егер барлық мемлекет өз азаматтарының вирус жұқтырған-жұқтырмағанын АҚШ сияқты кең көлемде тексерсе, әр елдегі инфекция жұқтырғандар саны қазіргіден 1-2 есе көбеюі мүмкін деп отыр.

Карантин жағдайы да әр елде әрқалай

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бірнеше күн бұрын коронавирусқа байланысты осыдан үш ай бұрын жарияланған әлемдік төтенше жағдай режимі әзірге алынып тасталмайтынын мәлімдеді. Алайда кейбір елдер карантин талаптарын ақырындап жеңілдете бастаса, енді бір бөлім елдер карантин уақытын ұзартып жатыр. Мәселен, Италия мен АҚШ карантин талаптарын жұмсартты. Германия да карантин тәртібін бұрынғыдан жеңілдетсе, Франция билігі керісінше төтенше жағдай режимін 24 шілдеге дейін ұзартуды ойласып жатыр.
Жапония төтенше жағ­дайды тағы бір айға ұзартуы мүмкін. Ал Әзербайжан карантин режимін мамыр айының соңына дейін созды, сонымен қатар, елден кіру/шығуға қойылған шектеу мерзімін 31 мамыр­ға дейін ұзартты. Ресейдегі бірқатар өңірлерде мектеп оқушылары 1 мамырдан бастап мерзімінен бұрын каникулға шықты. Ал елімізде де төтенше жағдай мерзімі Мемлекет басшысының жарлығымен 11 мамырға дейін ұзартылғаны мәлім.ТМД елдеріндегі жағдай қалай?

ТМД елдері бойынша Беларусия мен Украинада індет жұқтырғандар саны 120 мыңнан асып түсті. Одан кейінгі орында Молдава мен Қазақстан тұр. Елімізде 4 мамыр таңертеңгі сағат 7-ге дейін індетті жұқтырғандар саны 3964 адамға жетіп, 27 адам көз жұмды. 1100-ге жуық адам дерттен айықты.
30 сәуірге дейін елде коронавирус барын жоққа шығарып келген Тәжікстан 2 мамыр күні вирустан екі адамның көз жұмғанын, 70 адамнан коронавирус анықталған мәлімдеді.
Тәжікстан үкіметінің вирус туралы ақпаратты жасырып отырғаны жайлы ақпарат таралғанына бір айға таяды. Алайда тәжік билігі мұны жоққа шығарып, елде ешқандай шектеу шарасын енгізбеген еді. 30 сәуірден бастап бұл елде жағдай күрт өзгерді де, билік аяқ астынан жұртшылықты сыртқа шыққанда беттұмша тағуға міндеттеді. Сонымен қатар, мектептерді екі аптаға жауып, футбол матчтарын тоқтатты. Енді, міне, 3-4 күнге жетпей 2 бірдей кісі өлімінің тіркелуі «ауруыңды жасырғанмен, өлімің әшкере» дегендей, тәжік еліндегі жағдайдың біршама ауыр екенін аңғарт­са керек. Ал коронавирус­тың атын да айтқызбай, беттұмша тағудың өзіне тыйым салған, Орталық Азия өңіріндегі COVID-19 індеті тіркелмеген жалғыз мемлекет – Түркіменстандағы нақты жағдай әзірге беймәлім.Ресейде індет үдеп барды

Ресейде жағдай оңалмай тұр. Елде бірқатар шектеу шаралары атқарылғанына қарамастан, соңғы күндері науқастар саны еселеп артып барады. 2 мамыр күні бір тәулікте 9623 адамнан коронавирус инфекциясы табылғаны, 100-ге жуық адамның көз жұмғаны – соның айғағы. Қазірге дейін бұл елде вирус жұқтырғандар саны 134 мыңға жетіп, 1280 адам қайтыс болып, індет жұқтырғандар саны ең көп он елдің қатарына қосылды. Оның үстіне бұл елдегі індеттің ілмегіне ілінгендердің 47 пайызында ешқандай ауру белгілері жоқ. Бұл індет жұқтырғандарды анықтауға белгілі мөлшерде қиындық тудырып ғана қалмай, симптомсыз науқастардың басқаларға індет жұқтыру қаупін одан әрі ұлғайтып отыр. Елдегі індет жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың тең жартысы Мәскеуде болғандығы себепті қала мэрі Сергей Собянин жақында қала тұрғындарының 2 пайызына вирус жұққанын, осы жағдайға байланысты індеттің беті қайтқанша қаладағы қатаң шаралар атқарыла беретінін мәлімдеді.
Сәуірдің соңында Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинге коронавирус жұққаны хабарланған еді. 1 мамырда тағы бір министр мен оның орынбасарына коронавирус жұққаны анықталды. Осыған қарағанда билік өкілдерінің эпидемия мамыр айының басында шарықтау шегіне жетеді деген тұспалы тура келмейтін секілді.

Індет Қытай – АҚШ қатынасын қайта ушықтырды

30 сәуірде Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирус Қытайдағы вирусология зертханасынан тарады деп сеніммен айтуға болатындай дәлел барын айтты. Осыдан бұрын да дүниені діңкелеткен дерт Қытай вирус зерттеу­шілерінің абайсыздығынан зертхана аумағынан сыртқа тарап, Қытай билігі оны тоқтата алмаған болуы мүмкін деген болжам да айтқан Трамп Қытайды қателігін мойнына алуға шақырған болатын. Алайда Қытай билігі бұған үзілді-кесілді тойтарыс берді. Осыдан кейін ақ үй басшысы Қытай тауарларына жаңадан баж салығы енгізіледі деп сес көрсетті.
Трамптың мәлімдемесінен бұрын АҚШ барлау қызметі коронавирус індеті «қолдан жасалмаған, генетикалық тұрғыда өзгермеген, зерттеу осыны дәлелдеді» деп мәлімдеген еді. Егер Трамп айтқандай, аты жаман індет шынымен де Қытай зертханасынан абайсызда таралып кеткені дәлелденсе, бұл Қытай билігіне үлкен соққы болғалы тұр. Себебі АҚШ, Ұлыбритания, Канада халқы арасында Қытай билігінен індеттің алдын алуда жауапсыздық танытқаны үшін төлем талап ету толқыны барған сайын күшейе түсуде.

Вакцина қашан дайын болады?

Коронавирус адамзатқа ауыз салғанына жарты жылдан асты. Осы уақыт ішінде бұл індет бүкіл әлемге жайы­лып, 3,5 миллионға жуық адам індет жұқтырып, 247 мың адам көз жұмды. Қазірге дейін 1,1 миллион адам індеттен айыққанымен, оны емдейтін нақты препарат та, алдын алатын вакцина да жоқ. Дегенмен әр ел бұл індеттің вакцинасын жасау­ға әлдеқашан кірісіп кетті. АҚШ, Израиль, Германия, Қытай… елдері бастаған бұл көштен Қазақстан да қалмай, өз вакцинасын жасауға күш салып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазіргі уақытта бірнеше мемлекет 54 болашақ вакцина әзірлеп жатқан көрінеді. Бірақ оның нәтижесін де уақыт көрсетеді.
АҚШ – коронавирус инфекциясын жоятын вакцина дайындауға білек түре кіріскен елдердің бірі. Коронавирусқа қарсы алғашқы екпе де осы елде жасалды. Аты жаман індетке қарсы вакцинаны 2021 жылдың қаңтарына қарай аяқтауды жоспарлап отырған бұл ел 90 вакцина нұсқасын зерттеуден өткізіп, оның ішінен 14-ін таңдап алған. Алдағы күндерде бұл вакциналарға тағы да сынақ жүргізіліп, соңында 6-7-еуін ғана таңдап алатын көрінеді. Алайда оның өнімі қандай болатыны жөнінде АҚШ мамандарының өзі де дәп басып ештеңе айта алмай отыр. Ал Қытай вакцина әзірлеуге қаңтар айынан бастап кіріскен еді. Қазір 3 түрлі вакцинаны клиникалық сынақтан өткізіп жатыр.
Мұнан сырт, Түркияның жануарларға жасалған коронавирусқа қарсы вакцинасы сынақтан сәтті өтсе, Ресейде вирусқа қарсы үш препарат жасалды. Ал Францияда Covid-19 вирусын емдеудің төрт әдісі бойынша клиникалық сынақтар жүріп жатыр. Алайда вакцина жасап шығару ұзаққа созылатын процесс болғандықтан, сынақтан сәтті өткен күннің өзінде, оны қолданысқа енгізуге біраз уақыт кетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + fourteen =