Көрмекке жақсы көрмелер

0 124

10-17 тамыз аралығында елордада ерекше көрме апталығы өтті. «Tribute album» деп жалпы атпен аталған шарада астаналық өнер әлемінің өкілдері өз шеберханаларының есігін ашып, төрін көрсетті.

Төрін көрсетті дейтіндей бар. Мұндай формалды емес кездесулер көбіне өз пәтерлерінде өтеді. Шетелдерде «apartment exhibitions» деп аталатын көрменің бұл түрінде суретшінің өз үйі көрме залына айналады. Оны Астанада алғаш рет ұйым­дастыр­ған өнертанушы Айгүл Ибраева елордалықтардың биік өнерге деген талғамын сы­намаққа ниет етіпті. «Астана­лықтарды үлкен өнерді бағаламайды, жалпы елде болып жатқан түрлі мәдени шаралардың көптігіне қарамастан белсенділігі төмен. Тек шенеуіктер қаласы» деп жосықсыз жазғырып жатады. Бұның бәрі – ұшқары айтылған нәрсе. Шын мәнінде, қала тұрғындарын өнердің әрбір бағытынан жан-жақты хабардар, шын өнер­ді бағалай алатын нағыз ашық жандар дер едім. Бір апта бойында өткізілген суретшілермен кездесулерде осыған көзім жетті.

Өнертанушы ретінде елордалық суретшілердің шеберханасында болып, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, оларды ойландырып жүрген маңызды сұрақтарды естігім келді. Осы алаңды зерттей келе, тереңінен зерделеп, осылар туралы жазғым келеді» дейді өнертанушы.

Швед және «717 стрит-арт»
Мені Евгений Шведтің өнері таңғалдырды деу­ге болады. Қаладағы үй­лер­дің іргетасын немесе биік қақпалардың түрлі-түсті бояулы сурет­теріне қарап, еріккен жеткін­шектердің ермегі деп ойлаушы едім. Сөйтсем, оның басында «717 стрит-арт» сурет­ші­лер тобы тұр екен. Расында бұл сурет­шілер үшін түн жамылып, үйлердің бос қабырғаларын өрнектеп, қалтарыстарда қолтаңбасын қалдыруды нағыз өнердің өзі деп қабылдайды. Тіпті, осындай түнде жортқандар үшін дүкен ашып та үлгеріпті. Мұнда тек қана бояу-спрейлер, көшені көркемдейтін қаламдар сатылады. Осы шара аясында қолөнері­мен айналысатын жастар, киім тігіп, әшекейлік бұйымдар жасайтындар да өз өнерін көрсетуге мүмкіндік алды.

«Шәй-пай» ішіп қайталық
«Шәй-пай», «Қызыл-Кадмий» – арт-тобының көрмесі. Сығанақ көшесіндегі «7 Бөшке» деп аталатын үйлердің бірінің төменгі қабатында орналасқан жайда жиналғандар өмір туралы сөз қозғады. Қазіргі күнгі адамдардың бір-біріне уақыт бөліп, тіп­ті көршісінің де есігін қақпайтынын айтып, әлеуметтік мә­се­­лені көтерді. Адамдардың жақындастыратын биік өнердің рөліне тоқталды. Мұнда Әйгерім Мажитханқызы (куратор, видео-арт), Әлия Канибекова (фотография, киізді көркемдеуші), Наталья Лигай (живопись), Гүлмарал Татибаева (живопись, инсталяция), Бейбіт Әсемқұл (фотография), Жеңіс Молдабеков (живопись) қонақтарға дастархан жайып, шәй береді.

Өнер апталығы шебер мен қарпайым адамдардың арасындағы шекараны жойып жіберіп, суретшілер халық­тың үніне ден қойды. Көрермендер шебердің құпиясымен танысты. Ортақ адамзатқа тән құндылықтарды насихаттау арқылы екі жақта ұтыс­пен шықты деуге әбден болады.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − seven =