Көрме кешені мен символы қандай болады?

0 99

Дүниежүзінің елу сәулетшісі ЕХРО–2017 көрме кешені мен символына өз нобайларын ұсынды. Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Көрме» орталығына қойылған халықаралық мамандандырылған көрме кешеніне үміткер жобалардың эскиз-идеяларымен танысты. Ал, елорда тұрғындары сәні мен салтанаты келіскен небір сәулет жобаларын бүгін және ертең тамашалай алады.

ЕХРО–2017 көрме кешенінің ең үздік эскиз – идеясы, соның ішінде ЕХРО–2017 нысанының символы болатын Халықаралық сәулет байқауы 18 шілде күні аяқталған еді. Жүзге жуық өтінім түскен бәйгеде Австрия, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Канада, Қытай, АҚШ, Жапония, Франция және тағы басқа елдің мамандары бақ сынады. Олардың ішінде елорданың сәулет өнеріне де ерекше қолтаңбасын қалдырған «Қазақстан» концерттік залы идеясының авторы Манфредо Николетти, Оқушылар сара­йын жобалаған Санкт-Петербург қаласының «Студия-44» сәулет шеберханасы және «Хан Шатыр» сауда ойын -сауық орталығының бас мердігері Түркияның «Сембол» құрылыс компаниясы бар.

«Көрме» орталығына қойылған жобаның барлығы қайталанбас сәулетімен ерекшеленеді. Қай-қайсысы болмасын «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ашуды мақсат еткен. ЕХРО қалашығының аумағы 173 гектар дейтін болсақ, оның 25 гектарына үздік көрме кешені орналасады.

Байқауға қатысушы жобаларды арнайы техникалық кеңестің құрамы саралады. Кеңес жетекшісі – АҚШ-тың экономикалық үрдістерді зерттеу қорының президенті, экономист Джереми Рифкин. Техникалық кеңес құрамындағы еліміздің құрметті сәулетшісі Сағындық Жанболатов алдағы бір айдың ішінде жоба таңдалып, бекітілгеннен кейін көрме кешенінің құрылысы басталатынын айтты. «Он үш адамнан жасақталған кеңес құрамында шетелдік әріптестеріміз де болды. Эйке Вебер, Марсель Волькертс, Нуно Делгадо, Томас Кервин және отандық сәулетшілердің қатысуымен конкурсқа келіп түскен жобаларды шынайы бағалауға тырыстық. Жалпы жұмыстардың деңгейін өте жоғары бағалаймын. Дегенмен, әлсіз эскиздер де түсіп жатты. Ең үздік «ондыққа» неғұрлым энергоүнемді жобаларды таңдап алдық. Өйткені, кешен көрме тақырыбына сай, әрі конкурстың барлық талаптарына жауап беру керек» дейді С.Жанболатов. Яғни, нысанның сыртқы көрінісінің сұлулығы ғана емес, электр қуатының сақталуы, үнемділігі сияқты инженерлік-техникалық жұмыстардың артықшылығына мән беру көзделуде.

Байқауда еліміздің сәулетшілерінен Қазақстанның қаласалушылар одағы, «KAZGOR» жобалау академиясы, Қазақстан дизайнерлері одағының мүшесі Тимур Сүлейменов, Қазақстан сәулетшілер одағының сәулетшісі Сәкен Нарыновтың шеберханасы және тағы басқалары бақ сынауда.

Техникалық кеңестің танымал сәулетшілері және орнықты даму мен энергияны үнемдеу саласының білікті мамандары ең үздік деп тапқан эскиз-идея авторына 150 мың АҚШ долларын құрайтын жүлде қоры беріледі. Байқау қорытындысы қыркүйек айында шығарылады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

УЫЗ ЛЕБІЗ

Әлішер ПІРМЕТОВ,
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы»
АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Көрме кешендерін жобалауға әлемдік деңгейдегі үздік сәулет шеберлерлері қызығушылық танытты. Олардың ішінде 2015 жылы Миланда өтетін EXPO көрмесі жобасының авторы Стефано Боери, 2020 жылы Сан-Паулода өтетін EXPO -2020 жобасының авторы GMP International SP сәулет компаниясы, 2008 жылғы өткен көрмеде Сарагоса көпірінің жобасын жасаған Заха Хадид және тағы басқалары бар. EXPO өткізуші әрбір ел өзіндік символымен ерекшеленеді. Астанада өтетін көрмеде болашақтың энергиясы болатын символды қарастырудамыз.

Қанағат ТІЛЕМІСОВ,
Құрметті құрылысшы, «Астана ЭКСПО-2017»
ҰК» АҚ басқарма төрағасының құрылыс жөніндегі кеңесшісі:
– Баламалы энергия көздерін дамыту бүгінгі күннің басты талабына айналды. Осы төңіректе байқауға қатысуға ниет білдірген сәулетшілер мен құрылысшылардың еңбегін құптаймын.
Сәулет өнерінде тұрақтылық деген болады. Яғни, өрлеу жолына түскен қаланың тұрақты бейнесін сақтай білу керек. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, өзінің әділдігін паш ететін үздік жоба кешені уақыт өткен сайын ерекшелігін жоғалтпауы тиіс деп ойлаймын.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × four =