«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көркіне көз тоймас Астана

0 316

Астана – Қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Жаңа Астанамыздың құрылысы – жас мемлекетіміздің жасампаздыққа ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған құбылыс.

Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, еліміздің белгісіндей, алтын күндей елтаңбамызды, желбіреген көк байрағымызды көргенде, әуелеген әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ азаматтық сезім билейді. Мұны көру, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?!
Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі – Астана еліміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала, жас қаламыз бүгінде өнер, білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда. Ертеңге қалдырар, ұрпаққа табыстар мирас-мұрамыз да, байлық базарымыз да – елордамыз Астана.
Астана – бүгін өскен қала. Кемел де келісімді ойлардың, ізгі ниет пен игі тілеудің қаласы. Осындай ғажап, өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанамыздың кескін-келбеті Еуропа материгінде орналасқан Париж қаласының дәл өзінде жүргендей сезіндіреді мені. Парижге барғанда ең алдымен Эйфель мұнарасын іздесе, Астанамызға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументіне көш басын бұрады. Осының өзі – әлем төрінен орын алатындай көрініс.
Көшелері де тап-тұйнақтай, қазақ даналарының есімімен аталған. Астанамыздың көрсе көз тартар көрікті, қараса көздің жауын алар жаңа үлгідегі өнеріне негізделген биік-биік ғимараттары қалаға сән беріп, жаңаша бағытта ерекшелендіріп тұрғаны сөзсіз. Тіпті қаламыздың әсем жерлерін аралап, тамсанып кететін шетелдік қонақтар да аз емес. Жер бетіндегі Еуразия құрлығында орналасқан Астана – Еуразия мен Азияны жалғастырушы алтын көпір, қақпаның кілті болса, күллі қазақ халқының жүрегі.
Айналдырған 20 жылдың ішінде адам айтса сенбестей өзгерген ару Астана өзге елдермен терезесі тең, келешегі кемел, болашағы айқын және жұлдызы жарық қалалар қатарына қосылды.
Елорданың өркендеуі – еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше, бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ. Келер ұрпақтың да, жастардың да болашағы бір өзіңде! Ал сенің гүлденуің – солардың қолында. Келешегің жарқын болсын, халқымның ақ ордасы, көркейіп, биіктерден көріне бергейсің!

Аружан ӨКЕШ,
Ақмола облысы Қорғалжын ауданы
Аманкелді орта мектебінің оқушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды