Коронавирус: күдік пен үміт

айтпайын-ақ деп едім...

0 415

Қытайда тараған коронавирус қазір әлемдік тақырыпқа айналды. Дүниежүзіндегі 50-ден аса елге тарап, 3042 адам көз жұмған бұл індет қазірше Қытайдың іргесінде отыр­ған Қазақстанда тіркелген жоқ. Дегенмен, ел билігі осылай деп, жұртты өтірік-өсекке сенбеуге шақырып, алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз деп сендіргенімен, халық арасында «Ухань обасы алты құрлыққа тарап жатқанда Қазақстанда қалайша жоқ? Билік жасырып отырған жоқ па?» деген күдік те күшейіп келеді. Өйткені елімізде де Уханьнан эвакуацияланған азаматтар бар. Қытайдан тіке келген немесе басқа елдер арқылы айналып, Қазақстанға кіріп жатқан қытайлар да жоқ емес.Оның үстіне, індеттің алдын алуға бөлінген 2 миллиард теңгенің тез та­у­­­­сылуы да көп күдікті күшейтті. Коронавирустың алдын алуға қажетті аппараттар сатып алып, індеттен сақтану бұйымдарын көптеп импорттады ма дейік десек, көп дәріханаларда әлі күнге дейін беттұмша (маска) жоқ. Кейбір дәріханаларда «маска жоқ» деп жазып қойғанына айға таяса, ал кейбір өңірлерде 10 теңгелік масканың бағасы 50 теңгеге дейін көтерілген. Сонда бөлінген қаржы қайда кетті? Ең қызығы, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі бюджет қаражатының қайда жұмсалып кеткенін халыққа айтуға рұқсаты жоғын айтып ақталды. Міне, бұл жағдай да «елімізде вирус жұқтырғандар анықталып, бөлінген ақша соған жұмсалған жоқ па?» деген күдікке жетелейді. Әйтпесе, министр неге қаржының қайда кеткенін айта алмай күмілжиді? Жоқ әлде «біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дегендей індетке бөлінген ақшаға да жемқорлар араласып кетті ме?
Дәріханаларда масканың тапшы­лығын денсаулық сақтау саласындағылар «денсаулығына алаңдаған халықтың масканы көптеп сатып алуымен» түсіндіргісі келеді. Алайда бұл да мәселенің мәніне үңілмей, жалтаң жерден жалтарғандық сияқты. Шынын айтқанда, Қазақ­станның көптеген мас­касын кей пысықтар Қытай асырып үлгеріпті деген әңгіме бар. Осыған байланысты масканың шетелге сатылуының алдын алу және оның бағасының қымбаттауына шектеу қою жөнінде дәл сол кезде БАҚ беттерінде көп айтылып, қайта-қайта жазылса да, оны ертерек ескерген басшы болған жоқ. Тек «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегендей, құзырлы орындар жарты айдан кейін барып «шетелге маска шығаруға тыйым салынды» деген шешім шығарды. Үкімет жанынан құрылған ведомствоаралық комиссия да маска бағасының қымбаттауына тосқауыл қоятынын айт­қан еді. Алайда бұл сөз кейін көл бетіндегі көбіктей жоқ болып кетті. Бар сенген Денсаулық сақтау министрі жұмсалған қаржының қайда кеткенін айта алмай бір, масканың тапшылығы мәселесін шеше алмай екі қиналып, көп көңіліндегі күдікті күшейте түсті. Ал қарапайым халық болса «Ауруыңды жасырғанмен, өлімің әшкере» дегендей, елге індет ілінсе, Үкімет істің шын сырын айтып, халықты ертерек сақтыққа шақырса жақсы еді деп ойлайды. Бір тәуірі, біздің елде «денесі қызғандар бар да, коронавирус жұқтырғандар жоқ». Қазірше бәріміздің алданышымыз осы!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =