Көрме төрге шыққан кез

0 178

Төрткүл дүниеге төр көрсеткен 2017 жылдың 90 күні «ЭКС­­ПО күндері» болып есімізде қалды. Айшықты үш ай­­да 5,4 миллионға жуық адам көрмені тамашалады. Алдын ала жобалағандай, 100 мемлекет және 10 халықаралық ұйым емес, 15 мемлекетке артық келіп, 22 халықаралық ұйым қатысты. Әлемдік деңгейдегі шара еліміздің де өміріне серпіліс бер­ді. Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 мил­лиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және ­қыз­­­мет көрсетуге тап­сырыс алды. Туристік сектор жандана түс­­ті. Туроператорлардың қыз­метіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілері­­нің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету са­­ла­сы­нан түскен салық 1,2 есе өсті. Осылайша, Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды.

Қазақстанның негізгі ірі жоба­ларының бірі «ЭКСПО-2017» халықаралық ма­ман­дан­ды­рылған көрмесін Астанада өткізу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл әрі игілікті бастамасы болды.
2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталеске ресми түрде Қазақстан Республикасының өтінімі тап­сырылды. Бір жыл өткен соң Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-інші оты­рысында Астананың рес­ми таныстырылымы болып өтті. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Прези­дентінің арнайы бейне­үндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астана жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табыс­ты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына кепілдік берді. 2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын да­уыс беру барысында Астана жеңіске жетіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын ретінде таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. Қазақстан «ЭКСПО-2017» ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында бірінші болып өткізіп, тарихқа енді.
– Астанадағы ЭКСПО халық­аралық көрмесі – жаһан­дық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі. Біз «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсына отырып, ғылыми прогрестің бел ортасында болуды қалаймыз. Бұл – әлемнің біздің еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы табыстары мен қол жеткізген биіктерін мойындағандығының белгісі. Сондықтан ол – жалпы еліміз­дің жарқын табысы. Бұл – жалғыз Астананың емес, жалпы Қазақстанның жеңісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі еліміздің беделін әлемдік аренада бекіткені сөзсіз. Тәуелсіз елімізге деген сенім деңгейін биіктетіп, мемлекеттік ашық­тығы мен алға ұмтылған асыл мұратын айшықтады.
Көрме ашылған күні елордада бас қосқан Шанхай ынты­мақтастық ұйымы самми­тіне қатысушылары қонақтардың алғашқы легін бастады. Ал көрме шымылдығын жапқан күні Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология­лар жөніндегі саммитімен тұстас келді. Осы нысаналы екі саммит арасында Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті, спорт саңлақтары көкпар тартып, қазақ палуандары кү­рес шаршысына күш сынас­ты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттердің үндес­кен орнына айналған көрмеде өнер жұлдыздарына тәнті болдық. Көрменің 90 күнінде күн сайын концерттер, шоу, ұлттық күндер және өзге де ойын-сауық іс-шаралары өтті. Алыс-жақын елдерден келген әртүрлі ғылым саласындағы түрлі семинарлар мен шебер­­лік сабақтары кездесулер көрме күн­­дерін мәнді етті. Астана эко­номикалық форумы, Шетел инвесторларының кеңесі бизнес көрігін қыздырды.
«Этноауыл» бой көтеріп, қазақ­­тың қолөнершілері туындыларын қонақтарға ұсынды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткен уақытта «Бәй­терек» монументіне 287 мың адам келіп, құстың ұшар биі­гінде тұрып қала көркін тамашалады.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =