КӨРМЕНІҢ КЕРМЕСІ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

0 191

Халықаралық көрме өтетін үш ай ішінде ЭКСПО қалашығы аумағында көліктердің көбейетіні  сөзсіз. Бұл көлік тұрағын тиімді басқаруды қажет етеді. Сонымен, көлік тұрағы қалай бөлінеді? Меймандарға арналған қанша орын бар? Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқы ескерілді ме?

Жалпы, көрме кешенінен оңтүстік бағытқа қарай жеке көлік иелеріне арналған екі үлкен аумақ қарастырылған. Сыйымдылығы – 9 500 орын. Мамандардың айтуынша, ке­лушілердің көрмеде болу уақыты орташа есеппен алғанда 7 сағатты құрайды. Әсіресе, кептеліс кезінде көліктердің дені көрме жанындағы тұраққа қойылады деп болжануда. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кіреберістер­дің дәл жанынан тұрақ орындары алдын ала белгіленеді. Олардың саны жалпы орындардың 0,5-1 пайызын құрамақ.

VIP-меймандарға – жерасты паркингі
VIP-меймандарға арналған кіреберісте және ұйымдастырушылар кеңсесі жанында шамамен 16 800 шаршы метр жерасты тұрағы болады. Айта кетейік, Конгресс-орталықта VIP-қабылдаулар, баспасөз мәслихаттары өткізіледі әрі ұйымдастырушылардың кеңсесі орналасқан. Тұрақ 480 орынға лайықталғандықтан, VIP-меймандарға, БАҚ өкілдеріне және компания қызметкерлері үшін жеткілікті болмақ. Көрме өтетін үш ай ішінде шамамен 61000 VIP-мейманды қабылдау үшін 500 көлікке арналған тұрақ қажет. Бұл барлық күтілетін келушілердің 1,2 пайызын құрамақ.

Қалашық қызметкерлері жаяу жүреді
Қарбалас күндері жүргізушілер көліктерін жақын маңдағы аудандарға қоюы әбден мүмкін. Бұл жағдайда ЭКСПО-2017 аумағы айналасындағы тұрғылықты орамдар 2 000 көлікке дейін қабылдай алады. Көрме өтетін уақыт аралығында барлық қатысушылардың кемінде 1 пайызы іргелес көлік қою орындарын пайдалануға мүмкіндіктері бар.Ең ауқымды жоба – кеңсе қызметкерлеріне арналған тұрақтар. Олардың саны – үшеу. Ұйымдастыру­шылар қатарындағы 5 675 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Орындардың тең жартысы ауысым өзгерген кезде бос болуы қажет. Сондықтан тұраққа ұсынылатын орындар ша­мамен кеңсе қызметкерлерінің 42 па­йызын қамтамасыз етеді. Ал ЭКСПО-қалашықта тұратын азаматтар, яғни көрмеге қатысушылар жаяу қатынайды деп болжануда. Басқа қызметкерлер қоғамдық көліктің мүмкіндігін пайдаланғаны дұрыс. Құқық қорғау органдарының 200 қызметкері патруль көліктерін нақты қажеттіліктерге қарай тұраққа қоятын болады.

car_park_1_2

Жол белгілері жөн сілтейді
Автотұрақ саласының мамандарының пікірінше, жеке көліктер ағыны көрмеге жету жолында азаматтарға ешқандай кедергі келтірмейді. Жолаушылар жеке көліктердің қозғалысы мен қоғамдық көлік бағдарларын ажырата білу керек. Ол үшін жол бағыт­тарын тәптіштеп түсіндіретін белгілер орнатылады. Бір деңгейлі жол қиылыстарында солға бұрылуды барынша азайту жоспарланған. Мәселен, оңтүстік бағыттағы қозғалыс үшін Қабанбай батыр даңғылы және солтүстіктен келетін көліктерге Орынбор көшесі көрме кешенінің көлік тұрақтарына апаратын негізгі кіреберіс жол болып саналады. Негізгі күре жолдар кіру және шығу үшін оң жақтағы бұрылыс­тармен Тұрар Рысқұлов көшесі арқылы көрмеге апаратын соңғы кіреберіс жолмен жалғасады. Көлік ағынын азайту мақсатында Тұрар Рысқұлов көшесін уақытша жабу мәселесі әзірге пысық­талу үстінде.

220 автобус қатынайды

era_5898

Жолаушыларға қыз­мет көрсетуде қолданыстағы 8 немесе 20 орынды шағын ав­тобус­тардың орны бөлек. Оларға солтүстік кіреберіс маңынан арнайы аумақ бөлініп отыр. 4000 шаршы метрге жететін орын 40 шағын автобусты орналастыруға ың­ғайлы. Шамамен 2 600 жолау­шыны жеткізетін 220 шағын автобус көрме аумағында тасымалмен айналысады. Такси қызметінің үлесі мардымсыз болса да, тасымал жүйесінің 2,0 пайызын қамтамасыз етеді. Көліктің бұл түрін барынша ыңғайлы ету үшін такси қызметіне арналған ерекше аумақ көрме кешенінің оңтүстік-шығыс кіреберісіне жақын жерде орналасады. Жолаушыларды түсіруге 10 орын, мінгізуге 30 орын қарастырылған. Сонымен қатар, мамандандырылған 100 орын 1700 жолау­шыға қолайлы түрде қызмет етуге мүмкіндік береді. Бұл сан көрме кешенінің аумағына бір күнде келіп-кететін 1100 такси қызметіне тең.

ГүлмираАЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − four =