КӨРМЕ ҚАЛАҒА ҚАРҚЫН ҚОСТЫ

0 97

«Астана» концерт залында қала әкімі Әсет Исекешев «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуіне және ұйымдас­тыруына үлес қосқан үздік қызметкерлерді салтанатты түрде марапаттады.

Астана әкімі қала тұрғындарына көрме идеясын жүзеге асыруға көмек көрсеткені үшін алғыс білдіре отырып, елорданың бәрімізге ортақ жетістіктерімен бөлісті.

– Кеше ғана «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өз жұмысын аяқтады. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең маңызды әрі табысты өткен стратегиялық жоба. «ЭКСПО-2017» көрмесі ел экономикасының серпілуіне, туристік саланың дамуына көмектескен және еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтерген бірден-бір жоба. Елордамыз «ЭКСПО-2017» көрмесі арқасында көркейіп, жоғары қарқында дамып келеді.
Бүгінде көрме нәтижелерін қорытындылай отырып, үш ай бойы өз жұмыс­тарын жоғары деңгейде атқарған барлық қызметкерлерге алғыс білдіргім келеді.
Әрине, көрме қарсаңында үлкен дайындық жүргізілді. Әкімдікке қарасты арнайы штаб құрылып, онда 7 негізгі бағыт бойынша жұмыс атқарылды.

Біріншісі, құрылыс нысандарының, көлік және инженерлік инфрақұрылымның уақытылы берілуін қамтамасыз еттік. Нақтырақ айтсақ, жаңа теміржол вокзалы, әуежайдың жаңа ғимараты мен қонақүйлер бой көтерді. Электр желілері мен екі шағын станция, кәріз жүйесі салынды. Талдыкөл сарқынды су жинақтаушысы жойылды, жол жөнделді, «Бәйтерек» монументі күрделі жөндеуден өтті.

Екіншісі, қонақтарды қарсы алуға барлық жағдай жасалды. Ол үшін кәсіпорындар арнайы даярлықтан өтіп, қаланы мерекеге сай безендіре алдық. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін спорттық және мәдени шаралар көптеп ұйымдастырылды. Үшіншісі, елорданың барлық нысандарында қауіпсіздік қамтамасыз етілді, тәртіп орнатылды. Төртінші, қоғамдық көлік қозғалысы тиісті деңгейде ұйымдастырылып, реттеліп отырды. Shuttle bus іске қосылып, Astana taxi бірыңғай такси жүйесі жұмыс істеді. Жолшыбай тұрақтар пайда болды, қоғамдық көліктер паркі жаңарды. Бесінші, қала тұрғындары мен қонақтары тамақ өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз етілді. Алтыншы, қонақүйлерде медбекеттер ашылып, жедел жәрдем қызметі жақсарды, жалпы алғанда 14 медициналық мекемеде науқастарды қабылдау ұйымдастырылды. Жетінші, аймақтан келген делегацияның, әсіресе, мектеп оқушыларының қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, елордада орналасуына жайлы жағдай жасалды, – деді Ә.Өрентайұлы.

ЭКСПО көрмесі әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді. Мұнда балама энергия көзі саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалықтар таныстырылды.

ЭКСПО көрмесін өткізуіміз еліміздің «жасыл» технологиялар идеясын дамытуға мүдделі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі қарыштап дамып келе жатқан және қауіпсіз мемлекет ретінде өз мәртебесін бекітті.

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуынан бері елордаға 5,4 млн адам келіп кетті. Оның 2,5 млн-нан астамы көрмені тамашалады. 10 маусымнан 4 қыркүйекке дейін көрмені көруге өңірлерден 77 074 оқушы келді.

ШЫҰ мен ТМД мемлекеттері арасында өткізілген рейтингке сәйкес, елорда үздік 5 астана қатарына қосылды.Қалада 44,4 шақырым жол жөнделіп, 11 көше пайда болды. ЭКСПО қалашығында жылу және энергияны қамтамасыз ету үшін 50,2 шақырым жылу жүйесі, 25 585 шақырым электр жүйесі және 3 электр энергиясын қамтамасыз ететін нысан салынды. Қала әкімдігі халықаралық және республикалық 647 мәдени және 28 спорттық шара ұйымдастырды. Елордада 47 жаңа мейрамхана ашылды. Қауіпсіздік мақсатында 2178 бейнебақылау камералары орнатылды.

Нәтижесінде елордада қылмыс саны 18 пайызға азайды. Бюджет қаржысы тек қана қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлерден түскен салық есебінен 170 млн теңгеге толықты. Кеш барысында Әсет Исекешев үздік қызметкерлерді марапаттаумен қатар, көрмеде ерікті болып жұмыс істеген 20 студентке жоғары оқу орнының білім грантын табыстады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 11 =