Коронавирус жұқтырғандар жарты миллионнан асты

0 8

Кеше елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны жарты миллионға, яғни 504290 адамға жетті. Ведомстволық министрлік дерт асқынған «қызыл аймақтағы» өңірлерді қатаң бақылауға алды. Мәселен, екпе туралы екіұдай пікір басым Маңғыстау өңіріндегі эпидахуал дабыл қағатындай деңгейге жеткен. Облыста өткізілген коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі республикалық штабтың отырысында сондай баға берілді.Вакцинаны міндеттеуге болмайды деп тұрғындары жиі наразы болатын бұл өңір соңғы айда өзге аймақтармен салыстырғанда коронавирус жұқтырғандар мен инфекциялық төсек-орындарының толу сыйымдылығы жағынан алға шыққан. Бірақ ахуалдың нашарлауына екпеге қарсылық танытудан бұрын өңірде коронавируспен күрес шараларының дұрыс жүргізілмеуі себеп болып отыр екен. Одан бөлек, «қызыл аймақта» тұрған 11 облыс пен 3 қаланың да жағдайы мәз емес секілді. Солардың қатарындағы Шымкентте тәулігіне 400-500 адам дерт жұқтырып, қаладағы эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі жағдайда қалып отыр. Былтыр пандемия өршіген кезде ауру асқынған Шығыс Қазақстан облысы керісінше қазір «сары аймақтағы» екі өңірдің бірі. Ішкі туризмі «Керуен сарай» кешені арқылы биыл дамып кеткен Түркістан да адам аяғы көп өңір болса да, әзірге осы қауіпсіздеу «сары аймақта» қалып отыр.
Соңғы апталарда әлемде екпе салдырмағандарға қатысты түрлі шектеулердің көбейгенін байқадық. Бұған кей елдерде індеттің төртінші толқыны, тіпті вирустың «дельтадан» басқа жаңа штамдары пайда болатыны туралы қауіп себеп болса керек. Мәселен, Иорданияның Хашимит корольдігі вакцина алмаған азаматтардың жұмысын заң негізінде реттейтін шаралар қабылдауда. Жаңа ережелерге сәйкес вакцинаның екі дозасын алмаған мемлекеттік сектордағы кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері аптасына екі рет – жексенбі және бейсенбі күндері басшылыққа 72 сағат бұрын жасалған ПТР-тестінің теріс нәтижесін тапсыруы тиіс.
Ал Өзбекстанда «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы» туралы заңға сәйкес аурудың алдын алатын екпе салу туралы ережені ескере келе, вакцина салуды міндеттеу жөнінде шешім қабылданды. Енді 18 жастан асқан белгілі бір санатқа жататын азаматтар үш дозалы екпені салдыруға міндетті.
Қытайда қай оқушының ата-­анасы екпе салдырмаған болса, сол баланың мектепке баруына тыйым салынуы мүмкін. Елдің оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономия ауданында жаңа оқу жылында осындай шаралар қабылданбақ. Сондықтан орта және жоғары мектеп оқушыларының ата-аналарына коронавирусқа қарсы екпені мүмкіндігінше тезірек салдыру талабы қойылды.
Өткен аптадан бастап Мәскеудегі кәсіпорындар қызметкерлерінің екпе салдырып, салдырмағаны тексеріле бастады. Сауда, көлік, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің кем дегенде 60 пайызына міндетті түрде екпе салу тапсырылды. Талап мемлекеттік, азаматтық және муниципалдық сала қызметкерлеріне, билік органдарына да қатысты болады. Олардың екпе салып, салмағанын тексеру ақпараттық технологиялар көмегімен жүргізіледі.
Францияда дүкен, бар және кинотеатрларға кіру үшін екпе салдырғаны туралы анықтама немесе вирустың жоқтығын дәлелдейтін тестілеу нәтижесі талап етіле бастады. Бұған дейін елдің Денсаулық сақтау министрі Оливье Веран 15 қыркүйекке дейін барлық медициналық қызметкерлердің екпе алуы керек екенін, әйтпесе олардың жалақыдан айырылатыны туралы ескерткен. Президенттің мәлімдемесінен соң екпе алуға кезекке тұратын Doctolib сайтына кіретін адамдар саны күрт артқан. Кеше ғана індеттің төртінші толқыны басталуда деп мәлімдеген Франция билігі карантинді күшейтпес үшін тұрғындарды жаппай вакцинацияға қарқынды қатысуға шақырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =