КӨРНЕКТІ АҚЫННЫҢ АЙШЫҚТЫ КЕШІ

0 473

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Конгресс-холда арқалы ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлының «Тәуелсіздікке тағзым» атты шығармашылық кеші өтті. Ақынның 70 жылдығына арналған кеште өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер шырқалды.

erm_8919

Ақ тілектер ақтарылды

Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов қазақтың қара өлеңінің ақжал арыстанына теңеген ақынға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Атырау об­лысының әкімі Нұрлан Ноғаев жолдаған құттықтау хаттары оқылды. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің ізгі лебізін қала басшысының орынбасары Ермек Аманшаев жеткізді.
– Құрметті Серік Тұрғын­бек­ұлы! Сізді ғұмырыңыздың асқаралы белесі – 70 жылдық мерейтойыңызбен шын жү­ректен құттықтаймын! Сіз – қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, айрықша қолтаңбасы қалыптасқан көрнекті ақынсыз. Қазақ әдебиетіне қосқан үле­сіңіз оқырман қауым тарапы­нан жоғары бағаланып, көп­ші­­ліктің сүйікті ақынына айнал­дыңыз. «Мұқағали» дра­масы мен «Кейкі батыр» дас­­­та­ныңызды халық зор ықы­лас­пен қабылдады. Осындай шығар­маларыңыз өскелең ұр­паққа тағылымы мол мұра боп қалары сөзсіз. Жүрегіңіздің түбінен мөлдір сезім болып ақ қағаз бетіне түскен өлеңдеріңіз халықтың сүйікті әндеріне айналғаны да ақиқат. Қадірлі Серік Тұрғынбекұлы! Бұл айтулы күнде Сізге зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық табыс тілеймін, – деген жолдарды оқыған Ермек Әмірханұлы қала басшысының атынан ақынның иығына шапан жапты.
«Серік өлеңдері – арындап алып та қашпайтын, бір орында тапжылмай тұра да бермейтін, бойында қаны бар байыпты, байсалды жырлар. Ол бойындағы дарынын шашпай-төкпей, асықпай, аптықпай, жаймен, ақылмен жырлауға ұмтылады» деген екен кезінде Серік Тұрғынбекұлының шығармашылығы жөнінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Жастық шағында Мұқағалидың соңына еріп, оны ұстаз тұтқан ақынның қаламынан кейіннен «Мұқағали» драмасы туды. Бұл туынды Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мем­лекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының репертуарынан түспей келе жатқанына да он бес жылдың жүзі болды. Кеште аталған драмадан үзінді көрсетілді.
Дастандары мен драмала­рына тарихи тұлғалардың өмірін арқау ететін Серік Тұр­ғын­бекұлы «Шәмшінің әні» аталатын пьесаны да жазып тастапты. Басты рөлге Жас­тар одағы сыйлығының иегері Нұрай Танабаев таңдалған спектакльден де бір үзік көріністі тамашаладық. Бұйырса, келесі жылы бұл қойылым қалың кө­рер­менге де жетеді. Ал бұл кеш­­тегі сахналық қойылымдарды Қалекки театрының әртістері әсерлі ойнап шықты.

Туған елдің медалін тақты

Биыл – Қостанай облы­сының 80 жылдығы.
Осы­ған орай облыс әкімінің тап­сырмасымен «Тобыл-Торғай» күміс медалі жасалды.
Оның тұңғыш иегері Серік Тұрғын­бекұлы атанды. Сон­дай-ақ, кеште ақынға өзінің туған жері – Жангелдин ауда­нының «Құрметті азаматы» атағы тапсырылды.
Композитор Қарасай Сайжанов Серік Тұрғынбекұлына «Серік сері» атты күй де арнаған екен. Бұл күйді Астана қаласы мемлекеттік акаде­миялық филармониясының Қазақ оркесті (дирижері ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) орындады.
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекіл­байұлы ақынның «Кейкі батыр» дастаны жө­нін­де «Қазақ өлеңінің жа­лында құйындай ойнайтын шабан­доз ақын Серік Тұр­ғынбекұлы бұл дастанында су шай­қалмас жорғадай төгіліп-ақ ба­ғыпты. Күллі ұлт болып өз тарихымызды саралап жатқан рухани ізденіске өрелі үлес қосқан талантты суреткерге риза бол­масқа хақыңыз жоқ» деген пікірін айтқан. Бұл поэма туралы халқымыздың тағы бір дара тұл­ғасы Ақселеу Сейдімбек: «Дас­тан қазақ топырағында қалып­тасып, қабырға қатайтқан оқи­ғалы поэ­малардың үлгісінде жазылған. Жат жұрттың рухани үрдісіне еліктеу де, солықтау да жоқ. Сөйте отырып бес ға­сырлық мектебі бар қазақ поэ­зия­сының поэтикалық мол ғиб­ратын ақын Серік қапысыз пайдаланып отырады» деген.

15 жасында әнге сөз жазды

Алдыңғы толқын ағалардан осындай көңілді өсіретін сөздерді естіген ақынның қара өлеңде де, әдебиеттің поэма, драма жанрларында да жеткен табыстары жетерлік. Ал Серік Тұр­ғынбекұлының ән мәтіндері – бөлек дүние. 100-ден астам әнге сөз жазған ақын Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев, Алтынбек Қоразбаев, Қалибек Деріпсалдин, Марат Омаров сынды танымал композиторлармен шығармашылық одақ құрған. Кейбір әндер қазір белгілі болып жүрген бірқатар әншілердің өнерінің өрістеуіне де жол ашқан. Мәселен, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер Серік ақын сөзін жазған Әсет Бейсеуовтің «Жолың болсын, жолаушы» әнімен көпшілікке танылды. Осы жұп ақынды ме­рейтойымен құттықтап, аталмыш әнге салды.

erm_9023
Сонау алпысыншы жылдар­дың басында Серік Тұрғынбек­ұлының дарынын талантты ком­позитор Болат Хамзин бай­қайды. Сөйтіп отырып, он бес жасар ақынға «Торғай қызы» деген әнге сөз жазуға тап­­сырыс береді. Бала ақын оның бұл тілегін орындайды. Міне, содан бері бұл ән Торғай атыра­бында шырқалып келеді. Кеште бұл әнді әнші Отаркүл Мұқа­това тамылжытты. Сондай-ақ, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Сембек Жұмағалиев, Тамара Асар, Нұрғали Тұрлыбеков, Марат және Зарина Омаровтар, Гүлзира Бөкейханқызы, Жазгүл Даңылбаева ақын сөзіне жазылған әндерді салды.
ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіп­жановтың Алматы қаласы­нан ат арытып жетуі көпші­лікке үлкен сый болды. Филар­монияның Қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен Әсет Бей­сеуов­тің «Сағынып келдім, Торғайым» әнін шырқаған майталман әнші әлі де бабында екенін көрсетті. Сондай-ақ, Торғайдан шыққан талантты әнші Ғазиза Жұмекенова мен Зағипа Иманғазиева да жанды дауыста әндерді орындады.
Серік Тұрғынбекұлын елі құр­меттейді екен. Ақынның мерейін өсірген бұл кештің ұйым­дас­тырылуы осыған көз жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − six =