КӨРМЕ – ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ

0 144

Тоқсан күн бойы күллі әлемнің назарында болып, еліміздің еңсесін тіктеген жаһандық шара – «Астана-2017» ЭКСПО да аяқталды. Халықаралық көрме Қазақстанға, соның ішінде Астана қаласына қандай леп әкелді, жаңалығы не, пайдасы, сабағы қандай? Кеше және бұрнағы күні «Qazaqstan» және «Хабар» телеарналары Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВПЕН арнайы сұхбат жүргізіп, осы сауалдарға жауап сұрастырған еді. Біз сол әңгімелер желісін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Кез келген ЭКСПО-ның басты көрсеткіші ол ұсын­ған ғылыми жетістіктер арқылы бағаланады. Ал Астана халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде осындай 153 жаңалық ұсынылды. Олардың бірқатары биылдан бастап-ақ Қазақстандағы ғылым мен өндіріс орындарында жүзеге асырыла бастайтын болады.
– Әсет Өрентайұлы! Кеше ғана елімізді дүр сілкіндіріп, мемлекетімізді мұхит асырып таныстырған үздік жоба – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін абыроймен аяқтадық. Сіздің ойыңызша, көрме бізге не берді?

– Өздеріңізге мәлім, өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-ның біздің еліміз үшін үлкен табыспен аяқталғанын атап өтті. Расымен де, бұл көрме ұзақтығы мен келген қонақтар саны бойынша Қазақстандағы ең ауқымды, ең күрделі жоба деуге болады.
Болашақ энергиясына арналған көрмеде барлық мемлекеттер өздерінің озық технологияларын көрсетті.
Бұл – барлық аймақтардан келген біздің жастарға, ғалымдар мен инженерлерге өте пайдалы алаң болды. Жалпы ЭКСПО біздің дүниетанымымызды өзгертіп, сана-сезімімізге жаңа серпін берді. Бұл – болашаққа бағытталған жоба.
Менің ойымша, аталмыш көрменің Қазақстанға берері әлі де алда. Сондықтан ЭКСПО-ға Елбасымыздың стратегиялық мәні бар
жобасы ретінде қарауымыз қажет.
Әрине, Астана үшін, ел үшін бұл шара үлкен сынақ болды. Өзіңіз білесіз, үш ай ішінде көрмеге төрт миллион адам келді. Халық­аралық деңгейдегі көптеген саммиттер, форумдар, конференциялар, мәдени және спорттық іс-шаралар өтті.
Әйтеуір, бәрін аман-есен жақсы өткіздік. Көрмеде де, қалада да ешбір төтенше жағдай болған жоқ.
Сондай-ақ, ЭКСПО-ның арқасында елордамыздағы қызмет көрсету саласы,
инфрақұрылым жаңа деңгейге көтерілді. Қаламыз үшін бұл өте маңызды сабақ, тәжірибе.

– Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Қалада не өзгерді, жалпы көрме Астанаға қандай әсерлі нәтиже берді? Нақты көрсеткіштер мен деректерге тоқталсаңыз…
– Біріншіден, көрмені салуға шамамен бір мың төрт жүз отандық компания, мыңдаған адам қатысты.
ЭКСПО-ның арқасында Астанадағы шағын және орта бизнестің саны он пайызға өсті.
Екі жылда – 2016-2017 жылдары 2 триллион теңге салық жинауымыз керек. Бұл – ақшамыз өз елімізде қалды деген сөз. Оған қоса, өздеріңіз көріп отырғандай, ЭКСПО айналасында жаңа нысандар бой көтерді. Оларды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек болды. Ол салынды!
Оған қоса, жаңа теміржол вокзалы, әуежайдың жаңа ғимараты, алпыс шақты мейрамхана мен дәмхана, отыз алты жаңа қонақүйлер және басқа да көп нысандар ашылды.
Электр желілері мен екі шағын станция салынды. 11 жаңа көшелерде жолдар жасалды, «Бәйтерек» монументі күрделі жөндеуден өтті.
Екіншіден, қазір елімізде экономиканы әртараптандыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа жетудің бір қадамы – елге инвесторлар мен туристерді тарту. Осы тұста, ЭКСПО көрмесі айтарлықтай үлес қосты.
Бізге 185 мемлекеттен өкілдер келіп, еліміз туралы алты мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралы хабар таратты. Олардың ішінде BBC, CNN, New York Times, ССTV, National geographic, Rai, AGI, La Republica, TASS, Anadolu бар.
Көрме әлемдегі туристерді тартуға жақсы мүмкіндік берді. Қонақтарды қарсы алуға барлық жағдай жасалды. Ол үшін кәсіпорындар арнайы дайындықтан өтіп, қаланы мерекеге сай безендірдік.
Үшіншіден, елорданың барлық нысандарында қауіпсіздік қамтамасыз етілді, тәртіп орнатылды. Қоғамдық көлік қозғалысы тиісті деңгейде ұйымдастырылып, реттеліп отырды.
Shuttle bus іске қосылып, Astana taxi бірыңғай такси жүйесі жұмыс істеді. Қосымша автотұрақтар пайда болды, қоғамдық көліктер паркі жаңарды.
Қонақүйлерде медициналық бекеттер ашылып, жедел жәрдем қызметі жақсарды.
Жалпы алғанда он төрт медициналық мекемеде науқастарды қабылдау ұйымдастырылды.
Аймақтан келген делегациялардың, әсіресе, мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлдік. Олардың орналасуына барлық жағдай жасадық.

– Осыншама жұмысты бір жүйеге келтіру үшін қаншама қызметкер күндіз-түні еңбек еткен болар?
– Әрине, сауда орындары мен мейрамхана, қонақүйлерден басқа, қаламызда полиция, дәрігерлер, волонтерлер, коммуналдық қызметкерлер күні-түні жұмыс істеді. Тек қаланың ішінде бес мың адам жұмысқа тартылды. Соның арқасында, мысалы, қаламызда қылмыс саны 30 пайызға төмендеп, тәртіп бұзу азайды. Осы ЭКСПО-да жастардың рөлі маңызды болды. Көрме барысында 6000 волонтер көмектесті. Оның 4500-і ЭКСПО аумағында жүрсе, қалған 1500 қыз-жігіт қала ішінде жұмыс істеді. Олар біздің айнамыз болды. Келген қонақтарға керекті ақпарат беріп, жол көрсетіп жүрді. Сондықтан барлық волонтерлерге шын жүректен алғыс айтқым келеді.

– Астанада жүзеге асыруға болатын, пайдасы
тиетін нақты технология­лық шешімдерді таптыңыздар ма?
– Бұл ең маңызды мәселе деп ойлаймын. Елбасы ЭКСПО-ның пайдасы туралы жақсы айтты. Көрме барысында алған білімді, жаңа технологияларды өз жұмысымызда барынша пайдалануды тапсырған болатын. Бұл іске асып жатқан мемлекеттік саясаттың мақсаттарына сәйкес келеді.
Біріншіден, жасыл энергетика, жасыл экономика – баршаға мәлім тренд. Яғни, энергия үнемдеуші технологияларға, таза отын түріне негізделген экономика.
Бұл – көрменің негізгі тақырыбы.
ЭКСПО-да біз дамудың ресурс үнемдеуші және экологиялық модельге көшу механизмдерімен таныстық. Бұл – қала үшін басты нәтижелердің бірі. Осы тәжірибені енгізу мәселесімен айналыса бастадық. Басқа елдердің технологияларын зерттеу үшін көптеген кездесулер өткіздік. Өйткені бұл экология мен қаланың тұрақты дамуы үшін өте қажет. Оған көшу үшін жылу, су және электр энергетикасының мүлдем жаңа стандарттары мен нормативтерін дайындау қажет. Нәтижесінде, бұл су және энергия үнемдеуші технологияларды қолдануға, газ және баламалы энергия көздеріне ауысуға әкеледі. Өнеркәсіпте де, құрылыста да, көлік саласында да, ғимараттарды басқаруда да жаңа технологиялар енгізіледі деген сөз.
Бұл оңай жол емес. Ол үшін жаңа шешімдер, жаңа механизмдер қажет. Сондықтан біз барлық технологияларды түгел қарастырып, қалалық мекемелерден 300 инженерден тұратын топ құрдық. Тестілеуден 116 технологияны өткізіп, қалаға енгізуге болатын 30 технологияны таңдап алдық. Нақты жобалар қазір жүзеге асуда. Мысалы, диммирленген шамдарды пайдалану жоспарланып отыр. Сонда біз электр энергиясының 60 пайызын үнемдейміз. Ал қазір біз жылына көше жарығына 1 миллиард 700 миллион теңге жұмсаймыз.
Екіншіден – жылу ағынын басқару. Жаңа технологиялардың арқасында қаладағы барлық бюджеттік ұйымдар жиырма пайызға дейін жы­луды үнемдейтін болады. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Үшіншіден – біз жаңартылған энергия көздеріне негізделген 42 жобаны іске асырдық. Олардың ішінде – бағдаршамдар, күн және жел энергиясының негізінде жанатын шамдар бар.
Төртіншіден – біз құры­лыс­та энергияның балама көздері мен электр энергиясын, жылу мен суды қырық пайызға үнемдеуге мүмкіндік беретін құрылыстың жаңа принциптерін пайдаланбақшымыз. Және жаңа құрылыс принципі электр энергиясын, жылу мен суды қырық пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бесіншіден, біз қаланың жылу энергиясын оңтайландыруға мүмкіндік беретін смарт-технологияларды – заттар интернеті, үлкен деректер, нейронды желі сияқты технологияларды енгізіп жатырмыз.
Ең бастысы, ЭКСПО біздегі өндіріс, су, жылыту, электр энергиясымен қамтамасыз ету қызметтері үшін жаңа білім нәрі болды.
Менің бұлай айтып отыр­ғаным, Астананы тиімді, жоғары технологиялық қалаға айналдыру ісінде бәрі­мізде жаңа көзқарас пайда болды. Осы тұрғыдан алғанда, ЭКСПО-ның елордамыз үшін көп пайдасы тиді.

– Биылғы жылы қалада өзгеше атмосфера қалыптасты. Өзіңіз айтып өткендей, көптеген шетелдіктер келді, көптеген іс-шаралар өтті. Туристер ағыны да бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Жалпы Астананың болашағы туралы не айтасыз? Өйткені қазір миграция қарқын алды, көптеген адамдар келіп жатыр.
– Шынында да, қазір урбанизация процесі қарқын алды. Бұл – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан құбылыс.
Сондықтан да Елбасы мемлекетті модернизациялауды айқындап берді.
Бұл бастама Астана үшін де өте маңызды. Елорданың алдында Еуразия кеңістігінде маңызы зор қалалардың біріне айналу міндеті тұр. Бұл тек саяси ұраншылдық емес, оның экономикалық маңызы өте зор. Неге?
Біріншіден, біз екі миллион тұрғынның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы мастер-жоспар әзірлей бастадық.
Сол арқылы қанша мектеп пен аурухана керек, қандай жолдар салынуы тиіс, қанша қоғамдық көлік қажеттігін алдын ала біліп отырғанымыз жөн.
Екіншіден, әңгіме басында айтып өткендей, Президент тапсыр­масына сәйкес дамудың жаңа экономикалық моделін жасап жатырмыз.
Бұл қаланың экологиясын жақсартуды, тұрғындардың әлеуметтік игіліктерге қолжетімділілігін қамтамасыз етуді, жалпы елордада өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.
Ең бастысы, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылады.
Сондықтан біз басымдық берілетін он секторды анықтадық. Жобаларды іске асыруда негізінен жеке инвестициялар мен МЖӘ-ге сүйенетін боламыз.
Әрине, ол үшін қарапайым жұмысшыдан бастап, жаңа мамандықтар бойынша
кадрлар даярлауға арнал­ған бағдарлама жасауымыз керек.

– Мәселен, мысал ретінде қандай секторды атар едіңіз?
– Мысалы, туризм. Бұл саланың Астана үшін өте қажет, әрі маңызды екенін ЭКСПО көрсетті. Бізде үш жүз мың адам қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Ол – кафе-ресторан, сувенирлер, көліктік қызмет, тағы басқалар. Егер туристер келмесе, бұл салалар дамымайды.
Тағы бір мысал – қаржы секторы. Президент Астананы халықаралық қаржылық хаб ретінде жариялады. Сон­дықтан бұл салаларда да атқарылатын жұмыстар аз емес. Одан басқа, энергия үнемдеу, медициналық, сау­да және логис­тика, білім беру кластерлерін, заманауи өндіріс орындарын ашу да өзекті мәселе.
Астананың маңызы көршілес Қытай мен Ресей және Орталық Азия елдері ішінде артып келеді. Бұл бізге экономиканы, шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Осындай асқақ міндеттерді орындау үшін жаңа бағдарламаларды іске асыра бастадық.
Бізде қазір үш миллиард долларды құрайтын жобалар портфелі жасақталды. Соның ішінде шетелдік
инвесторлардың жобалары да бар.
Сонымен қатар, шағын бизнесті дамыту қарқынды жүріп жатыр. Бизнес өкілдерімен және университеттермен бірге әр сала бойынша арнайы жол картасын әзірлеп жатырмыз.
Сондықтан алдымызда әлі атқарылатын жұмыс көп.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =