Коронавирус

елімізге және әлемге қалай әсер етуде?

0 103

Өткен жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласында тараған жаңа коронавирус әлемдік індетке айналып барады. Қазірге дейін әлем бойынша 81123 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, 2766 адам көз жұмды. Қазір Қытайдан басқа, Оңтүстік Корея, Иран, Италия және Жапония елдерінде де вирус өршіп тұр. Осы жағдайға байланыс­ты еліміз де сақтық шараларын күшейтті. Коронавирустың алдын алу бойынша оқу-жаттығулар өткізіліп, індеттің алдын алудың қатаң шаралары белгіленді, арнаулы комиссия құрылды.Бастапқыда бұл вирус ­Қытайдың Хубэй про­винция­сында көп адамның жанын жалмаса, көп өтпей бүкіл Қытайға жайылды. Қытай билігі індеттің таралуының алын алу үшін адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойды, мектептер сабақ тоқтатып, өндіріс ошақтары жабылды. Нәтижесінде Қытайда індеттің таралуы бәсеңдегендей көрінгенімен, керісінше Оңтүстік Корея, Иран, Италия және Жапония елдерінде вирус жұқтырғандар саны күрт көбейді.

Қазақстан да қатаң сақтыққа көшті

Әлем халқын алаңдатқан жұқпалы вирусқа Қазақстан да бейжай қарап отырған жоқ. Іргесіндегі елге індет іліне бастағанда-ақ Қытай – Қазақстан арасындағы өткізу бекеттерінде сақтықты күшейткен болатын.
Қазіргі таңда Қытай – Қазақстан арасындағы адам өтетін бекеттер толық жабылды. Сонымен қатар, Қытайдан келген және басқа елдер арқылы Қазақстанға келген қытайлық азаматтар міндетті түрде 14 күн карантиннен өтетін болды.
Жақында ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері ­Жандарбек Бекшин Қазақстан азаматтарына індет асқынған елдерге қазірше бармау жөнінде үндеу жасады. Атап айтқанда, әлемде коронавирусқа байланысты жағдай күнде өзгеріп тұрғанын алға тартқан ол қазір ҚХР-да жағдай тұрақтанғандай көрінгенмен, басқа елдердегі жағдайдың күрделеніп бара жатқанын жеткізді. «Бұрын бірінші санатта тек ҚХР болса, қазіргі таңда бұл тізімге Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран, Қытайдың Гонконг, Макао, Тайвань өңірлері енгізілді. Бұл елдерден келген Қазақстан азаматтары 1 наурыздан бастап өз үйінде карантинге оқшауланады. Олардың денсаулығын жергілікті дәрігерлер қадағалайды. Бұл шешім әлемдегі жағдайдың күрделеніп бара жатқанын көрсетеді» деді Ж.Бекшин.
Бекшиннің айтуынша, қауіптілігі жағынан екінші санатқа Сингапур, Таиланд, Малайзия елдері енгізілсе, үшінші санатқа Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, Араб Әмірліктері, Канада елдері тіркелді. Оңтүстік Корея мен Иранға ұшатын әуе рейстері шектелді.
Еліміз осыған дейін Қытайдан және індет тараған Жапония кемесінен өз азаматтарын эвакуациялағаны көпке мәлім. Алайда індет өршіген елдерде жүрген қазақстандықтар әлі көп. Мысалы, Оңтүстік Кореяда – 34 мың, Жапонияда – 180, Иранда 170-ке жуық қазақстандық бар. Қытайдан қайтпай қалған отандастарымыз да аз емес. Демек, коронавирус біздің елде жоқ деп отандастарымыз­дың арқасын кеңге салып, бейқам отыруына болмайды. Керісінше, әркім өз басының амандығы үшін сақтықты күшейткені абзал.

Коронавирустың пандемияға айналу қаупі бар

Соңғы дерек бойынша, әлемде 38 елде жаңа коронавирусын жұқтырғандар анықталып, Қытайдан басқа елдердегі індет жұқтыр­ғандар саны 2800 адамнан асты. 43 адам көз жұмды. Тек Жапония лайнерінің өзінде 691 адам (кемеде 3700 адам болған) Covid-19 вирусын жұқтырып, 3 адам бақилық болса, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран елдерінде індеттің күрт өршуі бүкіл әлем елдерін алаңдатты. Әсіресе, Оңтүстік Кореяда бір аптаға жетпейтін уақытта 1100-ден астам адам вирус жұқтырып, 10 адам көз жұмса, Иранда індет жұқтырған 95 адамның 16-сы, Италияда 323 адамның 11-і пәниден бақиға аттанып, аталған 3 ел Қытайдан кейін коронавирус тез асқынған елдердің үштігіне енді.
Сингапур, Малайзия, Тайланд, Бахрейн, АҚШ елдеріндегі жағдай да мәз емес, бұл елдерде қазірше адам өлімі тіркелмегенімен, індет жұқтыр­ғандардың саны күрт арту мүмкіндігі күн сайын күшейіп барады. Осыған байланысты әлем елдері бұл жұқпалы вирус жаһандық пандемия­ға айналып, Қытайдан басқа өңірлерде коронавирустың ошақтары пайда болуы мүмкін деп алаңдауда. Бұл туралы Австралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің биоқауіпсіздік бағдарламасының директоры Рейна Макинтайр «Қытайдан тараған жұқпалы вирустың жаһандық эпидемияға айналып кету қаупі күшті. Алайда тізгіндеуге әлі де мүмкіндік бар десе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесшісі Айра Лонджини bloomberg агенттігіне берген сұхбатында ғалымдар коронавирус әлем халқының үштен екісіне жұғуы мүмкін деп болжап отыр­ғанын айтты. Сондай-ақ ол науқастарды оқшаулап, карантинге жіберу коронавирустың таралуына тосқауыл бола алмайтынын, алайда Қытай қолданып жатқан шаралар басқа мемлекеттердің эпидемияға дайындалуына зор мүмкіндік беретінін жеткізді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус 25 ақпан күні Женевада өткен баспасөз мәслихатында соңғы кездері індеттің Қытайдан басқа Иран, Италия мен Оңтүстік Корея елдеріне тез жайылуы әлемде алаңдау­шылық туғызып отыр­ғанын атап өтті. Сондай-ақ ол коронавирустың пандемия­ға айналу қаупі бар екенін жоққа шығармайтынын, бірақ қазір пандемия жариялау үшін инфекцияның таралуы тиісті деңгейге жеткен жоқ деп мәлімдеді. «Вирустың таралуын тежеуге болады. Әзірше ырық бермей кеткен жоқ. Өлім-жітім көрсеткіші де 2 мен 4 пайыз аралығында. Сондықтан пандемия жариялауға әлі ерте. Алайда жағдай күрт өзгеруі де мүмкін. Індеттің жайылмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз» деді ол.

Асқынған індет, күшейген наразылық

Қытайдан тараған індеттің біртіндеп шетелге аунауына байланысты көптеген мемлекеттер өз шекарасын бүкілдей жауып тастамаса да, Қытай азаматтарының кіруіне тосқауыл қойып, сақтық шараларын күшейтті. Алайда бұл да анталаған індеттің алдына тосқауыл бола алған жоқ. Кейбір елдерге індет саяхатшылар арқылы келсе, ал кейбір елдерде Қытайдан эвакуацияланған азаматтардан вирус тарап жатыр. Сонымен, өз денсаулықтарына алаңдаған қараша халық биліктен Қытай азаматтарын және Қытайдан келген жолау­шыларды кіргізбеуді талап ете бастады. 20 ақпанда Украинаның Полтава облысында Ухань қаласынан эвакуацияланған азаматтарды (мұның дені өз азаматтары болса да) халық қалаға кіргізбей, наразылық танытқаны – соның айғағы.
Оңтүстік Корея мен Иранда да халықтың Қытай азаматтарына болған наразылығы күшейді. Қырғызстанда да өткен аптада халық қытайларды кіргізбеу туралы ереуілге шығып, соңынан билік халықтың талабымен келісіп, Нарын облысында ауқымды логистикалық орталықты қытайларға салғызбайтын болып шешім қабылдаса, елімізде де халық «Қытайдан вирус еніп кете ме?» деген қауіппен Қытай азаматтарын елге кіргізбеуді, Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істеп жатқан қытай азаматтарын елден шығаруды талап етіп, бейбіт шеруге шықты.
Осы аптаның басында Иранның денсаулық сақтау министрінің орынбасары да вирус жұқтырғаны мәлім болды. Вирус оған Қытайға үнемі барып-келіп жүретін Кумдағы қытайлық жұмысшыдан жұққан болуы мүмкін деген күдік бар. Қытайлық жұмысшылар Иранның Кум қаласында күн сәулесімен жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Иранда вирус жұқтырғандардың көбі – осы қалада. Егер Ирандағы індет жағдайы асқынса, болашақта бұл елде де Қытай азаматтарына қарсы наразы­лық күшеюі мүмкін. Себебі вирус­тың асқынуы тұрғындардың денсаулығына ғана емес, саяхат шаруашылығына да әсер ететіні даусыз. Демек, коронавирус адам өміріне қауіп төндіріп ғана қоймай, қоғамдық орнықсыздықты тудырып, экономиканың өсуіне үлкен кедергі жасайды.

Әлемдік экономикаға әсер ете бастады

Қытай билігі «Коронавирус Қытай экономикасына уақытша ғана ықпал жасайды, GDP-дың өсуіне немесе өткен жылғы қалпын сақтауына жасайтын әсері айтарлықтай болмайды» деп жар салғанымен, шетелдің сарапшылар «Қытай бұл індетті қысқа уақыт ішінде тізгіндей алса, оның экономикасына қатты соққы болмайды, яғни індеттің кесірінен Қытайдың экономикалық өсім көрсеткіші биылғы жылдың алдыңғы үш тоқсанында бір пайыз төмендеуі мүмкін. Алайда жұқпалы індет ұзаққа созылса, Қытай экономикасына ғана емес, тұтас әлем экономикасына үлкен ықпал жасайды» деп отыр. Қазірдің өзінде Қытайдың қатынас-тасымал, туризм саласы салданып, Қытай қор биржасына да айтарлықтай әсер көрсетті. Тауарларды бөлшек сату саласы тұралап, қонақүйлер қаңырап бос қалды. Оның үстіне, індеттің алдын алу үшін Қытай билігінің тұрғындарды бір айға жуық уақыт сыртқа шықпай, жұмысқа бармай үйде отыруға бұйыруы өндіріске де үлкен ықпал жасады. Бұл Қытай экспортына сүйеніп отырған көптеген елдердің экономикасына да әсер етіп, кейбір елдерде тауар тапшылығы көріне бастады. Егер Қытайдағы індет тізгінделмей, қазіргі жағдай ұзаққа созылатын болса, бұл ел экономикасына ғана емес, бүкіл әлем экономикасы үшін де үлкен қатер.
Коронавирус тарағалы әлемде барыс-келіс те саябыр­лады. Дүниенің жер-жеріне күн сайын ағылып жататын қытайлық туристер де азайды. Сөйтіп, коронавирус көп елде мұнайдан қалса, екінші кіріс қайнарына айналған туризм саласының дамуын тежеп, көптеген турис­тік компания­лар шығынға белшесінен батты. Туристік фирма өкілдерінің дерегіне сүйенсек, соңғы кездері көп ел азаматтары Италияға жоспарлаған сапарларынан да бас тартып жатқан көрінеді.
Ал оңтүстік-шығыс Азия­ға келетін туристер саны соңғы 4 айда күрт кеміген. Осыған байланысты саяхат шаруа­шылығы өркендеген кейбір елдер шығынға батып, туризм саласы тұралай бастады. Мәселен, жақында Вьетнам билігі коронавирустың кесірінен елдің туризм саласы биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 4 млрд доллар шығынға батқанын жариялады. Былтыр бұл елге келген шетелдік саяхатшылардың саны 18 миллионнан асқан. Мұның 30 пайыздан астамы – қытайлық туристер. Ал қазір олардың қарасы да көрінбейді. Тайландтың да жағдайы мәз емес. Бұл елде туризмнің үлесі жалпы ішкі өндірістің 20 пайызын ұстайтындықтан, саяхатшылардың күрт азаюы мемлекет экономикасына ауыр соққы болды. Міне, осы жағдайға байланысты Вьетнам, Тайланд, Малайзия елдері қонақүй бағасын 25-30 пайызға де­йін төмендетіп, әуе көлігі билеттерін арзандатқанымен, әзірге оның да әсері болмай тұр. Өйткені халыққа көңіл көтеруден гөрі қара бастың амандығы керек қой.
Жаңа коронавирус әлемдік қор биржасына да әсер етіп жатыр. Bloomberg-тың дерегіне сүйенсек, әлемдік қор биржасының 24 ақпандағы есебі бойынша, әлемдегі 500 дәулетті адам коронавирустың кесірінен 139 млрд доллар жоғалтқан. Атап айтқанда, Amazon компаниясының басшысы Джефф Безос пен LVMH (Louis Vuitton Moet Hennessy) директоры Бернар Арно 4,8 млрд доллардан айырылса, Zara желісінің иесі Амансио Ортеганың 4 млрд доллары, ресейлік бизнесмен, «Лукойл» президенті ­Вагит Алекперовтің 1.21 млрд доллары желге ұшты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =